Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды

0 353

Қоян жылы жамбылдықтар үшін қарлы боранмен басталды. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмаған әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кешендердің жұмысы істен шығып, халық жылу мен жарықсыз қалды. Сондай-ақ ауыз су жүйесінің желісі үзіліп, тас жолдардағы қозғалыс толықтай тоқтады.

Қарлы боранның ең ауыр соққысы Талас пен Сарысу аудандарына келді. Жаңатас қаласында бастапқыда 2 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 9 спорттық нысан зақымдалды. Бұдан бөлек, электр бағаналары құлап, жарық жүйелері істен шықты. Бірқатар ауылдық округтердің де көше шамдары қирап, жеке тұрғын үйлердің шатырлары ұшып кетті.
Жаңатас қаласына табиғи апаттан кейін араға күн салып облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жетіп, дауылдан келген залал мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын көзбен көрді. Аймақ басшысы ең алдымен «Көкбұлақ» сумен қамту қоймасындағы электр желілерінің жөндеу жұмыстарын бақылады. Су қоймасының негізгі қызметі «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болғандықтан, Нұржан Молдиярұлы желілерді реттеу жұмыстарын жедел әрі сапалы орындауды тапсырды. Себебі халыққа ең бірінші тіршілік нәрінің тұрақты жеткені маңызды.
Жаңатас қаласының орталық жылыту қазандығының да бұқара үшін орны ерек. Дауылдан кейін қазандық жұмысы реттеліп, 97 көпқабатты үйге жылу берілді дегенімен, жылу айналымын ретке келтіру мен ауа шығару сынды шараларды орындау қажет. Қазандыққа қосымша электр желілерін тарту да – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені осы жолғы дауыл қазандықтың қауқары қаншалықты екенін айқын айғақтап берді.
Облыс әкімі аудандағы іссапары кезінде зардап шеккен бірқатар көпқабатты үйлер, Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназия, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» торабының ғимараттарын да аралап көрді. Жалпы моноқалада 9 нысан қатты зақымданып отыр. Қазір олардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті мердігерлер тартылуда.
Сарысу ауданындағы электр желілеріне жауапты мекеменің ақпаратына сүйенсек, барлығы 726 шақырым жарық желісінің 62 шақырымы үзіліп, 10,5 мың бағанның 240-ы құлап қалған екен. Бүгінгі күнге 51 шақырым электр желісі мен 151 бағана қалпына келтірілген.
– Барлық қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы толығымен және ауданның елді мекендері электр қуатына қосылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексеріңіздер. Ішінара бүлінген нысандарды аудан бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітілуі маңызды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөліңіздер. Халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру шараларын ұйымдастырыңыздар. Біздің ең негізгі міндетіміз – халыққа қызмет көрсету, – деген Нұржан Нұржігітов аудандағы іссапарын қорытындылаған штаб отырысында талапты тапсырмаларын тағы бір мәрте шегелеп жүктеді.
Сондай-ақ облыс әкімі аудан халқы қиын кезде азық-түліктен тапшылық көрмеуі қажеттігін де қатаң ескертті. Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде елді мекенге 17 мың бөлке нан жеткізілген.
Талас ауданында да қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Аталған ауданға да аймақ басшысы арнайы ат ізін салып, Есейхан, Қасқабұлақ және Қараой ауылдарындағы үзілген электр желілері мен құлаған бағаналарды көзбен көріп шықты. Бұл елді мекендер дауыл кезінде алғашқылардың бірі болып жарықсыз қалған. Қазір Есейхан мен Қараой ауылына жарық берілсе, Қасқабұлақ ауылы генератор арқылы электр желісін тұтынуда.
Қатты жел кезінде Қаратау қаласындағы «Игілік» қазандығына да зақым келсе, сондай-ақ бірқатар көпқабатты үйлердің шатыры ұшып, барлығы 11 нысан күрделі жөндеуді қажет етуде. Қазір аталған жұмыстармен жергілікті мердігерлер айналысуда.
Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы апат айтып келмейтінін, сондықтан қайта қалпына келтіру жұмыстарын жұмыла, асарлатып атқаруға көпшілікті шақырды.
– Ауа райы қайта бұзылмай жатып, барлық жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға тиіспіз. Ертең сұрақ туындамас үшін барлық жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Ішінара бұзылған нысандарды асар әдісімен ретке келтіру керек. Табиғи төтенше жағдай салдарын жоюға тұрғындарды да жұмылдыру маңызды. Ауылдастардың бір-біріне қол ұшын бе-руі – қанымызда бар игі дәстүр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылма-ған, – деді өңір басшысы.
Бұл аймақтағы соңғы дауыл болмайтыны анық. Осы жетідегі ауа райы болжамына қарасақ, аязды боранды күндер алда келеді. Сондықтан дауылдан келген зардапты жақын арада қалыпқа келтіріп алғанымыз абзал. Әйтпесе жығылғанға жұдырық болуы да бек мүмкін.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, табиғи апаттан келген шығын әлі есептелуде екен. Сондықтан мердігерлер құрылыс жұмыстарын өз қаржыларына жүргізуде. Жоспарлы жұмыс аяқталғаннан кейін кеткен шығын төтенше жағдайларға қаралған резервтік қордан төленіп берілмек.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.