Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аймақ мәдениетінің көкжиектері

0 204

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде барша қазақстандықтарды біріктіріп, ел болашағының іргетасын қалауда тарих, мәдениет және тілдің атқарған рөлі орасан зор болғанын бәріміз мойындаймыз. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік.

Шындығында да, елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі – өнер мен мәдениет. Қазақ елінің тарихы көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге толы. Тарихқа көз жүгіртсек, ортағасырлық Тараз қаласы Қазақстан тарихындағы ең ірі саяси, мәдени, сауда, әкімшілік орталық болған. Елбасы Н.Назарбаев «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп баса көрсетуі өткенімізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақтаныш екені анық. Бүгінде Әулиеата өңірінің өнері мен мәдениеті нағыз кемел, толысқан шағында тұр. Әрине, аталған саладағы оң өзгерістер еліміз егемендік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Дегенмен тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі алғашқы жылдарда мәдениет саласы да нарық қыспағының теперішіне түскен еді. Еске салар болсақ, мәдениет қызметкерлері нарық жағдайында бюджеттік мекемелер арасындағы айлығы ең төмені болғандығы белгілі. Олардың орташа айлық жалақысы 900-1000 сом көлемінде болды. Алайда олар еңбекшілерге мәдени қызмет көрсету қарқынын бір мысқал да төмендеткен емес. Бұл ретте облысымызда құрылған мәдени орталықтар айтарлықтай игі істер атқарды. Сонымен қатар мәдениет мекемелерін шаруашылықты жаңаша жүргізуге көшіруге кең өріс берілген еді. Бұл бағыттағы алғашқы қадам театрлардың шығармашылық, ұйымдастыру және экономикалық қызметін дербес жүргізуіне жол ашылуынан көрініс алды. Ал мәдени-ағарту мекемелері арасында Қордай ауданы мәдениет қызметкерлерінің жұмыс әдісі дұрыс деп танылыпты. Ауданда мәдениет және демалыс орталығы құрылған, мәдениет бөлімі меңгерушісінің орнына бас директор сайланған. Бұл орталыққа материалдық, қаржы және кадр бөліміндегі қорлар шоғырландырылған. Мұнда туындаған барлық мәселелер мәдениет және демалыс жөніндегі кеңесте талқыланып, лайықты шешімін табады. Соның нәтижесінде ауданда ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шаралардың саны артып, материалдық база нығайып, қаржыландыру жақсарды. 1992 жылдың соңына дейін бұл жұмыс әдісіне 50 мәдениет мекемесі, оның ішінде халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығы да көшті. Ол үшін барлық ауданда дерлік халықтың пікірі сұралып, семинарлар ұйымдастырылды, сондай-ақ көптеген мәдениет қызметкерлері облыстық біліктілікті арттыру курсынан өтті. Әрине, мәдени-көпшілік жұмысын халық талабына сай жүргізу үшін берік материалдық-техникалық база керек. Бұл жөніндегі жағдай мәз болмады. Айталық, облыстағы 799 клуб пен кітапхананың 569-ы бейімделген үйлерге орналасқан, қалаларымыздың ешқайсысында да типтік үлгідегі мәдениет үйі жоқтың қасы. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі мардымсыз. Музыкалық және күшейткіш құралдары тапшы. Салаға жиһаз аз бөлінді. Автомобиль және оған қажетті бензин мен қосалқы бөлшектер бұрынғыдан он есе кем берілетін болды.
Алайда бұл тәрізді келеңсіздіктер мәдениет қызметкерлерінің көпшілігін тоқырауға ұшыратты деп айта алмаймыз. Тіпті мәдениет қызметкерлері егеменді еліміздің үлкенді-кішілі азаматтарына өздері көрсетер қызметтерін ұштау үстінде болғаны анық. Осыған байланысты қоғамымызда мәдениет қызметкерлеріне оң көзқарас қалыптаса бастағанын айта кету керек. Осының айғағы ретінде белгілі күйші Әбдімомын Желдібаев пен әнші Алтынбек Оразбековтерге республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілгендігін айта аламыз. Еңбек бар жерде өнбек бар. Мәдениет қызметкерлерінің осы тұрғыдағы жетістіктерге жету даңғылдарына тоқталсақ, алдымен аймақтағы театр өнерінің ауызға ілінері сөзсіз. Айтар болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға қарамай Абай атындағы облыстық қазақ драма театр ұжымы сахналаған жазушы-драматург Шерхан Мұртазаның «Жалғыз үйлік зілзала», Әлдихан Қалдыбаевтың «Сәлім-Сәлима» атты проблемалық мәні терең, психологиялық жүгі ауыр драмасы көрермендердің көңілінен шыққан қойылымдар болды. Сонымен қатар Елен Әлімжановтың «Тақ талас» драмасы сахналанды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамай әрекет еткен Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ драма театры 1996 жылдың қыркүйегінде өзінің алпыс жылдығын атап өтті. Аталған уақыт аралығында көптеген өнер саңлақтары сахна төрінде өздерінің табиғи талантымен көрермен көңілінен шығып, көпшіліктің ықыласына бөленгені мәлім. Солардың қатарында режиссерлер Тілек Ерғалиев, Тұрар Дүйсебаев, Маман Байсеркенов, Асқар Тоқпанов, Ерғали Оразымбетов, Әскер Құлданов, Аманжол Сәлімбаев, Жақып Омаров, Асқар Дүйсебаевтар театр тарихында өз қолтаңбаларын айшықтап қалдырды. Театр жағдайында өз дәуірінің болмысын қалай болғанда да халыққа жеткізуге ұмтылып отырғандар – жазушылар, драматургтер, режиссерлер, сыншылар, композиторлар, суретшілер, әртістер. Бұл – театрдың рухани азық беретін ішкі жағы. Театрдың сыртқы жағы – материалдық дүние. Нарық заманында бұл мәселенің күрмеуі қиын екендігі де белгілі. Дегенмен облыс билігі мәдениетке қамқорлық көрсетіп, мәселен, театрда күрделі жөндеу басталып та кетті. Екі отбасына пәтер бөлініп, театрдың әртісі Майра Әлімбетоваға әкім стипендиясының берілуі де қай кезеңде болмасын құптарлық жайт. Сонымен қатар өмірден өткен театр қайраткерлері тұрған үйлерге ескерткіш тақталар ілінді. Бұл – болашақ ұрпақ тәрбиесіне, өнер құдіретінің ғұмырлы болуына қосылған зор үлес. Осындай өнерге құрмет етудің келесі бір үлгісі Абай атындағы қазақ драма театрында Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты жас әншілердің облыстық конкурсында көрініс тапты. Аталған тақырыпта өтетін халықаралық ән фестивалі қарсаңында оған облыс атынан қатысқан жас әншілерді іріктеу мақсатында өткізілген бұл байқауға облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан елуге жуық жас талапкер қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Байқау барысы халық ішінде өмірімізге қуат берерлік өнер нәрінің мол бастаулары бар екенінің айқын айғағы болды десек артық айтқандық болмайды. Өздерінің балауса өнерімен жиналған көрермендердің ілтипатына бөленген жаңатастық Гүлнар Бақторазова, жуалылық Айжан Сметова, Жамбыл ауданының өкілі Ғани Мәтебаев, меркілік Болат Құлданов, сарысулық Дариға Игенбаева, Шу қаласынан келген Жанат Досжанова, Жамбыл қаласының өкілдері Индира Әбдиева мен Гаухар Қаспақовалар өздерінің болашағынан мол үміт күттіретін жас дарын иелері екенін танытты. Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша конкурстың бас жүлдесі Жамбыл мәдениет және өнер колледжінің шәкірті Гаухар Қаспақоваға берілді. Бірінші орынға тағайындаған екі жүлдені таластық Жанатбек Қадыров пен облыстық филармонияның жас әншісі Қайнар Жұманбаевтар иеленді. Екінші орынға Индира Әбдиева (Жамбыл қаласы) мен Жамбыл педагогикалық колледжінің оқушысы Светлана Байқұлақовалар шықса, үшінші жүлдені меркілік Болат Құлданов алды. Сондай-ақ жақсы өнерімен жылы әсер қалдырған облыстық филармонияның әншісі Сәуле Желдібаева, Шу қаласынан келген Эльмира Тұрғанбекова және жамбылдық Назгүл Дүйсенбаеваларға көрермендер ілтипаты жүлделері тапсырылды.

Енді ежелгі мұраларымыз туралы айтар болсақ, біздің өлкеміз тарихи және мәдени ескерткіштерге өте бай екендігі белгілі. Оларды қорғап, күту керек екендігі де түсінікті. Осы маңызды іске үлкен мән бере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті 1992 жылы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заң қабылдады. Осы заңның орындалуы мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бұйрығымен және облыс әкімінің өкімімен, 1992 жылдың маусым айында облысымызда «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы» ұйымдастырылды. Аталған инспекция 1995 жылдың ақпанында Мәдениет министрінің бұйрығымен облыстық мәдениет басқармасының құрамында «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция» болып қайта құрылды. Ескерткіштердің бүгінгі таңдағы жай-күйі әрдайым сарапшы комиссия мүшелерінің мәжілістерінде, облыстық мәдениет басқармасы алқасының отырыстарында қаралып, талқыланып, тиісті шешімдер қабылданып отырады. 1995 жылғы мәлімет бойынша облыс территориясында 1127 ескерткіш болса, олардың 602-сі мемлекеттік қорғауға алынған, ал 29-ы республикалық, қалған 553-і жергілікті мәні бар ескерткіштер. Аталған 1127 ескерткіштің 862-сі археологиялық, 132-сі архитектуралық, 32-сі монументалдық, 97-сі тарихи ескерткіштер. Ғалымдармен, іскер мамандармен келісіле отырып, бұл тараптағы зерттеу жұмыстарының жалғастырылғаны белгілі. Жоғарыда аталған тарихи және мәдени ескерткіштерді дер кезінде жөндеп, қайта қалпына келтіру жұмыстарына да баса көңіл аударылған. Осылай көптеген ескерткіштерге қорған тақталар орнатылған. Меркі ауданындағы Сыпатай батыр кесенесінің күмбезінен жауын-шашын сулары өтіп, бұзыла бастауына байланысты оның күмбезі тотықпайтын ақ қаңылтырмен көмкерілді. Сондай-ақ Мәдениет министрлігінің тарихи-мәдени ескерткіштерді жобалау, қорғау және қайта қалпына келтіру институты қызметкерлерінің күшімен Жамбыл қаласындағы Әбдіқадыр және Нәметбай мешіттерінің макет-жобалары қайта дайындалып, оларды қалпына келтіру іс-шаралары жолға қойылған. Мемлекеттік инспекция мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-мұражайының қызметкерлері Жамбыл қаласында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштердің біздің тарихымызда атқаратын рөлі мен маңызы жайлы мектептер мен оқу орындарында, қала тұрғындары мен меймандары арасында тартымды лекциялар оқып, қызықты әңгімелер ұйымдастырып отырады. Тек 1995 жыл мен 1996 жылдың 4 айында ғана 120-дан астам осындай лекциялар оқылды. Мысалы, 1995 жылдың 1-3 наурыз күндері Жамбыл қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып, өткізілген Қазақстан Республикасы әйелдерінің форумына қатысушы 300-ден астам аналар мен апалардың, қыздар мен келіншектердің алдында бүкіл дүние жүзіне белгілі Айша бибі мен Қарахан кесенелерінің қызықты тарихы жайлы мамандардың оқыған лекциялары өте тартымды өтті. Сондай-ақ аталған ескерткіштердің бірегей тарихымен Қазақстан Республикасындағы Үндістан, Германия, Венгрия, Франция, Корея, т.б мемлекеттердің елшілері, басқа да елдерден келген қонақтар мен туристер танысты. Дәл осындай іс-шаралардың ауқымы ежелгі Тараз қаласының 2000 жылдық мерекесін атап өтуге байланысты кеңейе де, қыза да түскендігі анық.

Құнды жәдігерлерімізді көпшілік қауымға танытуда тынбай еңбек етушілердің алдыңғы қатарында кітапханашылар тұрады десек қателеспейміз. Міне, сол кітапханашылардың қалалық байқауы Жаңатастағы орталық кітапханада болып өтті. Бірінші рет ұйымдастырылған бұл байқауға қаладағы 9 кітапхана жүйесінің қызметкерлері қатысып, кәсіби шеберлік, өнер-білім, дүниетаным, ұлттық дәстүрді меңгеру сияқты талаптар бойынша сынға түсті. Жас мөлшері, тәжірибе ерекшеліктеріне қарай «Бәйшешек», «Талапкер», «Іңкәр», «Алтын қазына» атты төрт топқа бөлінген қыз-келіншектер өздерін әнмен, өлеңмен таныстырып, байқау шарттарын орындады. Әңгіме, ауызша журнал, сахналық көріністер арқылы өрбіген өзара өнер сайысы барысында «Бәйшешек» тобы Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды үш бәйтерегіміздің 100 жылдық мерейтойларын тілге тиек етсе, «Алтын қазына» – Жаңатас экологиясы, «Талапкер» – Арал, «Іңкәр» – Семей полигоны туралы сөз етті. Байқау қорытындысы бойынша «Алтын қазына» тобы бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ байқауға қатысқан С.Хамзеева, Н.Үндемесова, Ә.Зәрубекова, Жұмабековалар бағалы сыйлықтарға ие болды.

1998 жылдың 24 қазанында облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы көрме залының салтанатты ашылуы болды. Оған облыстың зиялы қауымы мен қала жұртшылығы қатысты. Онда сөз сөйлеген облыс әкімі С.Қалмырзаев мұның өзі облыстың өнерсүйер қауымы үшін республика мерекесі қарсаңында татымды тарту екендігіне тоқталып, ендігі жерде қылқалам шеберлерінің қолымен жасалынған дүниелердің жұртшылыққа кеңінен таныс-тырылып, насихатталуымен бірге, олардың өнімдерінің жеке кәсіпкерлер мен қаржылы мекемелерге лайықты бағасына өткерілуіне елеулі мүмкіндіктер туғызатындығын атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Б.Сағынтаев көрме залының өзін-өзі қаржыландыру бағытында жұмыс атқаратындығын, оған еліміздің басқа қалаларынан да қолөнер, сурет, мүсін өнері майталмандары келіп қатысып, талайларды тамсантқан туындылардың тұсауы осында кесілуі күтіліп отырғандығын тілге тиек етсе, бірқатар шығармашылық одақ өкілдері өнерге жанашырлық танытып, нақты қолдау көрсеткен облыс әкіміне алғыс сезімдерін білдірді. Облыс әкімі алғашқы келушілердің қатарында көрме залын аралап көріп, онда қойылған туындылармен танысты. Мұнда облыста тұратын Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қ.Алтаев, Н.Жолаев, В.Матюшков, Б.Хұсайынов, Б.Ткаченко және басқа да жеке шығармашылықпен айналысушылардың 60-тан астам таңдаулы еңбектері болды. Бұл күні өлкеміздің көз тартарлық сұлу табиғаты кестеленген кейбір көркем картиналарды сатып алушылардың да саны аз болған жоқ. Бұл орайда суретшілер Б.Хұсайынов, В.Матюшков туындыларының бағы жанды, олардың әрбір суреті 200-500 АҚШ доллары аралығында бағаланды. Облыс әкімі С.Қалмырзаевқа «Әлем халықтарының өнері» халықаралық ассоциациясының мүшесі Н.Жолаев өзінің «Айша бибі» атты туындысын тарту етті.

Нұрдәулет БАҚТОРАЗОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.