Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алқап тұрғындарының көптен күткен қуанышы

0 331

Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад» алқаптарында тұратын халықпен кездесуінде тұрғындар автобустардың аздығын мәселе етіп көтерген болатын.

Бұл жөнінде шаһар басшысы тасымалдаушы мекемелермен келіссөз жүргізіп, алқаптан вокзалға дейін қатынайтын интервалы 15-20 минуттан аспайтын қысқа маршрутты жүргізу бойынша жұмыс жақын арада атқарылатындығын жеткізген еді. Арада көп уақыт өтпей-ақ Бақытжан Әмірбекұлы уәдесінде тұрып, апта басынан бастап «Құмшағал», «Көлтоған» алқаптары мен ТЖ бекетіне N54А автобусы қатынай бастады. Жалпы қамтылатын жолдың ұзындығы – 13 км. Әзірге 3 автобус халыққа қызмет көрсетеді.
Бұған тұрғындар да дән риза. Солардың бірі – Сейітбек Әбдімомынов.
– Бізді қоғамдық көлік мәселесі көптен бері толғандырып жүрген еді. Автобустардың аздығынан діттеген жерімізге уақытында жете алмай қиналатынбыз. Қатынайтын қоғамдық көліктердің өзі де алқапқа кірмей сырт жақпен айналып кететін. Әсіресе вокзал, базарға бару үшін бірнеше автобусқа ауысып мінуге тура келеді. Осыны Бақытжан Әмірбекұлына жеткізген болатынбыз. Шаһар басшысы өтінішімізге құлақ түріп, бүгін міне, баршамызды қуанышқа кенелтіп отыр. «Әкім бол, халыққа жақын бол» деген – осы. Басшылардың бар-лығы осылай сөзден іске көшер болса, еліміздің ертеңі жарық болмақ, – дейді зейнеткер ағынан жарылып.
Айта кетерлігі, биыл қалаға – 30, ал келесі жылы қосымша 60 үлкен автобус келеді деп күтілуде. Оларды бірінші кезекте шалғай алқаптарға беру жоспарлануда.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.