Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Алтын белгінің» құны қанша?

0 624

Қай мектепке бас сұқсаңыз да, оқу ордасының қабырғасында «Алтын белгі» иегерлерінің аты-жөндері жазылған тақта ілініп тұрады. Бұрын бұл тізім оқушыларға жігер сыйлап, алға ұмтылдыратын. Түлектер сондағы азаматтарға ұқсағысы келіп, үлгі алуға тырысатын. Қазір де дәл осылай ма? Аты алтын болғанымен, заты мен құны соған қаншалықты сай келеді? Талайға арман болған осы бір марапаттың қадірін білмей, құнын түсіріп алған жоқпыз ба? Осы сауалдарға өзімізше жауап іздеп көрген едік. Осы орайда айта кетерлігі, облыс бойынша 490 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Былтыр олардың саны 485 болған.

Талас ауданы, Қаратау орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зеберкүл Шардарбекова «Алтын белгі» бүгінде тек бәсекелестікке жол ашып отыр деп санайды.
– Бұл марапат бұрын оқушының шынайы білімін анықтайтын көрсеткіш еді. Яғни 11 жыл бойы өте жақсы оқыған, мектепті үздік бағамен аяқтағандар ғана иеленетін. Сол арқылы қаншама жасөспірім өзі қалаған жоғары оқу орнына түсіп, тегін оқуға мүмкіндік алды. Ал кейінгі жылдары оқушылар былай тұрсын, тіпті ата-аналардың арасында осы белгіге деген бәсекелестіктің пайда болғаны өтірік емес. Білім ордаларының өз беделдерін осы марапат иегерлерімен байланыстыруы да белең алды. Әрине, біліммен жарысқан жақсы. Бірақ бұл белгілер саудаға түсіп, білім саласының бағын жандырудың орнына сорын қайнатып отыр. Жалған нәрсе түбі жарға жығып тынады. Сол үшін «Алтын белгіні» берер кезде тек шынайылыққа сүйенген дұрыс. Әрі соған қол жеткізген түлектерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Жалпы қоғамның күтіп отырғаны – марапат үшін емес, терең білім үшін оқитын жастар. Себебі олардың елге тигізетін пайдасы зор. Мемлекет те осы жайтты ескеруі керек деп ойлаймын, – дейді ұстаз.
Ал Д.Қонаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Түменбаева болса, оқушының «Алтын белгіге» деген көзқарасын өзгертпейінше бәрі бекер деген пікірде.
– Кейінгі жылдары республика деңгейіндегі «Алтын белгі» алушылар санының күрт өсуі, кейбір облыстарда көрсеткіштің тіпті аспандап кетуі көрініс табуда. Қашанда білімі мықты жастың көш басынан айқын көрінетіні, ал жасандылықтың уақытша жеңіске жететіндігі баршаға мәлім. Сол үшін бұл белгіге ұсынылған оқушы оны тек қорғауды емес, білімді терең меңгеруді көбірек ойлап, алтын уақытын уайымсыз, тыңғылықты дайындыққа арнағаны жөн. Ең бастысы, «алтын алсам болды, кез келген оқу орнының есігі айқара ашық» деген қағидадан арылуы керек, – дейді Сәуле Әбдірахманқызы.

Төсбелгі ақталмаса, директор жазаланады

Ұлттық бірыңғай тестілеуде нашар нәтиже көрсеткен «Алтын белгіге» үміткер оқушы білім алған мектеп басшылығы жұмыстан шығарылуы да мүмкін. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. «Биыл «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру нәтижесіне талдау жасалады. Бұл іске Ұлттық тестілеу орталығы жауапты. Егер үмітті талапкер ҰБТ-дан төмен балл алып, шекті балл жинай алмаса, онда мектеп басшылығын жауапкершілікке тартамыз. Қажет жағдайда жұмыстан шығару әрекетіне дейін барамыз. Соған дайын болыңыздар. Жалпы үміткерлердің ҰБТ-ны тиісті деңгейде тапсыру мен академиялық адалдық принципі біздің бақылауымызда», – деген министр білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына аталған мәселені назарға алуды баса ескертті.
Алайда бұл шешімге өзі де бірнеше білім ордасын басқарған Нұркен Нұрмаханқызы қарсы.
– Әлбетте, мыңдаған баланың ішінде қабілеті зор, өзгелерден ерекшеленіп тұратын оқушылар болады. Сондай түлектерді ынталандыру үшін «Алтын белгі» секілді марапаттар қажет-ақ. Бұл олардың жігерін жаниды, ынтасын оятады. Бірақ олар сыннан сүрінгені үшін директорды жазалау тым артық. Әрине, мектеп басшыларында да қандай да бір жауапкершілік болуы керек. Алайда солай екен деп білім ошағының басшыларына жаза қолдану еш абырой әпермейді әрі бұл мәселенің шешімі бола алмайды, – дейді ардагер ұстаз.
Ал 30 жылдан астам ғұмырын білім саласына арнаған Қарлығаш Бекхожаева бұл мәселеге тек біржақты қарауға болмайтынын айтады.
– 2017 жылға дейін «Алтын белгі» ҰБТ нәтижесіне байланысты министрдің арнайы бұйрығымен тағайындалатын. Кейін неге екенін қайдам, тестілеудің жаңа форматын сылтау қылып, бұл марапатты мектеп ұжымының өзі белгілейтін болды. Бұған басында біраз ұстаздар қарсы шыққан соң сала басшылары «алтын» алған түлектерге ешқандай жеңілдік қарастырылмайтынын айтып, жаңа бұйрық шығарды. Алайда бұл жағдайды өзгерткен жоқ. Министрдің жоғарыдағы шешімі қабылданған соң директорлар «алтынға» өздері би, өздері қожа болып шыға келді. Содан кейін оны шүлен таратқандай үлестіре бастады. ҰБТ нәтижесі ескерілмегесін жағдай бірден өзгеріп сала берді. Мысалы, бұрын мектебімізде «Алтын белгі» ілуде бір берілетін. Тіпті 10 жыл қатарынан төсбелгі берілмеген кездер де болды. Өйткені оған үміткер атанудың өзі жауапкершілік пен өзіне деген сенімді талап ететін. Мектепішілік, аудандық, облыстық тестілеу нәтижесі келгенде бірінші үміткердің тесті сынға алынып, жиналыста талқыға түсетін. Содан да болар, абыройы жоғары марапат-тұғын. Қалай басқаша сипат алды, солай үміткерлер қатары көбейіп кетті. Қазір бір мектептен 5-7-ден «Алтын белгі» алып жатыр. Кей жерлерде тіпті одан көп. Жиналыстардың бірінде «бәріне тарата салсаңдаршы» деп айтқаным да бар. Беделі биік төсбелгінің осылайша құны түскені ойландырады. Әлбетте, не нәрсенің де көп болуы оның бағасын түсіреді, қадірін қашырады.
Кезінде сол бір медальдің өзі мектептің абыройын асқақтатып жіберетін. Ол заманда «медаль» деп атаушы еді ғой. Бала болсақ та есімде, туыс ағамның мектепті «алтынмен» аяқтағаны әулеттің ғана емес, бүкіл сол елдің аузында айтылып жүретіндей оқиғаға айналды. Мектепке енді баратын біздерге ондай жетістікке жету айға қол созғанмен тең еді. Осы орайда бір деректі атап өткім келеді. Мәселен, 2004 пен 2016 жылға дейін «Алтын белгінің» ең жоғары дәлелдеу көрсеткіші 48,3 пайыз болған. 2017 жылы бұл көрсеткіш бірден 96 пайызға көтерілсе, 2018 жылы 98,7 пайызға жетті. Ал соңғы 3 жылда бұл 98-99 пайыздан түсіп көрген емес. Қайбір жылы бір оқу ошағынан 40 «Алтын белгі» иегері шыққанын естігенмін. Меніңше, 40-тан аса дарынды баланың бір мектепте жиналуы өте күмәнді нәрсе. Себебі гуманитарлық пәнді жақсы білетін оқушының дәл сол деңгейде физика мен математиканы меңгеруі – тек жүздің, тіпті мыңның біріне ғана бұйыратын қабілет. Педагогикада қызмет еткен жылдарымда бұған талай мәрте көзім жеткен. Ал бізде қалай? Бір бала қазақ тілі мен әдебиетінен тақылдап тұрса, оны «Алтын белгіге» сүйреу үшін қалған пәндерін де «5»-пен әрлеп қоямыз. Бұл өз кезегінде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге, жасандылыққа апарып соғады. Бірақ мұны кей әріптестерімнің оқушыны көтермелеумен шатастырып жүргеніне қарным ашады. Мұның екінші бір ұшы рейтингке тіреледі. Рас, бүгінде бүкіл сала рейтинг қуып кетті. Керек десеңіз, облыс, аудан әкімдерінің бағасы да сол өңірлердегі «алтынмен апталған» түлектердің санымен өлшенетін жағдайға жеттік. Айталық, бағалау жүйесіне қатысты мектеп бітіруші жастардың математика, басқа да пәндер бойынша сауаттылығына бұрын қойылып келген талаптар өзгерді. Талап өзгерген соң, біздің нақты мүмкіндігіміздің әлеуеті де белгілі болып қалды. Әдетте бізде өткенді сынап-мінеу жағы басымдау. Бірақ дұрысын айтуымыз керек, кеңестік кезеңде сабақ негіздеп оқытылатын. Оқушылардың логикалық ойлау жүйесін дамытуға мән берілетін. Қазір оның ұшқыны да қалмады. Сол себепті «Алтын белгіні» ақтамаған түлектер үшін директордың жазалануын, бір жағынан, қолдаймын. Себебі марапатты үлестіріп отырған – солар. Ендеше, өздері қабылдаған шешім үшін олар да жауапкершілік алып, соған сай болуы керек. Бірақ мұның өзі де аталған мәселенің түйінін тарқатынына сенбеймін. Тек бұрынғыдай «алтынның» тағдырын министрлікке қайтарсақ қана бұл мәселенің оң шешімін таба аламыз, – дейді Қарлығаш Құдайбергенқызы.

«Қалтаның қалыңдығы емес, білімнің шынайылығы…»

Таяуда ҚР Білім және ғылым министрі оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Соған сәйкес «Алтын белгі» төсбелгісін алу талаптары айтарлықтай күшейтілген. Бұл шешім мұғалімдердің 2021 жылғы тамыз кеңесінде қабылданған екен. Яғни келесі жылдан бастап 9-сыныпты аяқтап, арнайы аттестат және 10-11-сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар ғана «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады. Сондай-ақ талапкерлер Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болмақ.
Биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады. Сондай-ақ белгіден бас тарту туралы өтініштер жарамсыз деп саналады. Талаптарға сай келетін үміткерлер белгіленген тәртіпте қорытынды аттестациядан өтеді. Айтпақшы, нормалар келесі жылдан бастап күшіне енгенімен, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша үздік белгісін берудің объективтілігі бағаланады. Осыған байланысты мектеп әкімшілігі, Білім басқармалары мен бөлімдері қорытынды емтихандарының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуі тиіс екен. Әрбір жағдай бойынша ҰБТ нәтижелерінің қорытындыларына талдау да жүргізілмек.
Бұған қатысты «Дарын» мектеп-интернатының мұғалімі, «Үздік педагог» атағының иегері Базарбай Дүйсенбаевтың да айтары бар.
– Шынын айту керек, жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алу мақсатында білім мекемелері небір әділетсіздіктерге барды. Соның кесірінен «Алтын белгі» оқушының ерекше төлқұжаты мен білімінің шынайы куәлігі болудан қалды. Құнының түскені соншалықты, соңғы жылдары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені баршаға аян. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, мемлекеттік бақылаудың қалтарысында қалып кетті. Сол үшін министрдің «Алтын белгі» иегерлерінің ҰБТ-да алған балл ұпайларының көрсеткіштерімен салыстырылады деген шешімін қолдаймын. Енді «Алтын белгі» иегерлері білімін мектепте тапсырылатын емтихандармен бір дәлелдесе, ҰБТ арқылы екінші рет айғақтауға тура келеді. Демек, бұл марапаттың құндылығы қалтаның қалыңдығымен емес, білімнің шынайылығымен, мектептің адалдығымен бағаланады деген сөз, – дейді ол.
Ұлы Абайдың терең ойлы өлеңін:
«Алтынға әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы», – деп өзгертіп айтсақ, бүгінгі жағдайға дәл келетіндей. Бірақ хакім айтқан бұл талас саладағы бақталастыққа ұласып кетпеуі тиіс. Жоғарыда біз сөз еткен талаптар жанарында жалын ойнаған жастардың білім көгінде қыранша еркін самғауына қаншалықты мүмкіндік беретіні келер күннің еншісінде. Бізге керегі – елімізде шынайы білім мен лайықты бағаның салтанат құруы.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.