Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаңдауға негіз жоқ

0 251

Көктем келсе өзен жағасына жақын орналасқан халықтың мазасы кетеді. Кей жағдайда табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру мүмкін емес. Алайда, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Ондай салғырттықтың соңы неге әкеліп соғатыны айтпасада түсінікті.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген автор

Осыған орай, көктемгі маусымда қала аумағында су тасқыны мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында дренаж каналдары, арық жүйелері, құбыр өткелдерімен өтетін көпірлер асты тазалануда. Сенбі-жексенбі күндері қала бойынша жүргізілген тазалық жұмыстарымен қала әкімінің орынбасары Керімбек Жанбосынов пен қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сәкен Жұманқұл танысып шықты. Көктем-күз мезгілдерінде су көтерілу мәселесі туындайтын «Тайвань» алқабындағы «Қарасу-1» каналында тазалау жұмыстарын «ҚазТранс Газ Аймақ» АҚ-ы Жамбыл өндірістік филиалы жүргізуде екен. Аталған аумақтағы ұзындығы 980 метрді құрайтын канал Ы.Дүкенұлы көшесін қиып өту арқылы «Алатау», «Самал» және «Қарасу» мөлтек аудандарына барады. Мекемеден арнайы жасақталған жұмысшы топтың тірліктері тындырымды. Ал жалпы ұзындығы 1630 метрді құрайтын «Қарасу-2» каналында судың бетін толығымен қамыс басқан. Мұндағы тазалық жұмыстарын «Жасыл-Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 15-ке жуық жұмысшы қол орақпен шөптерді орып, каналдың көзін ашып, шыққан қоқысты бірден көлікке тиеген.
– Жасыратыны жоқ, каналдың маңында қаңғыбас иттер қамыс ішіне тығылып, осында үйірілетін. Тазалау жұмыстарының барысында қамысты толығымен орып, бітелген арықтарды тазаладық. Жақында орналасқан №51 мектеп оқушылары мен тұрғындар жиі жүретін жаяу жүргіншілерге арналған жолдың бойы қаңғыбас иттерден қауіпті болатын. Енді қамысты орғаннан кейін бұл қауіп сейілді деп ойлаймын. Күніне 8 рейс жасап жатқан «ГАЗ-53» көлігімен күніне 8 тонна қоқыс шығарудамыз. Жалпы бір күнде біз 16 тонна қоқыс шығардық, – дейді су шығару учаскесінің бастығы Жаңабек Смайлов.

Талас өзенінен бастап Төле би даңғылы, Төле биден Абай даңғылына дейін, Абай даңғылынан Жамбыл даңғылына және «Тастақ» (Талчок) алқабына дейін жалғасып жатқан «Сеңкібай» каналында «Тараз трансэнерго» ЖШС тазалық жұмыстарына 20-ға жуық адамды жұмылдырыпты. Тал-дарақтарды қолмен аралап, шалшыққа бітелген каналды жұмысшылар қол күрекпен тазартып, күл-қоқысты қала сыртына Камазбен шығарған. Ал Түйте каналынан бастап, Абай көшесі арқылы Байзақ батыр көшесіне дейін, Байзақ батырдан Қонаев көшесіне дейін созылып жатқан «Үшбұлақ» каналының тазалығына облыстық басқарма мен бірқатар қала әкімдігінің мекемелері тартылған. Жалпы тазалақ жұмыстарын жүргізуге 350-ге жуық түрлі құрал-саймандарды жеке кәсіпкер «Талғат и Компания» ЖШС мекемесінің басшылығы тегін үлестіріпті.


– Көктемгі су тасқыны маусымында тұрғын үйлерді, аулаларды және көшелерді су басу оқиғаларын болдырмау, алдын алу мақсатында Тараз қаласында канал арналарын тазалау жұмыстары 19-26 қаңтар аралығында жүргізілетін болады. Жалпы тазалық жұмыстарына 14 коммуналдық мекеме қызметкерлері мен облыстық басқарма және қала әкімдігіне қарасты бөлімдер толығымен жұмылдырылды. Екі күнде 500-дей адам қатысқан сенбілікке 33 техника тартылып, барлығы 330 тонна күл-қоқыс шығарылды. Каналдарды толығымен тазартып болғаннан кейін, арық-атыздарға кірісеміз. Бұл жұмыстар әлі жалғасын табатын болады, – деді қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сәкен Жұманқұл.

Жалпы шаһарда 8 канал болса, олардың ұзындығы 82 шақырым 550 метрді құрайды. Бұдан өзге, жалпы ұзындығы 12 шақырым 700 метрді құрайтын 2 дренажды канал бар. Сонымен қатар ұзындығы 164 шақырымды құрайтын ирригациялық арық жүйелері мен 21,4 шақырым болатын лоток жүйелері тағы бар. Осы су жүйелеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, күтіп ұстауға бюджеттен бөлініп жатқан қаржы да аз емес. Дегенмен каналдар мен арықтарға тазалық жұмыстарын жүргізу тек белгілі бір мекеме қызметкерлеріне ғана жүктелген міндет емес. Өйткені каналдар мен арықтардың бітеліп, қоқысқа толуына бірден бір себеп тұрғындар тастаған қоқыстардың «жемісі». Осы орайда, қала және аймақ тұрғындары да тазалық жұмыстарына белсенді атсалысса нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.