Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адам болам десеңіз…

0 28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында адам мінезінің ерекшеліктеріне тоқталып өткен болатын. Иә, қайткенде ұрпақ саналы болмақ, өрендеріміздің өрісін кеңейтіп, табысқа, мүмкіндікке, алғырлық пен зеректікке жетелеу үшін не істемек керек деген ой кімнің болсын алқымынан алып, санасын сан саққа жетелейтіні бар. Бұл сұрақтарды жік-жапар етіп жіктеп, талдап, оқып шықтыңыз. Кім қандай ой түйді?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Президент Жолдаудың «ХI. Ұлттың жаңа болмысы» тарауында: «Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз», – деді. Ендеше, біз де үн қосып көрелік.

Білім мен еңбек – бәрін жеңбек

Қара байыр тіршілікте қара баласын қарайып қалмасын деп қорада қатығына қарап отырған жалғыз қара сиырын сатып, перзентіне пұл етіп беріп, қара шаңырақта қара шай мен қара нанға қарап қалған отбасылар бар. Сол перзентін ақылына ақыл қосылсын, ер үмітін ақтар ер болып өссін деген ата-ананың арман-тілегі орындалса құба-құп. Кей-кейде дәл осындай «шықпа, жаным, шықпаның» жағдайында отырып, күйбең тіршілікте күйсеп қана күнелтіп жүрген жағдайда да, қолындағы барын жолына жұмсап, ұл-қызын оқысын-тоқысын деп жіберетіндердің үміті ақталса дейсің. Сенген бала оқу-білімді санасына құюдың орнына түзде түнеп, қылығы мен былығының ізімен кететін кездер жоқ емес, мойындайықшы. Сонда қателік қай жерден кетеді өзі?

Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанша жер оздырып, бел тоздырып жүріп баласына тиын тауып, «ешкімнен кем болмасын» деген ниетпен тапқан-таянғанын ішпей-жемей оқытты, шоқытты. Сөйтіп, ақ тер, көк тер болып жүріп оқытқан баланың бәрі саналы түрде білім алуға ынталы ма? Әлде «Тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керімен жастық шақты айлы түнде қыдыру, әсем болып киіну, әкәку мен сәкәку екен деп ойлайды ма? Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, жастайынан ақ ілімге құмар жеткіншектер жетерлік. Міне, сол жастық шақты босқа өткізбей, болашағымыздың айқын болуы үшін ой-өрісін кеңейтіп, сауаттылығын арттырып, маңдай терімен еңбек етіп жүрген жас буынның ғана ертеңі жарқын екенін жеткіншектің санасына сіңіру қажет. Баланы бесіктен білімге құштар, еңбекке адал болуын қадағалап, қабырғасы қатпай тұрып, ұлт үшін қызмет етуге дағдыландыруды әдетке айналдырған абзал. Қамсыз тірлік кешіп, жетістікке жету жолында аянбай еңбек етіп, білім алуы керектігін ұғындыруымыз керек. Ал аяқасты оқы-шоқы деу – далбасалық. Үйдің қабырғасын тіктемей тұрып, ең алдымен, іргетасы қаланатыны сияқты баланы бесікке бөлеген сәттен-ақ ертеңіне алғашқы қадамдар жасалатынын ұмытпайық!

Болар істің бастауы – дағды

Президент: «Кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс», – депті. Жалпы дағды деп автоматты түрде жасауға дейін жеткізілген әрекетті айтамыз. Ол көп рет қайталанған сәттен жалғасып, қалыптасып отырады. «Негізінен, дағды санасыз қайталау нәтижесінде де қалыптасатын іс-әрекет болуы мүмкін. Соның нәтижесінде әрекетке айналып, оңай, шапшаң әрі дәл орындалып отырады. Дағдының физиологиялық негізі – динамикалық стереотип» дейді бұл жайлы түсініктеме. Мысалы, алғаш сурет салып үйрене бастаған бала бастапқы кезде өзінің барлық қозғалыстарын санасымен бақылап, көптеген артық қимыл жасайды. Мәселен, оның бет-әлпеті, бүкіл денесі, аяқ-қолы бір мақсатқа бағытталып, біраз қиындық тудырады. Дегенмен уақыт өте келе үйреніп алған адам өз қозғалыстарын байқамайтын халге жетеді. Оның орнына жазу-сызуының көркемдігіне, түсіне, мазмұнына ерекше зейін бөледі. Мысалы, спорттық ойындардағы спортшының дағдысын алып қарайтын болсақ, олар әртүрлі амалды тез орындап, шапшаң қимылдайды. Яки кәсіби дағдыланған. Әлдебір еңбек жасап қалыптасқаннан кейін күштеніп, қиналып жұмыс істеу жойылады. Егер ебедейсіздік байқалатын болса, ол адамның әлі өз ісіне икемделмегені деп білуге болады. Дағдыланудың үшінші белгісі – бірқатар жеке амалдарды біріктіріп, одан тұтас бір амал жасай алу. Кәсіби машықтану үшін алдын ала қабылдай алу қабілетінің болуы. Мысалы, машинистка мәтінді көшіргенде, әрдайым оның көзі алға жүгіріп, қолынан озып кетіп отырады. Қолы бір сөзді басқан кезде оның ойында бірер сөз әзір тұрады. Мәнерлеп оқуда да көз бірер сөздің көлемінде болмай, тұтас, тіпті бірнеше сөйлемді қамтиды. Адам мәтіннің мағынасын түсінумен қатар, алдағы сөздердің мағынасын да аңғара алады.

Бұл дегеніміз адам өзінің үйренген іс-әрекетінің арқасында сана қызметтің табысты болуын қамтамасыз етеді. Міне, осыдан атам қазақтың «Қоян сойса да, қасапшы сойсын» деген мақалы пайда болған сыңайлы. Әркім өз ісіне жауапты қарап, кәсіби дағдыланса, ешқашан қателік жібермейді. Және дағдымен іс-әрекет еткен адам жетістікке жетіп, әр жасаған әрекетінің нәтижесінің арқасында табысқа жетіп, нұр үстіне нұр болмақ.

Тәрбие көзі – жауапкершілік

«Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», – деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, тәртіп пен жауапкершілік – егіз ұғым. Одан қала берсе, «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деп ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұн ескерткендей, тәртіп бар жерде тәрбие бар, ал тәрбие жүрген жерде жауапкершіліктің болмауы мүмкін емес. Мәселен, «Әкеге қарап ұл өсер, шешесін көріп қызын ал» демекші, ұшқан ұяның тыныс-тіршілігі – ең басты мәселе. «Әләуләйімі» бітсе, «хәләуләйімі» басталып, күніге ащы су ұрттап жүрген үлкеннен кішілер қандай тәрбие алсын? «Әкесін көрген оқ жонар, шешесін көрген тон пішер» деп те дөп айтқан. Және бұл істің ыңғайына қазақ «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арбаның сонда баратыны» сияқты отбасы, ошақ қасындағы үлгі-өнеге үлкеннің ізетін арттырып, кішінің міндетін ұлғайтатынын меңзейді.

Ағаның іні-қарындастарына берер өнегесі де – сол тәртіп. Бала көргенін жасайды. Гүл ексең, сол жауқазынның көз қарықтырар қауызы бүр ашқанда, құшағың жұпар аңқып, жүзің қуаныштан бал-бұл жайнайтыны сияқты, «не ексең, соны орарсың». «Тауда туған құлынның екі көзі таста, ашаршылықта туған баланың екі көзі аста болады» демекші, барлық жақсылы-жаманды қасиеттер өз үйінің іргесінен, босағасынан бастау алады.

Әділет – ардың ісі

«Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет», – деп Мемлекет басшысы өз Жолдауында әділеттіліктің ең маңызды һәм қажетті қасиеттің бірі екенін атап өтеді.

Иә, қара қылды қақ жарған шыншыл болу көп істің ілгерілеуіне алып келері сөзсіз. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратыны сияқты, кереғар тіршілікте дақ түспеген тазалық қана мың жасамақ. Өйткені өтірік өрге жүзбейді. Шашасына шаң жұқпаған жүйрік, шешіле сөйлеп, көсіле шапқан шешен, мейлі ақылгөй дана немесе өмірін жаңа бастаған жас бала болсаң да, шынның жүзін шымылдықпен түргенде ғана жол болмақ.
Сүйкімді жүз, сымбатты көрік – ол келбет қана. Тек қарауға ғана жарайтын айна іспетті. Ал нағыз адам оның ар жағында. Кейде мыңнан озып, тұлпар атанып, атағы айға жеткен небір жұлдызы жанып келе жатқан дарындардың межесіне жетпей желкесі қиылып, айналасына сый-құрметсіз қалатыны бар. Бұл неден дерсіз? Оның бір ғана жауабы бар. Оған да атам қазақ «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп дәл жауабын беріп қойған. Яки ол өз биігіне жетер жолда шынайылығын жоғалтқан адам болып тұр. Абайша айтқанда, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар», ақ пен қараны айыра алмай, болмағанға болысып, таразы басын тең ұстай алмай, жақынды алыс етіп жібереді.

Тектілік тұқым қуады

«Адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз», – делінген еді Жолдауда.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен ғана озады» деп тағы да Абай атамыздың ақылына жүгіндік. Иә, адам бойына қажет бар асыл қасиет жүре келе, көре келе қалыптасқанымен, бойында ұяты, ары, ақылы болмаған адамның рухани ақауы бар. Яки адам қолымен жасалған түрлі жантүршігерлік қиянкестіктер бойында осы қасиеттердің болмауынан. Ең құрығанда, біреудің ала жібін аттамау, сатқындық жасамау, өтірік айтпау, обал мен сауаптың өлшемі сынды бар асыл қағидаларды жадымыздан шығармауымыз қажет.

Бағзыда қазақ келіндері сәбиі дүние есігін ашқан сәттен нәрестесін дәретсіз емізбеген дейміз. Бұл – тәрбиені талбесігінен бастаған асыл аналарымыздың ұрпақ тәрбиесінің алдындағы арлылығы, адалдығы. Бөбекке айтқан ертегідегі елін, жерін қорғаған тау тұлғалы Толағай, ер мінезді Ер Төстіктердің, Ұлы Отан соғысында қайсарлығымен танылған Ер Баукеңнің ерлігін естіп өскен бала Отанын сүймеуі мүмкін емес. Қарашаш, Ұмай, Домалақ аналарымыздың атын естіп өскен қаракөздеріміз тәні тұрмақ, бұрымына қайшы тисе арланып, ізгіліктің нұрына малынып өсетіні анық. Ал тәні мен жаны жалаңаштанған еуропалық арулардың картинасын көріп өскен қыз бала бойжеткен тұста ауы мен бауы байланбай қалады…

Жетімін жылатпаған қазақтың баласы бүгінде жетімдер үйінің босағасында тәрбиеленуі – жанға қаяу, ұлтқа таңба. Ал осыған кім кінәлі деген сұрақ тікендей қадалады. Тәрбиеден мән, адалдықтан сән кеткен үйдің түтіні түзу ұшпайды. Шешесі шешініп жүрген шаңырақтың қызы қымтанып жүреді деп кім айтты? Әкесі өнеге бермеген ұлдың өмірі өксіп өтпесіне кім кепіл? Мәселен, қазіргі дәуірде «ештеңе етпес» пен «ұят боладының» ортасында тұрмыз. Ендеше, алдымен «ештеңе етпейдінің» соңы қайда апаратынын саралап көрелік. Қонағына астан бұрын арағын қойып, көңілін конягымен білдіріп, терезесінен темекінің түтіні будақтап, босағасынан боғауыз сөздері төгіліп, телефонынан ыржаң-тыржаң, ың мен шыңы таусылмайтындардың үйінің іргесінде өскен баланың болашағы қандай болады деп ойлайсыз? Ал «ұят боладының» соңында уақытты уысына сыйдырып, үнемдеп, алған өсиет-өнегесін өзгенің санасына сіңіріп, тік жүріп, тік тұрудың үлгісімен, оқығаны кітап, тоқығаны ақыл болған ер мен әйелдің ұрпағы қандай тәлім-тәрбие алады? Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін ұмытпайық. Бұл туралы бабаларымыз «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп кезінде бағасын беріп кеткен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.