Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала бюджеті қаншалықты игерілді?

0 180

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен жылға арналған қалалық бюджеттің орындалуы туралы есеп мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында қаралды.

Арайлым Бақытжанқызы

Қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, халық қалаулылары мен бөлім басшылары қатысқан жиынды депутат Жақып Жексембиев жүргізді. Алдымен күн тәртібіне шығарылған «2019 жылға арналған қалалық бюджеттің атқарылуы туралы» хабарламаны қала әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков жасады. Бөлім басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға толығымен тоқталып, депутаттар қойған сауалдарға жауап берді.

Ал қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек өткен жылы қаланы дамыту бойынша жасалынған бағдарламалардың нәтижесін ортаға салып, индикаторларға қол жеткізбеген әр бөлімге егжей-тегжейлі тоқталды.

– ҚР Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 19 желтоқсандағы №104 бұйрығымен бағдарламаға оңтайландыру жүргізіліп, 68 нысаналы индикатордың орнына 24 нысаналы индикатор бекітілді. Нәтижесінде бағдарламада 2019 жылға 3 бағыт, 9 мақсат, 24 нысаналы индикатор және 24 іс-шара жоспарланып, жыл қорытындысы бойынша 1 бағыт, 1 мақсатқа толық қол жеткізілмей, тиісінше 3 нысаналы индикатор және 2 іс-шара орындалмаған. Ал индикаторлардың орындалуы үшін бекітілген іс-шараларға тоқталатын болсақ, ауыл шаруашылық саласы бойынша 2 іс-шара орындалмай отыр. Орындалған нысаналы индикаторларға келсек, бекітілген 24 индикатордың 21-і жоспардан асыра орындалған. Жалпы 2020 жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласын дамыту бағдарламасындағы нысаналы индикаторларды толық орындау үшін жауапты бөлімдермен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар жиынның нүктесін тексеру комиссиясының мүшесі Б.Жолымбетов қойды.

– Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының 2020 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес Тараз қаласында «Жергілікті бюджетті жоспарлау және аумақты дамыту бағдарламасының, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлау алдындағы платформа шеңберінде алға қойған 10 міндетінің іске асырылуын бағалау» аудиторлық іс-шарасы өткізілді. Мемлекеттік аудитпен 2 аудит объектісі қамтылды. Оның ішінде Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі негізгі аудит объектісі болса, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үстеме тексерумен қамтылды. Жалпы аудитпен қамтылған кезеңде бағдарламаның тікелей нәтижеге қол жеткізуі 87,5 пайызды құраса, пайдаланылған қаражаттың игерілуі 104,1 пайызды құраған. Қорыта айтқанда, 2019 жылы бағдарламаның іске асырылуы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің нәтижелілік және тиімділік қағидаттарының сақталмағанын, сонымен қатар тікелей нәтижеге қол жеткізуінің 87,5% екенін ескере отырып «нәтижесіз» деп бағаланды. Жүргізілген аудитпен жалпы сомасы 145 333,6 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, осы аталған көлемдегі бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау фактілері орын алған. Сондықтан 145 333,6 мың теңге толығымен қалпына келтіруге жатады. Жүргізілген сараптамалық-талдамалық іс-шаралар жыл бойы қалалық бюджетке 8 мәрте нақтылау жасалып, нәтижесінде кіріс бөлігі 13 637, 7 млн теңгеге немесе 25,7%-ға, ал шығыстар 12 931,0 млн теңгеге немесе 23,3%-ға көбейгенін көрсетті. Бюджетті жоспарлау мен атқару барысында тиісті уәкілетті органдар тарапынан бюджет кірісін болжау және орындау барысында салық салу көздерін зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізбегендіктен, салықтық түсімдерге қатысты жеті бюджеттік сыныптама коды бойынша жоспарланған сомадан едәуір артық төлемдер түскен немесе жоспар 105,2-ден 132,9%-ға дейін артық орындалған. Атап өтетін жағдай, жергілікті бюджетке берешек соманың көлемін азайту бойынша тиісті органдар тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Қалалық бюджеттің шығын бөлігінің орындалуына жүргізілген талдау барлық функционалдық топтар мен бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша бекітілген бюджеттің шығындар көлеміне бірнеше рет түзетулер мен нақтылаулар енгізілгенін көрсетті. Бұл қалалық бюджетті жоспарлау сапасының төмендігін, яғни бұл тараптағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажеттігін көрсетеді. Дегенмен қалалық бюджеттің кіріс бөлігінің 102,9%-ға орындалғаны, сондай-ақ бөлінген бюджет қаражатының 99,9%-ға игерілуі қалалық бюджеттің атқарылуының «қанағаттанарлық» деңгейде екендігін көрсетеді, – деді комиссия мүшесі Б.Жолымбетов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.