Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғыс арқалаған алысқа барады

0 184

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы: «Алдымен экономика, содан соң саясат» – деген болатын. Ел етек-жеңін жиып, экономикамыз еңсесін тіктеген тұста алаш сөзімен рухтанған, ұлтын сүйген ұландар билікке келе бастады. Солардың бірі – алғашқыда тележурналист ретінде танылып, кейін алаш арыстарының сөзін түгендеуші ретінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғысын алған Берік Уәли еді.

Бекнұр Сатыбалдиев

Ол республикалық телеарналарда, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде, «Nur Otan» партиясында, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде лауазымды қызметтер атқара жүріп, қай салаға салса да қайқы қылыштай кесіп түсетін маман екендігін көрсетті. Тоғыз ай бұрын Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне кірісіп, Әулиеата өңірі идеологиясының екі тізгін, бір шылбырын қолына алғанда да, Берік Уәлиұлынан жұртшылық кәсіби маман ретінде үлкен үміт күткен еді. Бекең сол сенімге селкеу түсірмей, үміттің үдесінен шықты. Республикаға танымал журналистер, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, блогерлер, қоғам өкілдерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атын атап, түсін түстеп айтсақ, елорданың 20 жылдығына арналған «Астана – аймақтардың арқауы» форумы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала тарихы – ұлт мұраты» ғылыми-тәжірибелік конференция, «Киелі Қазақстан» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция, айтыскер, ақын Әзімбек Жанқұлиевтің өмірден өткеніне 15 жыл толуына арналған еске алу кеші, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың облысқа іссапары, партизан жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналған әдеби кеш, «Ұлы дала рухы» фестивалі, «Туған жерге туыңды тік» жерлестер форумы, «Латын әліпбиі – бүгінгі күннің өзекті мәселелері» тақырыбында конференция, «Қоғам және саясат» форумы, «Ақпарат ағыны және біз» семинар-тимбилдинг, «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг, Азаматтық орталықтың салтанатты ашылуы, «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» облыстық ҮЕҰ форумы, «Жаңа медиа және болашақ» медиа форумы, облыс әкімінің кубогына арналған футболдан республикалық турнир, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақынның ұлы мен келінін Тараз төріне шақырып, әдемі де әсерлі әдеби кештің және ақындар арасындағы республикалық доп додасының өтуі сынды сан саланы қамтыған шаралар осы тоғыз айдың бедерінде жүзеге асты. Мұның бәрі Елбасы саясатын, мемлекет идеологиясын облыс жұртшылығына түсіндіруге бағытталғаны тағы анық.

Қай кезде де елге қызмет еленбей қалмайды ғой. Жуырда Берік Құрманғали Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл жаңалықты Берік Уәлиұлын тиянақты тірлік пен сарабдал саясаттың сайыпқыраны ретінде білетін жұрт қуана қабыл алды. «Көргені жақсы көш бастайды» демекші, Ақордадағы жауапты қызметіне бел шеше кіріспес бұрын Жамбыл жұртшылығына алғысын айтып, ақсақалдарының батасын алуды құп көріпті. Осы мақсатта бұрнағы күні Тараз қаласындағы «Ғибрат» орталығында жергілікті әкімдіктің, зиялы қауымның, бұқаралық ақпарат және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосты. Жиынға қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов Берік Құрманғалидің мемлекеттік қызметтегі іскерлігін айтып, өзі тәрбиелеген маманның биік лауазымда да зор құрметке ие болатынына сенім білдірді.

– Рас, «Тараз жеріне таяқ ұстап келген жан тай мініп қайтады» деген сөз бар. Алайда Берік мұнда тұлпар мініп келген. Енді тұлпарына тұлпар қоса тізгіндеп қайтып барады. Елге жасаған қызметі еленіп, абырой шыңынан көрінуіне тілектеспіз, – деген өңір басшысы естелік сыйлығын да тарту етті.

Басқосу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов сөз сөйлеп, Берік Уәлиұлының иығына шапан жапты. «Берік баламыз өңірімізге қызметке келген тоғыз айда айналасына көп дүниені үйретті. Жергілікті билік пен халық арасына алтын көпір бола білді. Жасымыздың келгеніне қарамастан, әлеуметтік желінің сырына қанықтық. Оның қоғамға, халыққа пайдасын ұғындық» – деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы мемлекетшіл азаматтың облысымызда атқарған қызметін жоғары бағалап, ішкі саясаттағы іргелі істерді ұршықша иіргенін атап өтті. «Бұл – Беріктің іскерлік тәжірибесінің, журналистикадағы иірімі мол еңбек жолының жемісі» – деп бағалады қаламгер.

Басқосу барысында облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, Берік Уәлиұлын ілгеріден білетіндіктерін, табысты жұмысына бұрыннан сүйсінетіндіктерін жасырмады. Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаев та ізгі тілегі мен жылы лебізін білдірді. Содан кейін ақындар Қайырбек Асанов пен Ғайни Әлімбекова інілеріне арнап жырдан шашу шашса, БАҚ өкілдері атынан облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов азаматтық болмысын, «Jambyl» телеарнасының басшысы Жасұлан Әбдіхалық, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали іскерлік қабілетін әңгімелеп, сәттілік тіледі.

Жиын соңында Берік Құрманғалидің өзі сөз сөйлеп, көпшілікке алғысын жеткізді.

– Менің Әулиеата өңірінен үйренгенім көп болды. Жауапты лауазымға осы аймақтан тағайындалсам, көне шаһардың киесі, көпшіліктің батасы деп білемін. Тіпті мені Ақордадағы әріптестерім де Жамбылдан деп таниды. Өңір басшысы, ұстазым Асқар Исабекұлына шексіз алғысымды білдіремін. Туған еліме, жеріме, мемлекетіме қызмет етуден аянбаймын, – деп ағынан жарылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.