Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аңызға айналған ақиқат

0 116

Қазақтың қаһарманы, тау тұлғалы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті мен қала әкімдігінің білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығы Тараз қаласының мектеп оқушылары арасында «Аңызға айналған ақиқат» атты жас қаламгерлер байқауын өткізген болатын. Батыр Баукеңнің мерейтойына орай ұйымдастырылған додадан шығармалары үздік деп танылған эссе, очерк, арнау өлеңдерді жариялауды жөн көрдік. Қаламың қарымды болсын, жас қаламгер!

Сөз зергері, ой зергері – Бауыржан

(эссе)

Осы байқау туралы естігенімде қатты толқыдым әрі қуандым. Толқыған себебім, атамыз туралы жазу менің қолымнан келе қояр ма екен деп қорықтым. Ал қуанғаным, Бауыржан туралы жазудың бір орайы келген сәті болар деп ойладым. Иә, неден бастасам екен? Ұстазымның маған сеніп тапсырған тапсырмасын орындамас бұрын, Бауыржан атамыз туралы бірнеше материалдар мен бейнефильмдерді қарап шығуыма тура келді. Содан, менің ойымда Бауыржанды Бауыржан еткен қандай күш деген сұрақ туындады. Меніңше, ең алдымен, өзінің елі, алтын бесігі деп ойлаймын.

Өйткені даналарды тарих толғатып, аналар босанады. Ал тарих дегеніміз – ел тағдыры. Ол тағдыр ерлер тағдырынан түзіледі. Ерлер тағдыры – ел тағдырын тұйықтап шығаруға бағытталған табанды күрес. Сонымен, Бауыржанды Бауыржан еткен, ең алдымен, елі екен. Ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жеткізе білген асыл сүйек, абзал рухты туған халқы – қазақ халқы деп білемін. Екіншіден, Бауыржанды Бауыржан еткен және бір шешуші күш – оның тартысқа толы шытырман заманы болды десем қателеспеген болармын.

Әрине, мен бүгін атамыздың көңілге теңіз суындай терең, тау шыңындай асқар ой салар дана сөздеріне тоқталып өткенді жөн көрдім. Атап айтсам, «Өмір үшін өлгенше күрес», «Өмір сүргің келсе, сүріне істе», «Тізе бүгіп тірі жүргенше, тіке тұрып өлген артық» деген өз сөзін өмірлік ұстанымы ете білді. Қандай керемет айтылған сөздер десеңші! Ойдан көсіліп шыққан бірнеше нақыл сөздері батырды шығармашылық тұрғыда биіктете түсті. Оның ащы шындық айқайы тек нақыл сөздерінде ғана емес, «Біреулерге», «Омарбекке» деген өлеңдерінде 1930 жылғы асыра сілтеу мен ашаршылықтың себепкері ұрда-жық надан белсенділердің сотқарлық қылығын былай баяндайды.

Қалды ма айыр тұяқ елде малдан,
Жалғыз сиыр қалмады «ет планнан».
Ел етсіз, бала сүтсіз қалып кетті,
Барып ең уәкіл болып сен ауданнан, – деп қазақ жұртын қайғылы қасіретке ұрындырған қара бұлттың қоюланып келе жатқан қалпын дөп басып, дәл суреттеген.
Отты сөздері арқылы бұл зорлыққа өзінің іштей наразылығын жеткізген. Бауыржан бойындағы шыншылдық пен әділдік, пікірдегі батылдық балаң шағында жазған тырнақалды өлеңдерінің өзінен айқын аңғарылып тұр.

Жалғыз осы туындының ғана емес, барша өлең-жырлардың да мазмұндылығы, ой жүйелілігі батыр бойындағы ақындық қуат бүршігінің ерте белгі бергендігін айқындай түседі. Бірде шәкірттеріне шығарма жаздырып, қабілеттерін байқау үстінде мектеп ұстазы Тәңірберген Отарбаевтың бала Бауыржанға «Сенен ақындықтың иісі шығады» деп айтқандығы осыны айғақ етіп отырған жоқ па? Батырдың төл қаламынан шыққан күрделі туындыларының бірі – «Досыма» деген өлеңі. Бұл – автордың ішкі монологы түрінде көне жыр үлгісімен жазылған туынды.

Қолбасшы болсаң сондай бол,
Жосылып жатқан жолдай бол,
…Жүк көтерген нардай бол…
Өлең жолдарындағы «жолдай» – мінезі қатал, «нардай» – қайратты, батыл, «шалдай» – ақылға берік, ойға жүйрік, «таңдай» – ақжарқын, пәк, «ордай» – қарсыласпаққа дайын деген мағынаны білдіреді. Бұл ақынның тереңнен қазып алынған көңіліндегі шынайы ойлары деп білемін.

Қорыта айтқанда, Бауыржанның пірі – шындық. Оның шығармалары бастан-аяқ тек тамаша бір қасиетке – шындық атты ұлы сөзге тіреліп жатады. Ол шыншылдықтан бір қарыс та шегінбеген турашыл, кіршіксіз таза азамат. Ол шексіз бай адам. Несімен дейсіздер ғой, біріншіден, өзінің алып жүрегімен, екіншіден, қара қылды қақ жарған өжеттілігі мен шыншылдығымен, үшіншіден, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып сақталатын інжу-маржан сөздерімен, төртіншіден, қайталанбас қайшылықты өмірімен бай. Шығармаларын оқи отырып, қалай ғана ой зергері, сөз зергері Бауыржан деп айтпасқа?!

«Ұлы адамдар өз ескерткішінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» деп В.Гюго айтқандай, Бауыржан атамыздың ескерткішінің тұғыры – өз өлеңдері мен шығармалары, ал мүсіні – атамызға арналған зерттеулер, пікірлер, мақалалар мен шығармалар, өлеңдер. Міне, мен де бүгін Бауыржан атамыздың кішкентай мүсінін жасап шығардым деп ойлаймын.

Нұрай Әбдірашит,
№47 орта мектебінің 6-сынып оқушысы

Бауыржан Момышұлына сағыныш

Бауыржан ата! Сізді көру бақыты бұйырмаса да, ерлігіңізді оқу бақыты бұйырыпты. Атыңызды естігенде, бірден суық жүзді, денелі, қатал адам бейнесі көз алдыма келеді. Ол – ол ма, батырлық дегенде де, ең әуелі, көзіме сіз елестейсіз. Әкемнің үйреткені ме әлде қазіргі жігіттердің көңілімді күйреткені ме?… Әкем бала кезден құлағымызға сізді айтып, әсіресе, ағаларымды сіздің есіміңізбен тәрбиеледі. Үнемі ерлігіңізді айтып мақтанып отыратын. Бірде ағам далада ойнап отырғанда, әкем жұмыстан келіп, баласын сынайын деп: «Есиркепович, бері кел», – дегенде ағам жүгіріп келген еді.

Сонда әкем: «Балам, ұрысайын десем баламсың, ұрыспайын десең тағы болмайды. Есіңде болсын, сенің тегің – Есіркеп, бұрмалап айтса, ешқашан мойныңды бұрма. Білсең, кешегі Баукеңе батыр атағы берілетін жиынға Баукең бармай қойған. Сонда «Осындай дәрежеге жетіп, бармағаныңыз қалай?» дегенде: «Менің тегім – Момышұлы», – деп айтқан екен. Сен де дәл сондай бол. Себебі тілің – сенің байлығың. Байлығыңды намысым деп біл. Намысың сені өлтірмесін, балам. Есіңде болсын, «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», – деді әкем. Содан бері ағам да, үй ішіміз де ешқашан орыс тіліне бұрмалағанда, онша мән бермейміз. Бұл әкемнің бізге берген тәрбиесі болса, сіздің естен шықпас жадымыздағы ерлігіңіз!

Бауыржан ата, сіз мені сөзіңізбен де, ісіңізбен де таң қалдырған менің ертегімдегі басты кейіпкерсіз. Сонау сұрапыл соғыс кезінде қаптаған жауға бір қолымен төтеп берген, бір қолымен қан жағылған қаламмен жыр жазу екінің бірі жасайтын ерлік емес! Еһ, мына қоғамға сіздей бір жанды қайта жіберсе, бәрі басқаша болар ма еді? Шындығында, ес жиғалы қоғамнан сіздей батырды іздеп жүрмін. Дәл сіз секілді қайтпас қайсар мінезімен елді тамсандыратын, шындықтың уын ішіп, ел дегенде еміреніп тұратын азаматты көрсем, бірден басымды иер едім.

Тағы да көңілімде жүрген бір ой бар еді, біз сізді батыр десек, сіз әйелді батыр депсіз: «Әлемдегі ең батыр адам – ол әйел. Мен өз жерімді тастап, бөтен үйде бір күн де тұра алмаймын, ал әйел өзінің үйін тастап, өзге үйге барады. Сол үйдің отын жағып, бірлігін ұстайды. Бұдан асқан қандай батыр адам бар?», – дегеніңіз әлі күнге мені жігерлендіреді. Әйел батыры батыр шығар. Бірақ, ата, қазіргі заман әйелдеріне батыр деу айып па деймін кейде? Қазіргі қыздарға үйлену оңай болған, ал бірлік, бала деген дүние олар үшін ақшадан маңызды емес пе деп ойлайтыным да бар.

Иә, көпке топырақ шашпаймын. Алайда осындай нәрселерді көргенімде, сіздей ақыл айтатын жанды аңсаймын. Расында, қоғамға сіздей адам жетіспей жүр. Ақыл айтатын, халықты түзу жолға салатын, тәртіпке бағындыратын, ақындардың арқасынан қағатын адам керек. Көңіл шіркін іздейді екен.

Қаныменен жазылған қаһарлы жыр,
Ол жайлы мақтау айтад(ы) әрбір тау-қыр.
Халықтың Бауыржанын алып кеткен,
Арман бар ма осы сенде, ажал құрғыр?

Ақбота Есіркеп,
Техникалық шығармашылық
орталығының тәрбиеленушісі

Батыр ата

Бауыржандай атамыздың ерлігін,
Тілге тиек етейінші мен бүгін.
Әрі батыр, әрі дана атамыз
Сақтап қалды барша жұрттың теңдігін.

Қан майданда көзге түскен ерлікпен,
Жеңіс туын желбіретті ел күткен.
Сұрапыл соғыс ортасына атамыз
Қайтпас, қайсар мықтылығын көрсеткен.

Мінез қатал болғанымен, жүрек жұмсақ,
Тәлімі мен тәрбиесін алған ұрпақ.
Қасында жүрген қазақтың баласына,
Мейіріммен қараған көз қырын сап.

Батырлығын барша жұртқа паш еткен,
Барлық жастар атамызды үлгі еткен.
Бауыржандай елін сүйген батыр бол деп,
Құлағыма құяды асыл әкем.

Қол бастаған батыр атам Бауыржан,
Ұқсағысы келеді оған әрбір жан.
Батыр болғым келеді мен де атамдай,
Бір-ақ сөзбен бар қамалды алдырған.

Ел есінен шықпайды есіміңіз,
Әр қазақтың жадында ерлігіңіз.
Сегіз қырлы, бір сырлы қаһарлы атам
Артына өшпейтұғын қалдырған із.

Сіз салған жолмен жүрер ұрпағыңыз,
Аман болсын қазақ елі – Отанымыз!
Көк бөрінің ұрпағы біз тұрғанда,
Жақұттай жарқырайды есіміңіз!

Әлібек Сейдәзім,
Техникалық шығармашылық
орталығының тәрбиеленушісі

Намыстың құлы, Алаштың ұлы

Бұл тарихтың көз салсам жүйесіне,
Ұлы соғыс түседі жиі есіме.
Маған бұлай жыр жазуға шабыт берген,
Тылсымы терең бабалардың киесі ме?!

Жаңармайды тарихтың өткендері,
Шабытымның өсіп тұр көктем лебі.
Осыншама бабаларым қорған болған
Киелі ғой, алты Алаштың көк пен жері!

Сіз биіксіз таудан, биік бұлттан да,
Сіз беріксіз темірден де, кұлыптан да.
Сіздің мына көзіңіздің өзінен
Қорқатындай қасқырың да, Сырттан да.

Сіз қайсарсыз, өжеттілік жоқ емес,
Сізге соғыс жай әшейін төбелес.
Сипаттауға тіл жетпейді тұлғасын
Сондықтан да өлеңім де көп емес.

Ағаш қалай тал болады ормансыз,
Батыр десем, жазушы да болғансыз.
Өшпейтіндей сөздерінің арқасы,
Әлі бардай, әлі бізге қорғансыз!

Тұлғаңыз тұнық, тұрпатыңыз тұр бөлек,
Сіздегі рух, біздегі бойға нұр береді.
Мінезді де, келбетті де айтуға,
Өлең емес, дастан керек, жыр керек.

Жырым жанып жетпесе де алысқа әлі,
Кеудесінде тулап тұрған намыс, кәне?
Қазақ үшін туылған Бауыржан ата,
Қазақ болып кеткен арыстаны.

Басылмаса қара бауыр дала шаңы,
Көк аспанда көк бұлтпенен таласады.
Биігімде Бауыржандай атам барда,
Жырға қосып қайтейін аласаны.

Жүрегімнен жалын оты бұрқап тағы,
Өлеңменен өрнектейін жыр тоқтамы.
110 жылдық құтты болсын атамыздың,
Қыран мінез, батыр баба ұрпақтары!

Арайлым Қойшыбай,
Өмірбек Жолдасбеков атындағы
№50 орта мектебінің 7 «Г» сынып
білім алушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.