Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алты Алаштың астаналары

0 5  008

Астана – әр елдің саяси-әкімшілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы саналады. Халқымыз басып өткен жолға зер салсақ, сонау түркілік дәуірдің өзінде елдігінің айғағы болған Суяб, Баласағұн, Тараз, Отырар, Жанкент қалаларының да тарихта маңызы зор. Ендеше, біз Елорда күніне орай Қазақ елінің астаналары болған шаһарларға шолу жасап көрген едік.

Қазақтың «құпия» қаласы

Қозы басы тауының маңында Шу өзенінің жоғары жағында қазақ сұлтандары алғаш салдырған, әрі тарихта құпия қала деген атпен белгілі Шар шаһарын алғашқы астанамыз деп айта аламыз. Осы сәтте «ол неге құпия қала болды?» деген заңды сұрақ туындауы бек мүмкін. Бұл жаңадан керегесін керіп, шаңырағын көтерген Қазақ мемлекетінің сыртқы және ішкі қауіпсіздігі, іргесінің бүтін болуы үшін жасалған қадам еді. Әбілхайыр ханнан бөлініп, Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне ерген халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударған тұста, яғни 1465-1466 жылдары осы қаланы тұғыр етеді. Сол үшін де аталған шаһар Қазақ хандығының алғашқы табан тіреп, толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен саналады. Сондықтан да біз Әулие-ата жерін Қазақ астанасының алғашқы қазығы қағылған жер деп мақтана айтумызға болады.

Созақтан Түркістан бесігіне дейін…

Әбден ірге бекітіп, елдік құрылымға көтерілген соң Керей мен Жәнібек хандар ел астанасын Созақ деп жариялайды. Қаратау мен Мойынқұмның Бетпақ-Даламен шектесетін тұсында іргесі 1465–1469 жылдары қаланған көне Созақ қаласының тарихта алар орны ерекше. Кейін Әбілқайыр ханның өлімінен кейін таққа талас қайта басталғанда астана мәртебесіне айырылады. Бізге жеткен кей деректерде XVI ғасырда Шығай хан билегенде Созақ қаласы Қазақ хандығының астанасы болып қайта аталған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында Созақ деген аудан бар. Оның ортасында ортағасырлық бекіністердің қалдықтары сақталған. Қала аумағындағы «Хан мазарында» Алашқа аты мәлім Әбілқайыр мен Жәнібек хандардың сүйегі жатыр.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасып бір кезде сауда мен қолөнер орталығына айналған Сығанақ қаласы – 1469-1511 жылдары қазақ астанасы болған. Аталмыш қалада XV ғасырдың 80-жылдары қазақ ханы Бұрындық билік жүргізді. Шаһар туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы шығармаларда кездессе, XI ғасырда түркі ғалымы Махмұд Қашқари оны оғыздардың қаласы деп атаған. Қызылорда – Шымкент тас жолын бойында орналасқан шаһарға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, қыш тақталары мен күйдірілген кірпіштердің қалдықтары бар биік емес дөңдер ежелгі сәулеттік құрылыстарды айғақтайтын көне қаланың орнын көре аласыз. Сығанақтан кейін, 1511-1521 жылдары кей деректерде 1523 жылдар аралығында ел астанасы аталған Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан стратегиялық маңызды қала – Сарайшықтың тарихтағы рөлі өзгеше. Қасым хан өз уақытында ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Іргесі XI ғасырда қаланған көне шаһардың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. 1558-1559 жылдары ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон қалаға саяхаттап келеді. Ол өз естеліктерінде шаһардың мәдениеті мен құрылысына, қолөнері мен базарларына таң қалғандығы жөнінде жазған. Қала аумағында 12 әулиенің, 7 ханның сүйегі мен бір ханның басы жерленген. Ал 1521-1599 жылдар аралығында Сығанақ қайтадан қазақ астанасы болып құрылады. Бұл шаһар жалпы алғанда 120 жыл еліміздің бас қаласы аталған.
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың жырына арқау болған Түркінің бесігі – Түркістан да бір жылдары мемлекетіміздің елордасы болған. Мұнда Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке, Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хандардың тұсында ел өміріндегі маңызды оқиғалар орын алып, халқымыздың тағдыры шешілді. 1582 жылы таққа отырған Тәуекелдің тұсында түрленген 2000 жылға жуық тарихы бар Түркістан қазақ хандығына 200 жыл астана болған екен.

Орынбор орнын тауып, Алматы ажарланды

ХVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап халқымыз үшін қиын кезең басталды. Ресейдің қол астына өтіп, егемендігінен айырылған еліміз «генерал-губернаторлық – облыс – округ – болыс – ауыл» болып, бес сатылы әкімшілік басқару жүйесіне көшті.
Кейін 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде Семей қаласын таңдады. Автономиялық үкіметтің төрағасы болып саясаткер, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов сайланады. Алайда алашордалықтардың талап-тілегін Кеңес үкіметі қолдамай, автономия құрамыз деген асыл арман келмеске кетті. Сөйтіп 1920 жылы қазанның 4-де Орынборда Қазақ (Қырғыз) АКСР Кеңестерінің І құрылтайы өтті. Осы жиын Қазақ Автономиясы құрылыпп, орталығы Орынбор қаласы болды деген шешім шығарды. Алайда Орынбор қазақ даласындағы өзге аймақтарға өте шалғай болды. Оның үстіне 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң Сырдария және Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасының құрамына енеді. Сол жылы сәуір айында Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде «Киргиз» деген атау алынып, еліміздің аты «Қазақ АКСР-і» деп өзгертілді. Сондай-ақ сол жылы республика астанасы Ақмешіт қаласына ауысып, шаһар атауын Қызылорда деп атау туралы Қаулы қабылданды. Дәл осы жылы тұңғыш рет қала үшін ғажайып құбылыс болған электр жарығы іске қосылды. Алайда Қызылорданың астана болу тарихы ұзаққа созылмады. Климаты жайсыз, аса құрғақ болғандықтан ел астанасын Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды.

Тәуелсіздік таңы атқан шырайлы шаһар

Қызылордадан астананы әсем Алатаудың бауырына көшіру жоспары ерте қолға алынғанымен Түркісіб темір жолының Алматыға жете қоймауы салдарынан кешігіп жүзеге асты. Осылайша 1929 жылы Алматы қаласы толықтай елорда мәртебесіне ие болды. Шаһардың халқы да тез өсіп, 50 жылдары Үкімет үйі, Ғылым академиясының бас корпусы, Орталық стадион, Абай атындағы опера және балет театры сынды еңселі ғимараттар бірінен кейін бірі бой көтере бастады. 9-12 қабатты көпқабатты үйлер де шаһарға сән берді. 1986 жылғы жалындаған жастарды алаңға бастаған Желтоқсан оқиғасын былай қойғанда, осы шаһарда ел тарихындағы ірілі-ұсақты көптеген жайттар орын алды. Әсіресе, 1991 жылы осы жерде еліміздің Тәуелсіздігі жарияланып, ақ түйенің қарны жарылды. Сондықтан да Алматыны Тәуелсіздікке жол ашқан алып шаһар деуге толық негіз бар.
70 жылдан астам Алты Алашты ұйыстырған Алматы осылайша 1997 жылы елорда мәртебесімен қоштасты. Халық қолдауымен еліміздің астанасы сол жылы Ақмолаға көшірілді.

Келешегі кемел «Бейбітшілік қаласы»

Егемендікті еншілеген 1991 жылдан бастап ел астанасын оңтүстік-шығыстан республиканың орталық бөлігіне көшіру мәселесі күн тәртібіне жиі-жиі шығып тұрды. Әрине, алғашында бұл лайықты жерді табу оңайға соққан жоқ. Республиканың бүкіл аумағы жан-жақты зерделеніп, соңғы таңдау Есілдің жағасына тоқтады. Біраз уақыт тірлігі тұралап қалған Ақмола осылайша елордаға айналып шыға келді. Сөйтіп ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола еліміздің астанасы болып ресми жарияланды. 1998 жылы 6-мамырда шаһар атауы «Астана» деп өзгертіліп, сол жылы халықаралық таныстырылымы өтті. Сол жылы Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болды.
2019 жылы қаланың атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілгені белгілі. Аты ауысса да заты өзгермеген көркем қаланың көркіне көз сүйсінеді. Ел дамуы жолындағы талай игі бастаманың ұйытқысы болған шаһардың келешегі кемел болып, бұдан да жарқырай түсеріне ешкімнің дауы жоқ.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.