Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қалалық емханада «Даму және ерте араласу» орталығы ашылды

0 226

№5 қалалық емханасында «Даму және ерте араласу» орталығы ашылды. Жаңа орталықтың жұмысы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Ерте араласу» моделіне негізделіп құрылған. Бұл жүйе баланың физикалық, сөйлеу, танымдық және әлеуметтік-эмоционалдық дамуындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға және түзетуге мүмкіндік береді.

Мұнда тәжірибелі мамандар – балалар невропатологы, педиатр, логопед, психолог, дефектолог және әлеуметтік қызметкерлер бірлесе жұмыс істейді. Олар әр баланың жағдайына жеке қарап, отбасымен бірлескен жұмыс арқылы оңалту бағдарламасын жүргізеді.

Жаңа орталық ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, баланың дамуына қатысты кеңес береді. Сонымен қатар мамандар отбасымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, қажетті дағдыларды үйретуге және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған арнайы жаттығулар жүргізеді.

Айта кетейік, мұндай орталықтар еліміз бойынша кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Жамбыл облысындағы бұл бастама ерекше күтімді қажет ететін балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ерте араласу қызметін жаңа деңгейге көтереді.

Сымбат Бейсенова,

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.