Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақжайықты толқытқан жыр

0 235

Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты республикалық мүшәйра мәресіне жетіп, әріптесіміз Арайлы Жақсылық ақын атындағы арнайы жүлдені иеленіп қайтты.

Думан САХИ

Әуелден екі құрлыққа ортақ мұнайлы астана Атырау елі байтақ Отанымыздың экономикалық өсімінде едәуір дүмпу жасағаны белгілі. Ал бұл жолы өңір өзінің қазақ руханиятына деген құрметімен көзге түсті. Алты алаштың айбынды аруларының ізін жалғай, қолына қалам алып, күллі жыр сүйген жүректердің көңіл пернесін ағытып, поэзия падишасына айналған Фариза Оңғарсынова атындағы «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты ақындар мүшәйрасы осы мұнайлы өлкеде Алтай мен Атыраудың арасынан ат арылтып арнайы жеткен жас шайырлардың басын қосты. «Атырау елі, өзіңмен, күллі қазақтың бағы байтақ-ау», – деп ақын Меңдекеш Сатыбалдиев жыр еткендей, расында, Атырау тарихтың да, мәдениет пен руханияттың да алтын бесігі іспеттес. Жыр додасында топ жарып, Тараздан арнайы аттанған әріптесіміз атыраулықтардың төл перзентіне деген құрметіне ризалығын жеткізді.
– Жүрдек пойыз Атырау вокзалына тоқтаған сәттен кеудені ерекше рух биледі. Бұл шаһар асқақтық пен айбынның, өрелі биіктіктің мекені іспеттес. Кешқұрым Атыраудың жас ақындарымен Ақжайықтың жағасында сейілдеп қайттық. Шәмшінің әніне арқау болған ерке өзеннің түнгі келбеті де жанарға тосын көріністерді әкелді. Түнгі жарықтарға шағылысқан су бетінде үзік сыр жатқандай. Қаланың қақ ортасында Фариза апамның еңселі ескерткіші бой көтерген. Бұл өлкеде сонау XV ғасырда Қазтуған, Шалкиіз, Шернияз сынды жыраулар, өр Махамбет, бертінде Әбу Сәрcенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды тұлғалармен қоса қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтай таланттар дүниеге келген. Бұл топырақ сонысымен де қадірлі, сонысымен қастерлі. Әулиелі Тараздан Ақжайықтың жағасына жыр оқуға келген менде арман жоқ, – дейді Арайлы.
Жыл басында жарияланған жабық мүшәйраға 100-ден аса шығарма келіп түскен. Олардың ішінде 20 ақынның туындысы қазылар алқасының қызу талқысына түсіп, 8 ақын жүлделі болды. Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы, «Руханият» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған республикалық мүшәйра Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын дәріптеуді, жас таланттарға қолдау көрсетіп, жаңа есімдерді халыққа жария етуді мақсат тұтқан. Айтулы шара поэзия падишасының ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталған. Ал әріптесіміз облыстық «Atyrau» арнасының «Бізбен бірге» бағдарламасына оралдық ақын Жанерке Ғинаятпен бірге тікелей эфирге шығып, шығармашылықтарындағы жаңалықтарымен бөлісіп, атыраулықтарға туған елдің сәлемін жеткізген.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында өткен марапаттау рәсіміне өңір басшысы арнайы келіп, Фариза Оңғарсынова туралы естеліктерімен бөлісті. Күллі қазақ руханиятының көшінде өзінің өр мінезімен, асқақ жырларымен ерекше орын алған тұлғаның көзі тірі кезіндегі қайраткерлік болмысы жөнінде бұл жиынды көп айтылды дейді әріптесіміз.
Жыр додасының қорытындысында жүлделі үшінші орынды Тоқтарәлі Таңжарық, Динара Мәлік, Жанерке Ғинаят иеленді. Екінші орынның тұғырынан Батырхан Сәрсенхан, Асыланбек Шығыров көрінді. Бірінші жүлдені Қалқаман Сарин еншіледі. Ал әріптесіміз Арайлы Жақсылыққа Фариза Оңғарсынованың отбасы атынан ұлы Алмас Оңғарсынов пен немересі Алан Айварұлы арнайы жүлде тапсырды. Мүшәйраның бас жүлдесін қарағандылық ақын Мирас Асан жеңіп алды. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жеңімпазға жүлдені өз қолымен табыстап, шалқар шабыт тіледі.
– Бүгінгі өлеңнің тойы, ақын тойы Атырау еліндегі шымылдығын ашты. Қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген жақсы сөз бар. Жазба поэзия өкілдерінің қатысуымен өткен бұл байқау шын мәнісінде талантты жастардың келешегіне қанат бітіреді деген ойдамыз. Аса күрделі, жұмбақ, асқақ ақынның өлеңдегі бейнесін жасауға талпыныс білдірген 100-ге тарта үміткердің арасынан озық шыққандар бүгін Фариза Оңғарсынқызының туған жеріне келіп отыр. Фариза апамыз жүздеген жас талантты қанатының астына алған қамқор ұстаз болды. Ол тұсауын кескен көптеген жастар бүгінде қазақ әдебиетінің белгілі өкілдеріне айналып үлгерді, – деп атап өтті аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Расында, аталмыш мүшәйра өрелі ақынның 80 жылдығына арналған торқалы тойдың тек басы ғана. Атыраулықтардың бұл тойға дайындығы қызу. Біз өз кезегімізде тарихи Тараздан Ақжайықтың жағасына жыр толқытып жеткен әріптесіміз Арайлы Жақсылықты жүлдесімен құттықтап, шығармашылықтың асқақ шыңын тілейміз.

Аңсар
(Фариза Оңғарсыноваға)

Ғұмырдың көші жалт беріп өтсе,
Жарқ ете қалып жасындай.
Жанымның дерті барымды кешсе,
Өзімді өзімнен жасырмай.

Табынар едім сол құдіретке,
Құтым бір тасып, жан ысып.
Тіршілік салар жара жүрекке,
Сана мен сезім алысып.

Адасқақ көңіл алысып келіп,
Іздейді мейір, о несі?!
Ессіздік демі жаныма серік,
Есіркемейді неге осы?!

Дәрменің жетсе дүние, шіркін,
Қабыл ет жанның дүрмегін.
Құсни көңілге бағынып еркім,
Мен Асқақтықты іздедім!

Айтатын күнге,
Айтатын түнге,
Ақында дейді көп нала.
Бас ұрдық елге,
Жасырдық көзге,
Біздерді ұқты көк қана!

Аңсарым көк деп,
Арманым жоқ деп,
Ағытар едім бойдан сыр.
Тағдырға өкпе айтамыз текке,
Дәруіш-дауа қайран ЖЫР!

Дәуірге – өлең,
Ғасырға – ғазал,
Тысқары уақыт белдеуден.
Жаратқан хаққа бұрарда назар,
Өлеңи дұғаң дем берген!

Жасқана барып, үңілем терең,
Қасқая қарап тұр Ақын!
Аңсарым менің – айбынды өлең,
Асқақтық екен шын атың!

Апа…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.