Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адалдық пен әділдік – басты қағида

0 649

«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.

Кейінгі жылдары елімізде Президентке, билікке деген сенім орныға бастағаны байқалады. Әсіресе өрт, су тасқыны сияқты табиғат апаттарына байланысты қиын сәттерде жедел қимылдап, дұрыс шешім қабылдады. Мұның өзі халыққа үлкен күш-жігер берді. Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккендердің үйлері жөнделіп, жаңа үйлерге қоныстанып, баспаналы болып жатыр. Осы аймақтардағы мектеп бітірушілер жеңілдікпен оқуға қабылданды. Яғни басына түскен қиындықты билік халықпен бірге жеңіп шықты.
«Таза Қазақстан» деген қағиданы ұстанған әрбір азамат тұрғылықты жерін ластамауға, қоқыс тастамауға бекініп, тазалау жұмыстарын жиі-жиі өткізіп жүр.
Көшелер жөнделіп, аулалар абаттандырылып, көгалдандырылып, күтім жасалуда. Балалардың ойын аумағы, спорт алаңдары да назардан тыс қалған жоқ. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы үнемі қадағаланып отыр. Осындай жағдайлардың адал еңбекпен жасалып жатқанына ел куә.
Білім беру мекемелері жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне көп көңіл бөледі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Ұйымдастырылып жүрген түрлі іс-шаралар жастарды сөзіне берік, ісіне адал, халқына қалтқысыз қызмет ететін мықты азамат болуға тәрбиелейді.
Адал еңбекті насихаттап, қарапайым еңбек адамын құрметтеп, жастарға үлгі етіп көрсету бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып отыр. Бүкіл қоғамның үлкен бір бөлігі – жастардың сана-сезіміне жаңа құндылықтарды орнықтыру ісіне ұстаздар аянбай еңбек етуде.
Адал азаматқа тән қасиеттердің барлығы дерлік әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Президенттің «Адал азамат» ұғымы Абайдың «Толық адам» ілімімен сәйкес келеді. «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай: «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі», – деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды», – деген Президенттің сөзі әрбір қазақстандықты жігерлендіре түседі.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылар қауымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адалдық пен әділдік туралы тұжырымын толық қолдайды. Оны жүзеге асыру жолында барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жас ұрпақтың қоғамның лайықты азаматтары болуына үлкен үлестерін қосады.

Жаңыл Қожахметова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.