Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ақша талап етіп, дәретханада ұрып тастаған»: Түркістанда сыныптасынан таяқ жеген 5-сынып оқушысы көз жұмды

0 1  384

Түркістанда мектеп оқушылары сыныптасын ұрып өлтірген. Туыстары оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан дейді. Зардап шеккен бала бірнеше күн төсек тартып, ақыры ауруханада көз жұмған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы. Әжесінің сөзінше, өткен жұмада немересі мектептен таяқ жеп келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Сол кезде Рамазан әжесіне сотқар сыныптасынан қорлық көргенін айтып шағымданады.

“Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Дәретханаға кіргенде артынан кіріп ұрған. Басынан қатты соққы алған. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Бүйрегі де ісіп кеткен. Жуас балалардан тиын-тебен жинап алады екен. Ана бала: «мен осы сыныптың атаманымын» дейді екен. Соған енді ақша беру керек көрінеді. Қазір сонда әлімжеттік боп тұр ғой”, – дейді марқұмның әжесі Гүлнар Маханова.

Көз жұмған бала оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп орын алады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады. Дегенмен мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті.

“Соққы жеді деген болған жоқ. Бірақ солай айтылған. Біз, міне, ата-аналармен де жұмыс жасадық. Бізге айтылғаны сынып жетекшісінің орнына, шамалы қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. Ондай бір баламыздың жағдайына қорқамыз немесе мынадай деген мәселе болған жоқ”, – дейді Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев.

Мектепте бейнебақылау камералары орнатылған көрінеді. Алайда жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Қазір бұл іске полиция араласып жатыр.

“Түркістан қаласының полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады”, – дейді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Қазақстанда баланы ұрған ұстаздар мен тәрбиешілер түрмеге тоғытылуы мүмкін
Шымкентте мектеп инспекторы оқушының басынан телефонмен ұрған
Небәрі он жасар немересінен айрылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Олар мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап қояды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.