10 ауылда пилоттық жоба жүзеге асады

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте халықтың тұрмыстық табысын жақсартуға арналған пилоттық жобаның жүзеге асу барысы талқыланды.

Облыста халықтың табысын арттыру пилоттық жобасының бірінші кезеңінде 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылған. Бұл бағытқа барлығы 9,2 миллиард теңге бөлінген. 2021 жылы қайтарылған несие қаражаты есебінен қосымша үш ауылдық округте жоба жүзеге аса бастады.
Облыстағы 26 072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 6 миллиард 47,5 миллион теңге бөлу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 176 өтінім келіп түскен десек, оның ішінде 408,1 миллион теңге көлеміндегі 82 өтінім қабылданған.
– Пилоттық жобаға қатысуға ниетті тұрғындарға құжаттарын дайындауға көмек көрсету қажет. Ауыл тұрғындары бір жапырақ қағаз үшін күнде облыс орталығына келмеуі қажет. Бұл жұмыстардың барлығын «Тараз» ӘКК қолдауымен ауыл әкімдері ұйымдастыруы тиіс. Әрбір өтініш жеке қарастырылуы керек. Аудан әкімдері осы кезеңде барлық ұйымдастыру мәселелерін алдын ала шешуі тиіс. Жобаны жүзеге асырумен қатар, барлық әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешу маңызды. Жобаның екінші кезеңінің қорытындысы бойынша біз жоғары нәтижеге қол жеткізуіміз қажет, – деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.
Осылайша жемісті жобаның арқасында әлеуметтің әлеуеті артатын күн таяу деп сенеміз.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment