Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалтқысыз қызметке құрмет

0 247

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың маусым айында «Biz birgemiz» онлайн-форумына қатысып, індет өршіген қиын-қыстау кезеңде аянбай тер төккен мамандық иелеріне алғыс білдірген болатын. Аталмыш жиында ел басына сын туған шақта Отан алдында қалтқысыз қызмет қылған азаматтарға елорда төрінен арнайы ескерткіш ашу жөнінде бастама көтерген еді. Осы үрдіс Жамбыл облысында жүзеге асып, Тараздың шығыс қақпасы бағытында жаңадан салынып жатқан №14 ықшам ауданның аумағында «Biz birgemiz» атты жаңа монумент ашылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан

Композиция Жер планетасы түрінде жасалған, оның айналасында түрлі мамандық өкілдері – дәрігерлер, полиция қызметкерлері, еріктілер, құтқарушылар, әскери адамдар орнатылған. Олар – коронавирустық пандемиямен күресте алдыңғы шептен табылғандар. Ескерткіштің жоғарғы жағында бейбітшілік пен келісімді бейнелейтін қарлығаштармен қоршалған шаңырақ орналасқан.

– Ашаршылық, соғыс және қуғын-сүргін кезінде ата-бабаларымыз түрлі ұлт өкілдеріне құшақ ашып, қол ұшын созды. Сондағы халықтың бірлігі қиын кезеңдерді өткеруге көмектесті. Биылғы жыл бәріміз үшін ауыр болды. Бұл кезеңде де халқымыз өзінің ең жақсы қасиеттері – бірлік пен ынтымағынан тайған жоқ. Осы ескерткіште көрініс тапқан маман иелерінің күшімен біз жағдайды тұрақтандыра алдық. Бұл, әсіресе, өз денсаулығына төнген қауіпке қарамай, күндіз-түні жұмыс істеген дәрігерлерге қатысты. Өкінішке орай, біз олардың кейбірінен айырылып қалдық. Сондай-ақ мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген еріктілер туралы да айрықша атап өткім келеді. Осындай жастарымыз бар кезде біз ертеңгі күнге сеніммен қарай аламыз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Қиын шақта қысылған халықтың қасынан табылып, өз өмірлерін ел жолында тәуекелге байлаған қалтқысыз қызмет иелеріне жасалған бұл ерекше құрмет белгісі менмұндалап көне шаһардың шығыс іргесінен орын теуіпті.

– Әлемнің дегбірін алған коронавирустық инфекциямен күрес кезінде талай әріптестеріміз қызмет бабы кезінде дертке ұшырап, өмірімен қоштасты. Шын мәнісінде, олардың абыройлы еңбек жолдарына бүгінгі ашылып отырған ескерткіш ерекше құрметтің белгісі деп білемін. Бұл композиция, бір жағынан, қалаға көрік берсе, бір жағынан, адамдардың бойына жауапкершілік сезімін ұялатады. Сол себепті де әрқайсымыз осы дертпен күресте аянып қалмай, мемлекет ұсынған талаптарды жіті орындап, халқымыздың дертпен күрестегі бірлігін нығайта берейік, – деді Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы санаторийінің дәрігері Айман Қабдірахимова.

Салтанаты мен мазмұн-мәні әдемі үйлесім тапқан сәулет нысаны келешекте шаһар меймандарына осы кезеңнің ауыртпашылығынан, қызметкерлердің қайраткерлігінен сыр шертер тағылымды орынға айналмақ. Аймақ басшысының айтуынша, «Biz birgemiz» монументінің орналасқан жерінің таңдалуы тегін емес екен. Жақында оның жанында бірнеше медициналық мекемелер бой көтереді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.