Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Айналаңызға абай болыңыз!»

0 241

28 қыркүйек – ұлы Мұхтар Әуезовтің, Шерхан Мұртазаның, Оралхан Бөкейдің туған күні. Ұлт руханиятының үш ұстыны. Бір нәрсе анық. Біз мерейтой, басқа жағдайларды күтіп жатпай, тұлғаларға үнемі оралып отыруымыз керек. Тұлғаның тағдыры, өмірі, өнегесі – бағыт, бағдар. «Ана тілі» – осы бағытты ұстанған басылым. Ұлт баспасөзінің бірнеше буынына ұстаз болған Шерхан Мұртазаның мектебінен, яғни мінез мектебінен әлі де оқып-білеріміз, үйренеріміз көп. Ол үздік үлгі, эталон.

«От пен судан өттім. Шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді».
«Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе, қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді».
Кеше ірі бастық, әкім, депутат, тағы басқа болғандардың, билікке жақын жүрген талайлардың танауынан бүгінде есек құрт төгіледі. Шекесі шылқып, шалқып жүремін десе, Мұртазаның да мүмкіндігі зор еді. Бірақ ол басқа жолды, шындықты таңдады. Өзі айтқандай, Құдайдан қорықты. Ал Құдайдың атын кіші әріппен жазатын біздің елде ондайлар тым көп еді. Мархабат көкеміз айтқандай, ол бар саналы ғұмырын өз отбасын ұмытып, ұлтты тәрбиелеуге арнады. Одан көл-көсір байлық қалған жоқ. Жалғыз саяжайы бар еді, қызметі біткен соң, оны да Совет өкіметі тартып алды. Есесіне артында ешқашан азбайтын, тозбайтын рухани байлық қалды. «Шындық шірімейді» деп өзі айтқандай, Мұртазадан қалған мұра – ақиқат, шындық. Ол шындықты жалпылама айтып, жалпылдаған жоқ.
Ол шындықты әлдебіреулердей өкіметтің маңдайынан сипап отырып, сипай қамшылап, сөзінің соңын әлдеқалай болады деп жұмсартып кеткен жоқ. Ол ханның да, қараның алдында да ақиқатын айтты. Бірақ оның шындығында шапқат мейірім, мәдениет болатын. Бұлтартпас дерек, дәйекпен сөйлейтін. Содан нысанаға дөп тиетін. Содан да жұрт дүр сілкінетін. Ол ақиқатты айтып арыстандай ақырғанда, шындықты айтып шамырқанғанда жылап жіберген жұртты да көрдім. Өкінішке қарай, біз қазір сол жұртты жылатқан шындықтың көз жасын сүртіп жүрміз.
Шер-ағаң бұрынғы кісіге де айтуындай айтты. Тұспалдап емес, турасын айтты. Бүгінгі кісіге де айтқан екен. «Айналаңызға абай болыңыз!» депті. Осыдан 22 жыл бұрын. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой. Сәйкестік, бәлкім, көрегендік дейсіз бе, Шер-ағаң осыдан жиырма екі жыл бұрын сол кездегі Үкімет басы Тоқаевқа тоқетерін айтып, үшбу хат жазыпты. Бұл кісі хаттағы ақиқатты құптап жауап беріпті. Әлі де уақыты келетінін тұспалдап сездіріпті.Сонда біз сол шындықтың шешімін жиырма екі жыл күткен болып шығамыз ғой. Алаш ардақтыларының ұстанымын өмір бойына идеал тұтқан Шер-ағаң сол тұста-ақ өткеннен тағылым түймей, өз байлығыңды өзің иеленбей, саяси жаңғырулардың құр жаңғырық болып қалатынын қалай болжап кеткен.
Жиырма екі жылдан кейін.
Әділетті Қазақстанды құру ісі басталды!

Қали СӘРСЕНБАЙ, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.