Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Адам адал болмай қоғам әділ болмас

0 359

Әр адам баласы өзін адалмын әрі әділмін дері тағы да хақ. Алайда кімнің адал және кімнің әділ екендігін дәл өлшеп-пішіп анықтап бере алатын құрал да әзірге жоқ, ойлап табылған жоқ әлі де! Болмасы да анық! Адамзат баласының өзі Жаратылыстың адамға деген адалдығы мен әділдігі!

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінің бір парасын Адалдық пен Әділдікке неге арнады?! Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаевты қазіргі әлемнің және қазіргі адамзат өркениетінің даму барысында жалпы Адам баласының барлығына бірдей ортақ құндылықтардың құны түсіп, әсіресе, Ар мен Ұяттың аяқасты болып қала бастауы және бүкіл адам баласын жамандық пен арсыздықтан сақтап тұратын осы Ар мен Ұяттың санадан өше бастауы алаңдатары анық.

– Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет, – деген Президентіміздің осы айтқан бір ауыз сөзінің мәнінің түп-төркіні осы Адал адам тәрбиелеу мәселесіне келіп саяры да бар.

 Міне, Президент айтып отырғанындай, елімізде, яғни, қазақ қоғамында жаңа этика қалыптастыру мәселесі Адал адамға байланысты болмақ. Бойымызда адалдық болмаса, Қасым-Жомарт Тоқаев: «бәрінен биік тұруға тиісті» деп айтып отырған «отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер» қайдан келеді, кімнен дариды? «Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» және де «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар», – дейді Президентіміз.

 Және де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев адалдық категориясын парасаттылық пен адамгершілік белгісі деген тұжырым жасайды. Әбден жөн! Сол парасаттылық пен адамгершіліктің түп негізі Отанға және Отбасына деген адалдық бәрінен де биік тұруға тиісті деген қағидатты алға тарта отырып, Мемлекет басшысы «адал табыс, адал еңбек» деген қос қанатты қос ұғымды текке ұштастырып отырған жоқ.

 «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір айтқаны Қазақстан қоғамы үшін берік ұстанатын қағидаға айналса етті. «Арлы адам әділетсіздік жасамайды!..» Мемлекет басшысының осы сөзін тереңдете тарата айтар болсақ, барша адам баласының арлы болмағы керек!

 Біз үшін, нақтырақ айтар болсақ, қазақстандық қоғам үшін Арлы адамның көбірек болғаны және де ендігі арада өз ұрпағымызды арлы етіп тәрбиелеу мәселесін алдыңғы орынға шығарғанымыз абзал. Арлы халық және арлы ұрпақ қана өз елін көгерте алады, бақытты бола алады.

 Бұл арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымындағы мына бір: «Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – дегені Ұлттық болмысымызға сіңісуі қажет.

 Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдарының қазіргі кезде бәсі бар құндылықтардан биік тұрмаса, төмен тұруы мүмкін емес. Өйткені, бізең әуелі елдегі жемқорлықты жоюға және ел мүддесіне сай шешімдер қабылдап отыруға барынша мүдделіміз. Бұл екеуі тек Адал азаматтың ғана қолдарынан келері анық. Әділетті Қазақстан үшін күрес ең әуелі жемқорлық пен заңсыздыққа қарсы күреспен басталып жатқаны да, осы бағытта саяси жаңа реформалар жасалып жатқаны да сол!

 «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек,-дей отырып Президенттің Ұлттық Құрылтайда осы айтқаны қазақстандық қоғамда ұлттық құндылықтардың бірі тіпті бірегейі болып тұруы қажет. Ұлттық бірегейлікті нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін алда жүйелі түрде жасалуға тиісті жұмыстардың сегіз бағытын Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылап берді.

 Сонымен қатар Мемлекет басшысының «әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет»,– дегеніне қосыла отырып, «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырғаны және де келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендердің табысталатындығы халқымыздың айбынын асқақтатын, мемлекеттің мерейін асыра түсетін болары анық.

 Дегенмен, осы күндері ерінбеген және қаржысы бар кез-келген адам, соның ішінде түрлі қоғамдық қорлар мен ұйымдар өз «ордендері мен медальдарын, төсбелгілерін» оп-оңай жасатып ала қоятын болды. Бәлкім дұрыс та шығар?! Бірақ құнын түсіріп алып жүрген жоқпыз ба? Президентіміз осы наградалар мәселесін айта келіп, «Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады», – деді. Міне, сол жұмыс барысында біз қозғап отырған мәселе де назардан қағыс қалмаса екен.

 Келелі басқосуда Президент жедел атқарылуға тиісті жұмыстарды да нақтылы атап көрсетті. Президентіміз алдағы уақытта жарық көруге тиісті жинақтың бірыңғай үлгіде безендірілуінен бастап, «көп томдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек», – деп мұның аса маңызды мәселе екендігін тіпті де орынды айтып отыр.

 «Мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек!» Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтып отырғанына асқан жауапкершілікпен қарасақ етті. Кейде қазақ тілінде жарық көріп жататын тарихи кей жинақтардың мәтіні ауыр, түсіну қиынға соғып жататыны да жоқ емес, бар. Мейлі, ол «ғылымның тілі ме», әйтеуір бәрі де қазақтың сөзімен айтылады ғой. Сондықтан да ғылыми әрі тарихи еңбектердің де кез келгені халыққа түсінікті боларлықтай қазақы ұғыммен жазылуы керек деп санаймыз.

 Тарихи танымды кеңейту үшін Президентіміз өте бір өзекті мәселеге көңіл бөліп, баршамыздың назарымызды аударды. «Төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ» дей келіп, Мемлекет басшысы «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн», – дегені әбден орынды. Қазіргі уақытта ауылдарға, қала көшелеріне ат беруді сұраған, ұсынған талап-тілектердің кез келген әкімдікте ұзын-сонар «кезегі» қалыптасты. Кей жағдайда осы мәселе саясиланып та кетеді, кейде алауыздыққа да апарып жүр. Ендігі арада осыған жол бермес үшін ономастиканың жаңа бір тәртібін қалыптастырып, орнықтыру қажет. Президентіміздің «Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы», – деп атап көрсетуі өте дұрыс.

 Жасыратыны жоқ, біз халқымыздың аса құнды тарихи жәдігерлерінің көбін жоғалтып алған халықпыз. Соларды жинақтау, әлемнің түрлі мемлекеттерінің музейлерінде тұрған ұлттық бағалы жәдігерлерімізді қайтарып алу жұмыстарымен бірге, қолдағы барын дәріптеу, жер-жаһанға таныта білудің кезі келіп жетті енді!

 – Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі, – дей келіп, Президентіміз біз ендігі арада тарихи Ұлттық құндылықтарымызды елімізді танытумен бірге, еліміздің кәсіпкерлігін дамытудың төте бір жолы деп қарастырғанымыз абзал. Мысалы «Эйфель» мұнарасы арқылы жұрт Парижге баруға құмартады. Сол елді тани түседі. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы, басқа датарихи және мәдени құндылықтарымыз арқылы біз әлемге Қазақстанды кеңінен таныта түсетіндей ұлттық брендтерді қалыптастыра білсек етті.

 Мемлекет басшысының «Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр», – дегенін назарға ала отырып, ендігі арада «адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымызды» өз елімізде де, өзге әлем елдеріне таныту ісіне барынша жауапты болып, әрқайсымыз соған ынталы болуға тиістіміз.

 Сондай-ақ өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ұрпақ тәрбиесін Президентіміз айтып отырған «Қайтсек табысты елге айналамыз?», –деген мақсатпен ұштастыра жүргізілуге тиісті ғой деп ойлаймыз. «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқандарының үштағанын – білім, ғылым және мәдениет саласын дамытуға қазір үлкен көңіл бөлініп отырғаны да тегін емес. Ұрпағымыздың болашағы мен ұлтымыздың жаңа болмысы осы үштағанның бірегейлігі арқылы анықталары да анық.

 Осы құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды алаңдатып отырған кей келеңсіздіктерді тек Мемлекет басшысы ретінде ғана емес, қазақтың бір азаматы ретінде жасырмай айтқанын ұлттың болашағына деген алаңдаушылығы мен халқына деген жанашырлығы деп айтар едік. «Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр», –дей келіп Мемлекет басшысы «соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді», – дегені әрқайсымыздың көкейімізде жатқан сөз еді, тіпті алаңдатып отырған жай еді. «Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді», – деген және де «Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс», –деген Президентіміздің осы айтқанын біз де өз ойымызға арқау етіп отырмыз. Ендігі арада әр ата-ана және бала бақшалар және мектептер балаға дұрыс тәрбие беруді Мемлекет алдындағы міндет деп қарағандары да абзал.

 Сонымен бірге құрылтайда айтылған алтыншы міндеттің де қазақстандық қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеуді қамтамасыз етудегі маңызы зор. Осы алтыншы міндет төңірегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында», – дей келіп, әзірге әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінгенімен, жұмыстың жүйелі еместігін, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығатындығын да анық айтты.

 Жалпы, талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды», – дей келіп Мемлекет басшысы «құзырлы органдардың отандық «ақыл-ой орталықтарымен» және консалтинг компанияларымен қарым-қатынасының тиімділігі төмен. Олардың қызметіне қажет болғанда ғана жүгінетіндігін және де «Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейтіндігін» де жасырмай айтып отырғандағы себебі, «Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар» екендігін ұғынуға тиістіміз.

 Құрылтайда Президентіміздің шекаралар аймағындағы елді мекендер тарап кетіп, ел шеті жалаңаштанып қалды деген халықтың ұзақ уақыттан бері алаңдаушылығына мән беріп, нақтылы шаралар қабылдағаны елдің үлкен ризашылығын тудырып, қуанышқа бөлеп тастады. Осы орайда «Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев мұның аса маңызды қадам екендігін «Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды» деген тарихи сөзімен қуаттады да, халқын қуанта білді.

 – Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек, – деген Президентіміздің осы бір айтқанына сенетін кез әлдеқашан болғаны да анық. «Біз бабалар аманатына әр дайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз, – дегені бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал сөзі!

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда», –деген пікірінің жаны бар.

 Кейде бір тілге жаны ашығыштардың «қазақ тілінің» мұңын мұңдап, жоғын жоқтағансып қоғамда белсенді болып, арзан бедел мен арзан абыройға ие болғысы келетін пиғылдарын да көріп жүрміз. «Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз!» Мемлекет басшысы халқының алдында осыны айтты. Ал әзірге, «дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз» және де «Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз – айқын, баршаға түсінікті, – деген Президентіміздің сөзіне тоқтай білгеніміз де абзал.

 Қазіргі уақытта елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей пәрменімен батыл жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың басты мақсаты да мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту арқылы, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру болса, бұл орайда алғашқы қадамдар жасалып та жатыр. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсатын Президентіміз өзі сипаттап айтып берді. «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы!», –дейді Мемлекет басшысы.

 Ендігі арада Әділ Қазақстанның мемлекттік қызметкері қандай болуы керек деген ой туары анық. Сол ойымызға орай Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни, нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес», – дегенін әр деңгейдегі ірілі-ұсақты басшылар да, мемлекеттік қызметшілер де ескеруі керек. Осы арқылы біз Қазақстанның жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметшісін қалыптастыра аламыз. Халықтың алдында абыройлы болудан асқан міндет те, парыз да болмауы керек. «Президент – әулиеемес, халықтан биіктұлғаемес!» Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзін төрелететін болсақ, ол баяғы Сырым Датұлының «Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы» деген ұлағатты сөзін ойға оралтты.

 Және де Президент қандай болуы керек және ол кім, басшы қандай болуы керек, оның міндеті не деген сауалдарға Қасым-Жомарт Тоқаев «президент халықтың жалдамалы менеджері», ал, мемлекеттік қызметкерлер тек халық қызметшісі деген тұжырым жасай отырып, осы категориялардың бәрін де қоғамның «Адал азамат болу» атты ең басты адами парызбен ұштастыру арқылы Адалдық пен Әділдікті ту етіп көтереді.

 Сөз соңын Мемлекет басшысының аталған құрылтай сөйлеген сөзіндегі «Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Адал азамат болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз», – деген ойымен аяқтағанды жөн санадым.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, драматург

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.