Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Аймақ ажарын ашқан акция

0 543

Былтырдан бастап еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл науқанның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілікті ояту.

Аталмыш акцияның маңыздылығына ел Президенті «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында арнайы тоқталған болатын.
– «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес, – деген Мемлекет басшысы осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс екендігін қадап айтқан еді.
Айшықты акция Таразда биыл да өз жалғасын табуда. Акция аясында шаһардағы «Мамыр» саябағы мен Қарахан және Айша бибі кесенелерінің аумағында тазалық акциясы ұйымдастырылып, кесілген, қураған ағаштар, қоқыстар тазаланды. Сонымен қатар, акция ұйымдастырылған орындарға ағаштар егілді.
– «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ғана тазалық жұмыстары емес, өзекті экологиялық мәселелерді шешуге мол септігін тигізетін ауқымды жоба. Акция басталғалы бері облыста көптеген жұмыстар атқарылып, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл тұрғындар арасындағы экологиялық мәдениетті, өскелең ұрпақ арасында табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға мол септігін тигізуде. Біз қоршаған ортаға аса жауапкершілікпен қарауға тиістіміз» – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадірәлиев.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облыстың барлық аудандарында да өткізілді. Атап айтқанда, Меркі ауданы «Меркі» шатқалында, Қаратау, Жаңатас қалалары мен ауылдық округтерде 28 шара ұйымдастырылып, оған жалпы 2 мыңға жуық адам қатысты.
Өңірде жыл басынан бері акция аясында 350 шақырым канал мен арық жүйесі, 48 мың тұрғын үй ауласы мен 1,3 мың шақырым көше тазаланып, 2,8 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінге 128 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш бұталды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 150 бірлік техника жұмылдырылған.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.