10 жастағы қызды ата-анасы құлдыққа сатып жіберген (ВИДЕО)

Бауыр еті баласын өмір сүрсін деп емес, жыныстық құлдыққа берген.  Қыз ол жерден 9 жылдан кейін әрең дегенде қашып шыққан көрінеді. Бірақ онан кейінгі тағдыры да оңай болмаған. Қазір ол Шымкенттегі арнайы орталықты паналап отыр, деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Нигора Өзбекстанда туған. Оны небәрі он жасында ата-анасы бейтаныс адамдарға бір шабадан ақшаға сата салыпты.

«Әкем нашақор еді, анам ішеді. Оларға ақша керек еді. «Әке» деп жылап едім, бұрылып қарамады да.  Атам мені сатады деген сөзді естігеннен кейін жүрегі ұстап қайтыс болды. Жалғыз жанашырым сол кісі еді. Одан бері туыстарым да іздеген емес», – деді Нигора тілшілерге берген сұхбатында.

Сұрауы жоқ кішкентай қызды сатып алғандар алғашында Сарыағашқа, одан кейін Шымкентке қарай әкелген көрінеді. Айтуынша, туғалы ата-анасынан  еш жылулық көрмеген. Сексуалдық құлдықта бақандай тоғыз жыл өмірі өтіпті.

Ол жерде одан басқа жиырма шақты қыз болды. Оларды қараңғы үйден аттап бастырмаған, көкала қойдай сабап отырған. Жүрек жалғауға тек қара нан мен су берген.

«Аштықтан талай қыз өліп қалды сол жерде. Кейбірін шетелге сатып жіберді. Бізді бір-бірімізбен араластырмайтын. Жыныстық қатынасқа түсуден бастартсақ темірмен, шынжырмен ұрып, басымызға тапанша тақайтын. Қараңғы қапастағы тіршіліктен жанашыр бір азамат шығуға көмектесті», – деді ол.

Басқа барар жері жоқ болғандықтан Нигора екі айдан бері дағдарыс орталығын паналап отыр.  Қолында сәбиі бар. Баланың әкесі  Нигораның аяғы ауыр екенін білген соң тастап кеткен.

Сөйтіп жүргенде жағдайыңды жасаймын дегендерге сеніп, екінші рет те құлдыққа түсіп қала жаздаған. Біреулер оған мал да бақтырған. Ол жерден еріктілердің арқасында құтылған.

«Балалық кезі сексуалдық қатынаста, зорлықта болғаннан кейін бұл көп нәрсені өмірде жоғалтқан. Сол жоғалтқан қасиеттерін қайтадан осы анаға бергіміз келеді. Ол арманы жайлы айта бермейді. Нигора жасы отызға таяғанда алғаш рет қолына қалам алып,әріп танып жатыр. Оның ата-анасы, туысқандары іздестірілуде.  Бірақ ол өзін ақшаға сатып жіберген ет жақындарын көргісі келмейді.Қазақстанда ұлыммен бірге жақсы өмір сүргісі келеді», – деді  «Көмек» орталығының директоры Малика Жүсіпова.

Айта кетсек, бұл орталықта Нигора секілді жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған тағы бес қыз бар.

Comments (0)
Add Comment