Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақындарымыз абырой биігінде

0 168

Поэзия әлеміндегі өзіндік үнімен оқырмандар жүрегін жаулап, өткір мақалаларымен өзекті тақырыптарды қозғап жүрген «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, ақын, журналист Хамит Есаман Жезқазғаннан жүлделі оралып, жерлестерін тағы бір қуантты.

Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына және «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда марапат төрінен көрінді.
Жерлесіміз ҚХА мүшесі, білім меценаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бекзат Алтынбеков тағайындаған «Тұлға» сыйлығы, сонымен қатар Әлихан Бөкейханов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталды.

Хамит Есаманның 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (поэзия) аталымы бойынша екінші орын иегері атанған.
Ақындық пен журналистиканың тізгінін қатар ұстап, олжа салып жүрген әріптесімізге шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз.

Облыстық «Aq jol» газеті «Мәдениет және руханият» бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаев сонау Арқаның төсіндегі кеншілер шаһарында өткен жыр додасынан олжалы оралды. Қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасын Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы өлең бәйгесі Қасым Аманжолов мұрасын ел жастары арасында насихаттауды, дарынды жас шайырлардың танылуына ықпал етуді және еркін елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын дәріптеуді көздейді.

Ал осыған дейін аталған мүшәйраға 300-ге жуық қаламгер қатысып, сынға түскен. Көптеген дарынды жас ақындардың шеберліктерін арттыруға септігін тигізген бұл іс-шара биылдыққа екінші рет бүкіл республика көлемін қамтып отыр.

«Жұлдыз» журналының бас редакторы, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен, құрамында Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай, Қамбар Ахметов, Мирас Асан секілді белгілі қаламгерлер бар әділ қазылар алқасы шығармаларда тақырыптардың ашылуын, өлеңдердің көркемдік сапасы мен стильдік қолтаңбаларының ерекшеленуін ескеріп, жүлдегерлерді анықтаған. Бастапқы үштікте біздің Табиғат ақынымыз бар. Оның жырлары додаға қатысқан осынша дүлдүлдің шығармаларынан үздік деп танылып, екінші орынды еншілеп келді.

Айтулы жыр бәйгесінде аймағымыздың намысын қорғаған ақынға құтты болсын айтып, алдағы уақытта да жеңіс пен шығармашылық табыс тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.