14 жастағы қазақстандық ару Кореяда өткен модельдер байқауында жеңіске жетті

14 жастағы қазақстандық ару Оңтүстік Кореяда өткен модельдер байқауында жеңіске жетті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Снежанна Ли осыдан үш жыл бұрын ата-анасымен бірге Кореяға келген. Әкесі Ақтөбеде танымал аспаз болған. Оны Кореяға жұмысқа шақырған. Артынша жұбайы мен қос қызы көшіп келген.

Үйдің үлкені Снежанна бала күнінен ән айтып, би билейді. Сондықтан да оның жеңіске жетуі заңдылық.

«Үйде, кейін тойларда ән айтып жүрді. Кейін Ақтөбедегі оқушылар сарайына бардық. Негізі дамытушы сабаққа барғанбыз, бірақ ұстазы қызымның талантын байқап, оны дамыту керек деп айтты», – дейді қыздың анасы Гүлнұр Ахметова.

Көп ұлтты Ли отбасы корей, қазақ, орыс тілдерінде сөйлейді. Байқаудың әділ-қазылары қазақстандық қыздың сөйлеу мәнерінің әдемілігін айтқан.
Снежанна сахнаға 91-нөмірде шықты. Қазақстан тәуелсіздігін алған жыл. Дизайнер Динара Қошқарбаеваның қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімін киіп, «Қамажай» биін биледі. Көпшілікті жүріс-тұрысымен, қылығымен баурап алды. Подиумда жүруді оған кезінде модельдер мектебінде оқыған анасы үйреткен.

«Олар қатты таңғалды. Мұндай әдемі көйлекті, сәукелені көріп үйренбеген. «Қамажай» биін тамашалау да қызық болды», – дейді байқау жеңімпазы Снежанна.

Жеңімпаз ретінде Снежаннаға миллион вон (шамамен 800 доллар) табысталды. Ал ең басты жүлде – сериалдар мен жарнамаға түсуге шақырту алды.

Тапқан табысын Снежанна арманын орындауға жұмсамақ. Ол Кореяның беделді университетіне оқуға түсіп, Қазақстан мен Кореяны байланыстыратын кәсіп ашқысы келеді.

Comments (0)
Add Comment