Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала тазалығы қатаң бақылауда болады

0 382
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте шаһардағы абаттандыру жұмыстары, бөлімдердің кері байланыс орнату мен әлеуметтік желілердегі белсенділігі қаралды.
Жиында ең әуелі сөз алған қала әкімінің кеңесшісі Нұржан Нұралиев шаһарды көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлығы жарияланғаннан бері біршама жұмыс атқарылғанын баян етті.
– Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес және ұйымдастырылған апталық сенбіліктерге мемлекеттік және жеке нысандағы кәсіпорындар, сонымен қатар қала тұрғындары атсалысып, мекеме ұжымдары өздеріне бекітілген аумақтары бойынша тазалық жұмыстарын жүргізді.
Бұдан бөлек, қала аумағындағы шөптерді ору бойынша арнайы кесте жасалынып бекітілді. Аталған кестеге сәйкес, қаланың негізгі және қосалқы көшелерінің бойы және қала тұрғындары көп шоғырланатын жерлерде, яғни саябақтар мен скверлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шөп ору жұмыстары ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін толыққанды аяқталады деп жоспарлануда, – деді қала әкімінің кеңесшісі.
Ал қала әкімдігінің медиа орталығының директоры Балнұр Бектұрғанова кері байланыс бағытындағы жұмыстарды тілге тиек етті. Оның сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері әкімдіктің әлеуметтік желілерінде 744 пост, 209 бейнеролик және 430 баннер жарияланған.
– Жұмыс жасалған жерде мәселе болатыны анық. Осы жылдың қаңтар айынан бастап Instagram әлеуметтік желісіндегі түрлі парақшаларда қалалық әкімдіктің ресми парақшасын белгілеуі арқылы 763 негативті посттар жарияланды. Ал Facebook-те 59 мәселе көтерілді.
Жалпы бөлім мамандары келіп түскен сұрақтарға мерзімінде жауап берілуін, көрсетілген мәселе оң шешімін табуын қамтамасыз етеді. Атап өтетін дүние сұрақтардың басым бөлігі қала әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және құрылыс бөліміне қарасты болса, қалғаны «Жасыл ел-Тараз», «Жамбыл-су» мекемелері мен басқа да коммуналдық салаларды қамтиды, – дейді орталық директоры.
Б.Бектұрғанова орталық тарапынан барлық сұраққа дер кезінде жауап беруге күш салынылып жатқанымен, бұл бағытта бөлімдердің жұмысы кенжелеп тұрғанын жасырмады. Сондай-ақ бөлімдердің әлеуметтік желі парақшаларындағы белсенділігі төмен.
Бақытжан Әмірбекұлы ортақ мүддедегі жұмысқа атүсті қараған бөлім басшыларынан жеке-жеке жауап алып, оларға ескертуін жасады.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек бюджеттің орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғын үй құрылысы мен ауыз су құбырын тарту, жол жөндеу сынды мәселелер де қаралып, тиіс сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.