Әлемде қару-жарақ саудасы мен есірткі бизнесінен кейінгі үшінші жаһандық проблема – адам саудасы. Бұқараның басым бөлігі адамды қанау, құлдықта ұстау сынды сұмдықтар азайған немесе мүлде жоқ деген пікірде. Бірақ бұл – жай ғана аңыз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Сүйкімсіз» статистика

Адамзаттың сүйегіне таңба болған бұл қасірет – адам құқығын ең арсыз, аяусыз аяққа таптаудың бір түрі. Өкінішке орай, адам сауда құрбанының үстінен еріктен тыс мәмілелер жасалып, ол меншіктегі тірі тауарға айналады. Көп жағдайда азаматтар зорлықпен, түрлі алдап-арбау тәсілдерімен шекара асып, мәжбүрлі еңбекке жегіледі, сексуалдық, физикалық, психикалық зорлық-зомбылыққа душар болады. Әлемдік статистикада адам саудасының негізгі құрбандарын әйелдер мен жас қыздар құрайды.

Ал елімізде 2004 жылдан бастап 2019 жылға дейін көбінесе 18-25 жастағы және 30 жастан асқан ерлер мен әйелдер қанауға ұшыраған. Қазақстан аумағында зардап шегушілердің дені – еңбек экспулатациясының құрбандары. Бұл 1139 адамды құрайды. Екінші орында – сексуалдық қанау. Көрсеткіш 708-ге жетіп отыр. Жер шарындағы бұл сұмдықтың құрбандарын есептеу тіпті мүмкін емес. Тек көптеген мемлекеттердің өмір сүру деңгейі мен салтына, қылмыстық ахуалына қарап үстіртін болжам жасауға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында: «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламент пен Үкіметке тапсырамын», – деп мәлімдеді.

Үш айда Үкімет пен Парламент бұл тапсырманы орындады. «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырады. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге жабылатын. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты да жаза күшейтілді, бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адам 3-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ең ауыр жаза – 15 жылдық қатаң тәртіптегі колония бұрынғы қалпында қалды. Алайда осы баптың соңғы 3-тармағы бойынша ең жеңіл жаза мерзімі 2 жылға өсті.

Walk Free халықаралық үкіметтік емес ұйымының мәліметі бойынша 2018 жылы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта болған. Бұл рейтингте біз 167 елдің арасында 83-ші орындамыз. Осы тақырыпты зерттеу барысында біз көші-қон, кедейлік және көбірек ақша табу сияқты жайттар адамдарды әлсірететінін түсіндік. Көбінесе азаматтар жұмыс берушінің жалған уәдесіне сеніп қалады, онымен қоса өз құқығын қорғауға заңды тұрғыдан сауаты жетпейді. Әлемде құлдыққа тап болудан қорғалмаған азаматтарды анықтайтын «Осалдық индексі» бар. Өкінішке орай, Қазақстанда бұл тізімге енгендер саны 43 пайызды құрайды. Яғни әрбір екінші тұрғынның кездейсоқ адам саудасының құрбаны болып кету тәуекелі тым жоғары.

Жамбылдағы жағдай

Біріккен Ұлттар Ұйымы 30 шілдені – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні деп белгілеген. Оны халықаралық қауымдастық 2014 жылдан бастап атап өтуде. Осы орайда жуырда Жамбыл облысының Полиция департаменті криминалды полиция басқармасымен, көші-қон қызметі басқармасымен және «Болашақ» үкіметтік емес ұйымы бірлесіп «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық науқанын өткізді. Ұйымдастырылған шараның мақсаты – адам саудасының проблемалары туралы ақпараттандыру деңгейін арттыруға бағытталған тұрғындар арасында мәдени-ағартушылық және насихат жұмыстарын жүргізу.

Полиция азаматтарға жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндірме кеңестерін жүргізді. Тараздың темір жол вокзалындағы перронда өткен шарада «Балалар еңбегін қанау туралы не білу керек?», «Сіз мигрантсыз ба?», «Сіз Қазақстан Республикасындағы өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңіз туралы көбірек білгіңіз келе ме?», «Жұмыс іздеп жүрсіз бе?», «Адам саудасының құрбаны болма!» сынды тақырыптарда арнайы үнпарақтар таратылды. Жалпы мұндай шаралар жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Халықты ақпараттандырудың маңызы бұл мәселеге келгенде жемісін беруде.

Соңғы бес жылда Жамбыл облысында адам саудасына қатысты 6 бірдей қылмыс тіркелген. Оның бесеуі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Ал соңғы қылмыстық оқиға ел жадынан әлі ұмыт бола қойған жоқ. Тараздық перзентханалардың бірінде босанған келіншек араға 3 күн салып мекемеге қайта оралып, бөтеннің баласын ұрлап, сатып жібермек болған. Баласын кезекші медбикеге қарай тұруға тапсырып, ананың асханаға кетуін күтіп тұрған қылмыскер сәбиді қол дорбасына салып, сыртқа алып шыққан.

Медбике жұмыс телефонына қоңырау түсіп, «көз жазып қалдым» деп ақталады. Бала ұрлығы бейнекамераларға түсіп қалған. Дәрігерлер бірден құқық қорғау органдарына хабар береді. Оқиғадан кейін қаланың перзентханаларында бірден кіріп-шығу тәртібі күшейтілді. Ал қылмыскер 22 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны болып шыққан. Перзентхана маңындағы қонақ үйлердің бірінен табылған нәресте бірден анасына қайтарылған.

Адам қалай «тірі» тауарға айналады?
2000-жылдары азаматтардың еңбегін қанаудан гөрі жыныстық қанау мәселесі бірінші орында болатын. Тиісінше, адам саудасының негізгі құрбандары – әйелдер еді. Қазір жағдайдың тұтастай сипаты біршама өзгерген. Бүгінде әйелдерге қарағанда, ерлер адам саудасының потенциалды құрбанына айналып отыр. Яғни бұл азаматтардың еңбегін қанау фактілерінің, құлдықта ұстау деректерінің көбейгенін аңғартады.

Көбінесе ерлерді ауыл және мал шаруашылығына немесе құрылыс жұмыстарына жегеді. Мұның басты себебі – елдегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуі. Қаржы жағынан тығырыққа тірелген адам түрлі тәуекелге баруға дайын. Кейде азаматтарымыз заңды түрде Қазақстаннан Ресейге аттанады, ал ары қарай заңсыз түрде өзге шет мемлекеттердің шекарасын кесіп өтеді. Бөтен елде қанаушылар олардың құжаттарын тартып алып, еріксіз еңбекке жегеді.

Қазақстан азаматтары үшін адам саудасындағы жиі кездесетін сценарийлердің бірі – танысу сайттары мен модельдік агенттіктер арқылы қыздардың БАӘ мен Түркияға экспорты. Еліміздің Орталық Азияның басқа елдерінен айырмашылығы– экономикалық өсу мен географиялық орналасуына байланысты адам саудасының жоғары деңгейіне ие. Әлемдік экономикалық дағдарыс салдарына қарамастан, Қазақстан экономикалық тұрғыдан әлсіз елдердің азаматтары үшін адам саудасына ең қолайлы ел болып қала береді. Адам саудасының ішкі сатылымы негізінен шалғай ауылдар мен мегаполистер арасында қарқынды түрде өрбіген. Әлемдегі барлық мемлекеттер адам саудасының құрбандары үшін «ақырғы нүкте», «транзит» және «тауардың отаны» деп деп үшке бөлінеді.

«Ақырғы нүкте» – зардап шеккен адам жіберілетін жер, «транзит» – «тауарды» уақытша ұстау орны, «тауардың отаны» – адамдарды одан әрі пайдалану үшін сатуға алып кететін бастапқы нүкте. Бұл жағдайда адам саудасымен айналысатын әккі мамандар визасыз режимдегі елдерді таңдайды. Трансұлттық сипат алған қылмыс түрі ірі қылмыстық топтарға қыруар пайда әкеледі. Сарапшылардың пікірінше, аталмыш қылмыс түрі үлкен шиеленіске түскен елдерге – Қазақстан, Украина, Ресей, Молдова, Беларусь пен Батыс Балқан елдері жатады. Ал Еуропа елдері негізгі тұтынушы мемлекетке айналған. Жаһандық құлдық индексіне сәйкес, қазір әлемде шамамен 40 миллионнан аса адам құлдықта өмір сүреді. Жыл сайын адам сатудан түсетін табыс көлемі 150 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қылмыскерлерді құрықтау неге қиын?

Адам саудасының иіріміне көбінесе шетелдік азаматтар жұтылып кетеді. Себебі олар барған елдерінің тілін білмейді, тәртібі, заңы бейтаныс. Ал кейбір құрбан болған азаматтар өздерінің арыз-шағымдарын қайтарып алады. Мұның бірінші себебі – құқықтық процестердің ұзақтығы. Азамат бұл елде әрі қарай қалуға қорқады, жақындарын сағынып, еліне оралуға асығады. Екіншісі, дәлелдерді жинау үлкен құлшынысты қажет етеді. Алайда істің әрі қарай жүруіне жәбірленушінің жалғыз арызы аздық етеді. Үшіншісі, сексуалды қанаудың құрбандары намысының аяққа тапталғанына қорланады. Жәбірленуші арыз жазған жағдайда қоғам тарапынан моральдық қысымға душар болады. Ал құқық қорғау органдары мамандарының істі тоқтатудағы жалғыз классикалық себебі – қылмыс құрамының болмауы екен.

Мигранттар контрабандасының қызмет көрсету нарығында қолға «тірі» тауарды оңай түсіру үшін онлайн сервистер пайдаланылады. Ал Internet World Stats мәліметтері бойынша Қазақстанда интернет арқылы адам саудасын жүзеге асырудың, ақпарат табудың аса қиындығы жоқ. Бұл киберқауіпсіздіктің нашар екенін айғақтайды. Егер Қазақстан азаматы елден заңсыз шығарылса және қанауға ұшыраса, мемлекет ол азаматты қайтаруға, аудармашы мен адвокат қызметіне және басқа да шығындарға арнайы қаражат бөледі. Мұны жүзеге асыру үшін жәбірленуші немесе оның туысы өтініш жазу керек. Сонымен қатар зорлық-зомбылық, заңсыз әкету және басқа да қылмыс фактісін растайтын құжаттарды қоса беру керек.

Мен шетелге жұмыс істеуге кетіп барамын. Өзімді қалай қорғаймын?
Қатыгездік (тұрмыстық зорлық-зомбылық, еңбек және жыныстық қанаушылық) фактілері анықталған жағдайда көмек алу үшін республикалық «11616» сенім телефонына хабарласуға болады.

Көші-қон кезінде әрдайым сыртқы және ішкі қауіп-қатерді қаперде ұстау керек. Егер өзге елге жұмыс істеуге барған мигрант жұмыс берушілермен қарым-қатынасын құжат түрінде рәсімдемесе, онда ол автоматты түрде тәуекел аймағына түсіп, қауіпке тез ілігеді.
Бірінші. Тәуекелдерді бағамдаңыз.
Екінші. Өзіңізді жұмысқа алған ұйым немесе жеке тұлға туралы көбірек ақпарат алыңыз.
Үшінші. Мүмкіндігінше, ұшуға дейінгі дайындық бағдарламасынан өтіңіз.
Төртінші. Елшіліктердің, консулдықтардың және диаспоралардың байланыс нөмірлерін алыңыз. Сондай-ақ құжаттардың көшірмелерін, фотосуреттеріңізді, жұмысқа қабылдайтын ұйымның байланыс нөмірлерін, мекенжайын жақындарыңызға қалдырыңыз.
Бесінші. Бірінші күдік туындаған кезде өзіңізді құтқаруға арналған операцияны бастап кетіңіз.
Алтыншы. Полициядан, қарапайым адамдардан немесе клиенттерден көмек сұрауға қорықпаңыз. Бұл – өзіңізді құтқару үшін тиімді мүмкіндік.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған