Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақтау шенділері жарылыстан жан сақтау бөліміне түскендер жоқ дейді (Видео)

0 576

Ақтау қаласында кеше кеште «Шерқала» деп аталатын екі қабатты кешенде жарылыс болып, ғимарат қатты бүлінген. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар басқармасы, Ақтау қалалық полиция басқармасының басшылары мен қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай түнгі сағат 12 жарымда тілшілердің алдына шығып, жағдайды баяндады. Оқиға орнына облыс әкімі Н.Ноғаев та келген. Алайда ол тілшілердің алдына шығып, жағдайды елге түсіндіруге ықыласты болмағандай,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі malim.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жалпы жарылыс дыбысы алыс қашықтықтан естілгендіктен қала тұрғындарын дүрліктіріп те жіберді. Апатты оқиғадан көліктер бүлініп, тас кірпіштер біраз аумаққа шашылған.  Апаттан кейін жедел жәрдем көліктері «Шерқаладан» үздіксіз аттанумен болды. Алайда онда кімдердің болғаны туралы сұраққа пікір білдірген жауапты тұлғалар тек оқиғаның ғимаратта жұмыс уақыты тоқтағаннан кейін болғанын ғана айтты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен басқа да күштік құрылымдар басшысы оқиға орнында жағдаймен танысып, тиісті шаралар қабылдау жөнінде жедел кеңес өткізгенін әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап жатты.

 Нұрдәулет Қилыбай, Ақтау қаласының әкімі:

Облыс әкімінен бастап, прокуратура, полиция басқармасы тарапынан барлық жұмыс қолға  алынды. Жарылыс болған нысан жарық пен газдан ажыратылды. Денсаулық сақтау мекемелеріне әзірге ешкім өтініш түсірген жоқ. Сондықтан баршаңызды тек ресми ақпараттарға ғана сенулеріңізді сұраймын.

Бекболат Әбдіқадыров, Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Нысан иесінің сөзінше жарылыс кезінде ғимаратта адамдар болмаған. Жарақат алған адамдар тіркелмеді. Жұмыс атқару кезінде газ балондары сыртқа шығарылды. Ғимарат иесінің айтуынша, үйінді астында әрқайсысы 50 литр болатын тағы екі газ балоны бар. Мұндай нысандарда газ балондарын сақтауға болмайды. Алайда қазір мораторий жарияланғаны байланысты біз кәсіпкерлік нысандарды тексере алмаймыз. Жарылыс кезінде жол бойында тұрған он бір машинаға зиян келді. Көлік иелерінен сөйлескенімізде олар зардап шекпегенін айтты.

Ақтау қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсейіт Оразов 7 қарашада кешкі 21:16 шамасында 102 қызметіне хабарлама түскенін айтты. Оның сөзінше, бірден 25 қызметкер оқиға орнына жіберілген.  

Жарылыста кейін тұрғындар әлеуметтік желіде адамдардың қайтыс болғаны және жиырмадан астам зардап шеккен адамның жансақтау бөлімінде жатқанын айтып жатты.  Алайда Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бас дәрігері Жәнібек Әжмұхановтың айтуынша, жансақтау бөліміне жарылыстан зардап шеккен науқастар түскен жоқ.

Қала тұрғындарын дүрліктірген жарылыстан кейін жұрт әлеуметтік желіде 19 шағынаудандағы тұрғын үйдің дәл іргесінде орналасқан газ бекетінің мәселесін айтып, дабыл қағып жатты.  

P.S. Бүгін таңертең облыстың қоғамдық коммуникациялар орталығында жарылысқа қатысты баспасөз конференциясы өтеді.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.