Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады», – деп атап өткен болатын.

Расында, Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазақ руханиятының жаңғыруына тың серпін, жаңа қарқын алып келді. Осы бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы, т.б. игілікті істер қолға алына бастады. Осы орайда, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мән-маңызына арнайы тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Адам капиталының басты көрсеткіші – сапалы білім. Өсіп-өркендеуді, алға басуды ойлаған мемлекет жастардың білім алуына баса мән беретіні ақиқат. Осыған орай, ілім жолындағы жастарды қажетті ғылыми еңбектермен, оқулықтармен, т.б. мүмкіндіктермен қамтамасыз етудің маңызы зор. Тәуелсіздік алған тұстан бастап қазақ тіліндегі ғылымның дамуы жаңаша сипат ала бастады. Қазақ тілді ғылыми еңбектерге, оқулықтарға деген сұраныс күннен-күнге артуда. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көтерген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазақ ғылымына тың қарқын әкелді. Себебі осы жоба арқылы әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару ісі 2017 жылдан бастап қолға алынды. Осы істің нәтижесінде студент жастардың әлемдік деңгейдегі ең озық деңгейлі оқулықтарды пайдаланып, заман талабына сай білім алуларына жағдай жасалуда. Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсімінде сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды».

«100 жаңа оқулық» жобасы аясында дін саласы бойынша ұлыбританиялық дінтанушы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбегі қазақ тіліне аударылған болатын. К.Армстронг – салыстырмалы дінтану ғылымы саласында озық табысқа жеткен білікті ғалым. 1993 жылы жарық көрген «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбегі К.Армстронгты бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығына танымал етті. Автордың бұл кітабы әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, миллиондаған таралыммен шықты. Аталған кітапты әлемдегі жетекші университеттер – Браун университеті, Колумбия университеті, Корнел университеті, Гарвард университеті, Оксфорд университеті, Йель университеті, Дартмут университеті, Стэнфорд университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті пайдаланып отыр. Автор өз еңбегінде «Адам санасындағы бір құдайға деген сенім қайдан орнықты? Адамзаттың Жаратушы туралы түсінігі қалай өзгеріп отырды? Иудаизм, христиандық, ислам діндерінің Жаратушыны тану сипаттары қандай?» деген сауалдарға жауап іздей отырып, нәтижелі ғылыми қорытынды жасаған. Ол адамзат дамуының әртүрлі кезеңдеріндегі Жаратушыны тану тарихын баян еткен. Иудаизм, христиандық, ислам діндерінің құдай туралы ұғым-түсініктерінің даму кезеңдерін талдап көрсеткен.

Қазақстанда дінтану ғылымының қалыптасуы ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңымен тұспа-тұс келеді. Дінтану еліміз үшін аса өзекті әрі жас мамандық болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде дінтанушы мамандарды әзірлеуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жүзеге асырып отыр. Елімізде жаңадан қалыптасып келе жатқан дінтану ғылымы үздіксіз дамуды, студент жастарды дін саласындағы озық еңбектермен қамтамасыз етуді талап етеді. Осы орайда, жоғарыда аталған еңбектің жарық көруін Қазақстанның дінтану ғылымы үшін ерекше жаңалық деп айта аламыз. Ағылшын дінтанушысы К.Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбегі діни салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерге, білім алушы жастарға және дінге қызығушылық білдіруші көпшілік қауымға арналған озық туынды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» аясында жарық көрген барлық туындылар қоғамдық сананы жаңғыртып, ана тіліміздегі ғылым-білімнің шоқтығын арттыра түседі деп нық сеніммен айта аламыз.

Елнұр Әскенұлы,
Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің бас маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған