Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қайғыдан қан жұтқан жанмын»: Ағасының мәйітін 7 ай сақтаған атыраулық мұғалімге қатысты жаңа деректер айтылды

0 1  154

Нағашы ағасының мүрдесін 7 ай сақтап, өлікпен бір үйде тұрған Аида Ақберліқызы оқиғаның мән-жайын айтты. Ол марқұм қайтыс болғаннан кейін, жарты жыл бойы оның зейнетақысын алып келгенін растады. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бағдарлама сарапшылары марқұм Сағынғали Ақберлиев жиен қарындасы Аидаға сексуалды зорлық-зомбылық көрсеткен болуы мүмкін деген күдікті ортаға салды. Оған Аида Ақберліқызы.

«Бала кезімде бір жолы анам малға шығып кеткен. Сол кезде мені атаның қасына жатқызып кетті. Үйге келген соң анам: «Көкең, ештеңе істеген жоқ па?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. «Үстің су болып қалған», деді.

Неге су болғанын білмеймін. Кішкентаймын ғой, оған мән берген жоқпын. Бірақ анам мені басқа бөлмеге әкетіп, тәптіштеп сұрады», – деп жауап берді.

Аида Ақберлі одан кейін мұндай жағдайдың қайталанбағанына сенімді. Алайда қайтыс боларынан бір күн бұрын марқұммен жанжалдасып қалғанын растап отыр. Сол түні Сағынғали Ақберлиев қарындасының бөлмесіне кіріп, санына қол жүгірткен. Ұйқыдан шошып оянған Аида оны итеріп жіберіп, артынан қайта тұрғызған.

Айтуынша, 81 жастағы қария соңғы кездері ақылынан алжасып, бөлмелерді шатастыра бастаған. Аиданың бөлмесіне теледидар іздеп келіпті.

«Түннің бір уақытында келіп тұратындары бар», – деді Аида. Ал осы жасына дейін неге үйленбеген? – деген сауалға кейіпкер:

«Бұрынғы уақытта Әзірбайжанда морфлотта болған, сонда орыс әйелмен бірге тұрған деп айтады. Оны ағайындардан, елден естуім. Одан кейін үйленген жоқ», – деп жауап қатты.

Аида Ақберліқызы тұрмыста болмаған. Алайда жас кезінде жүкті болып, бала босанғанын мойындады. Сәбидің әкесі кім екенін айтпады. Баласын осы уақытқа дейін іздемеген ол жеке өміріне қатысты сауалдарға жауап беруден бас тартты. Айтуынша, мұның марқұмды 7 ай сақтауына ешқандай қатысы жоқ.

«Ендеше неге сақтадыңыз?» дегенге атыраулық мұғалім «қимадым» дегеннен басқа нақты жауап бере алмады.

Ол өлікті қонақ бөлмеде жатқан жерінен келесі бөлмеге сүйреп апарғанын айтты. Бірнеше ай ішінде мүлдем иіс сезбегенін алға тартты.

Ал бұл уақытта көршісі Салтанат Рамазанова марқұмды түсінде көргенін айтты.

«Көп сөйлемейтін кісі. Ол кісі жоқ, деп жүргенде түсіме енді. Есіктің алдында тұр екен. «Күрегім сынып қалды, бере тұршы», деді. Мен аяғымды киіп болғанша, қораның қасына барып қалған екен. Бұл кісі ауырып жүр еді, сауығып кеткен екен деп ойладым.

Ал Аида дым болмағандай жүрді, «шөп келе жатыр» деп айқайлаған дауыстарын еститінмін», – деді ол.

Аида Ақберліқызы жарты жыл бойы марқұмның зейнетақысын шешіп келгенін растады. Мұны ағасының өліп қалғанын білдірмеу үшін істепті. Шындық ашылған соң, 427 мың теңге көлемінде қайтарғанын айтты.

«Мен өлтірген жоқпын. Қайғыдан қан жұтқан жанмын. Бәрі ішімде», – деді Аида Ақберліқызы.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, Сағынғали Ақберлиев 82 жасқа қараған шағында 2020 жылдың 2 шілдесінде қайтқан.

Кеуде сүйегі жоқ, басы бөлек, екі қолы бөлек, астыңғы жағы бүктелген қалпы қорапқа салынған. Сол жағынан үш қабырғасы сынған.

Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылының тұрғындары істі қайта тергеуді талап етіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.