Елімізде Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туристік орталық ретінде насихаттай отырып, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан болатын.

Президент бұлайша айтуына негіз жоқ емес. Себебі қазақтың тарихы әлімсақтан-ақ тұтастану, бірігу кезеңдерін бастан кешірген. Жошы ұлысының құрамында болып, елдіктің тіреуі болған керей, арғын, қыпшақ және т.б. ру-тайпалар қазіргі қазақ арасында әлі күнге бар.

Тарихи деректерді негізге алсақ, Шыңғыс хан қайтыс болар шағында өзіне бағынышты иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берген екен. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан Оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді. Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарады.

Осыдан 750 жыл бұрын ежелгі адамдардың саялы мекені болып, күллі қазақ халқының болашағының іргетасы қаланған Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-нояндары жиналып, ұлы құрылтай өткізіп, ол тарихымызда «Талас құрылтайы» атауымен қалғаны белгілі.

Үгедейдің немересі Қайдудың шақыруымен өткен құрылтайда Жошы ұрпақтары мен Шағатай ұлысының ханзадалары болған еді. Аталмыш үлкен жиында Шыңғыс ханның дәстүрлерін сақтай отырып, көшпелілер мүддесін қорғаған маңызды шешімдер қабылданды. Ал бұлардың ішіндегі ең басты әрі ең маңыздысы, әрбір ұлыс жеке мемлекет болып жарияланды.

Талас құрылтайы шешімімен үш ұлыстың шекарасы айқындалды. Мауереннаһрдың үштен екісін Барақ алды, үштен бірі Қайду мен Мөңке-темірге тиесілі болды. Талас құрылтайының нәтижесінде бір кездері жаһан даланы дүр сілкіндірген Шыңғыс хан құрған Моңғол империясының орнына Жошы, Шағатай және Моғолстан ұлыстары бой көтергендігі белгілі болып отыр.

Қазақ халқының тарихында Алтын Орда орта ғасырларда едәуір жылдар бойы Еуразия халықтарының өмірінде аса маңызды орын алған және тарихи даму үдерісінде ерекше аталатын мемлекеттердің бірегейі десек қателеспейміз. Күллі Орта Азия халықтарының тарихында өзіндік із қалдырған ірі державаның тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси құрылымы туралы мәселелер әлем тарихшыларының ерекше қызығушылығын тудырғанымен де, бүгінгі таңда әлі де болса зерттеуді қажет ететін мәселелері бар екендігін атап көрсетуіміз қажет.

Жамбыл өңірінің өзінде бұл мәселеге қалам тартып, бүге-шүгесін зерттеген ғалымдар некен-саяқ. Жалпы облысымызда Алтын Орда кезеңін зерттеуге үлес қосып жүрген ғалым ретінде Нұртас Абдимомыновтың есімін атап көрсетуімізге болады. 2014 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде автор «Алтын Орданың сыртқы саясатының өзекті мәселелері» тақырыбында өзінің монографиясын жарыққа шығарған болатын. Жасыратыны жоқ, Алтын Орда тарихы бірнеше жылдар бойы зерттеліп жазылғанымен, көптеген мемлекеттердің және түрлі саяси идеологияның әсерінен біржақты қарастырылған болатын. Оның ішінде, әсіресе, ерекше бұрмаланған кеңестік тарихнаманы атап көрсетуіміз қажет. Тарихшы Нұртас Талғатжанұлының деректеріне қарағанда, Жошы ұлысының құрылуы моңғолдардың сырт аймақтарға жасаған жаулаушылық жорықтарының нәтижесінде иемденген ұлан-ғайыр территорияның Шыңғыс хан және оның ұрпақтары қатаң сақтаған әулеттік дәстүріне негізделген ұлыстық жүйеге бөлінуінен басталады. Шыңғыс ханның көзі тірісінде моңғол әскерінің орман халықтарын, ұйғырларды, Қара-қидан мемлекетін, Хорезмді, Солтүстік Қытайды бағындыруы есебінен империяның орасан зор аймаққа кеңеюіне байланысты оны бір орталықтан тікелей басқару Қарақорым әкімшілігі үшін аса тиімсіз еді. Ал бұл уақытта жаңадан ғана бағындырылған жерлерді егер тиімді басқармайтын болса, онда ол аймақтардағы моңғол билігінің уысынан оңай шығатыны да белгілі еді. Сондықтан орасан зор аймақты алып жатқан империяны сақтап қалудың жалғыз жолы – ұлысты жүйеге бөлініс арқылы басқару болған.

Тарихымызға зер салсақ, Алтын Орда атауы ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІV ғасырдың басында алғаш рет Рашид ад-Диннің деректерінде кездеседі екен. Дегенмен кейбір парсы тарихшылары Алтын Орданың негізін қалаушы ретінде Шыңғыс ханды көрсеткен. Орыс зерттеушілерінің бірқатары моңғолдарды бөтеннің жерін күштеп тартып алушы, басқыншыл, жабайы-варварлық негіздегі тайпалар ретінде сипаттап, Алтын Орданы кереғар жағынан танытуға барынша күш салған. Олардың қатарында В.Н.Татищев, М.М.Щербатов, П.И.Рычков, А.Н. Голицын болған еді. Сондықтан да орыс зерттеушілерінің деректеріне толыққанды сеніммен қарауға да болмайды.

Ресей мемлекетінің іргелі ел ретінде қалыптасуына Алтын Орданың тарихын әсте жоққа шығара алмаймыз. Бұл деректі мойындаған тарихшылар да болған еді. Мысалы, тарихшы Н.М.Карамзин пікірінше, моңғол шапқыншылығынан кейінгі Алтын Орда билігі дәуірінде бірнеше князьдыққа бөлінген Русь жерінің өзара алауыздықтары мен талас-тартыстары тоқтатылып, кейіннен князьдардың билігі күшейіп, мемлекеттің негізі қаланғандығын жазған.

Орыс зерттеушілерінің еңбектерінің дені Алтын Орда ХVІ ғасырда ыдырауға ұшыраған соң, Жошы ұлысының бір атауы ретінде қолданыла бастағандығын алға тартып, мемлекеттің тарихи дамуына сәйкес Жошы ұлысы, Қыпшақ хандығы ретінде аталатындығын көрсетіп келген. Дегенмен бұл жерде біршама тарихи шындықтың барын да ескере кетуіміз қажет. 1227 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы, моңғол қолбасшысы Жошы қайтыс болғаннан кейін оның орнына мұрагерлік негізде ұлы Батый таққа отырды. 1235 жылы Моңғол империясының астанасы Қарақорымда болған құрылтайда Батысқа (Еуропаға) шапқыншылық жорық жасау туралы шешім қабылданғандығы бізге тарихымыздан белгілі. Аталмыш жорық 1236 жылы басталған болатын.

Орыс антрополог-ғалымы Л.Т.Яблонский ширек ғасыр бойы Алтын Ордада мекендеген адамдардың бас сүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырлық бұл жұрттың бет-әлпетіне қазіргі халықтардың ішінде бітімі жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасағандығын қайда қоямыз? Демек, қазақ халқы Алтын Орданың заңды мұрагері деп санаймыз.

Сол кездегі Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болған. Қазірге дейін Батый ханның әскерлерінің дені қыпшақтардан құралғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлы дала төсінде, ұлан-ғайыр атырапты алып жақтан территорияның басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын. Сонымен бірге осы мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болғандығын да назардан тыс қалдырмауымыз қажет.

Кейбір деректерде Алтын Орда мемлекеті «Қыпшақ ұлысы» деп те аталып жүр. Қай жағынан алып қарасақ та, кеңестік тарихи идеология көрсетіп кеткендей, Алтын Орданың дені моңғолдар болған емес. Қазақтың соны тарихындағы ХІV ғасырда моңғолдар түгелдей дерлік түркіленген. Сондықтан да болу керек Еуропа тарихында Алтын Орданың халқы «татарлар» деп аталынып кеткен. Заңғар жазушы І.Есенберлиннің еңбегінде, сонымен бірге көптеген тарихшылардың дәлелдеулерінде Алтын Орда Берке ханның тұсында біртұтас Моңғол империясынан бөлек тәуелсіз мемлекет болғандығына көз жеткіземіз. Бұл туралы нақты тарихи фактілер де жетіп-артылады.

Құрылтайдың шешіміне сәйкес Шыңғыс ханның немересі Бату 1236-1242 жж. Батысқа қарай жорыққа (1236-1242) қолбасшылық жасай отырып, Еділ бұлғарлары, Қыпшақтардың батыс бөлігін және Русь князьдығын бағындырып, Шығыс және Орталық Еуропаның бірқатар мемлекеттерін өзіне қаратты.
Алтын Орданың гүлденуімен бірге Мөңке хан өз атынан теңге шығарған. Біздің тарихымыздан белгілі болып отырғанындай, Алтын Орда ХІV ғасырдың І жартысында, яғни Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді. Өзбек ханның тұсында 1312 жылы мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды.
ХІV ғасырдың ІІ жартысынан бастап аталмыш мемлекет тәуелсіз иеліктерге бөліне бастаған екен. 1359-1379 жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең» деген атпен қалып, Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы шайқастар мен жорықтардың әсері болғандығы баршамызға белгілі.

Жалпы Алтын Орданың тарихында бұл жорықтардың қасіреті аса ауыр болды. Алтын Орда жүйелі түрде талқандалып, саяси және экономикалық күш-қуатының әлсіреуімен қатар, державаның ыдырауының алғышартын жасаған еді. Осылайша, ғасырлар бойы Еуразия даласында құрылған күш-қуатты және халықаралық саясатта аса үлкен рөл атқарған Алтын Орда мемлекеті біртіндеп әлсіреп, ықпалынан айырылғанымен, қазақ халқының қалыптасуына негіз қалаған болатын.

Дархан Байдалиев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, п.ғ.к.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған