Кеше Орталық алаңда төтенше жағдайлар қызметіне жаңа техникаларды табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты.
Ең әуелі сөз алған Шыңғыс Сайранұлы салаға серпін беретін ілкімді істер алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
– Қазіргі таңда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Бұл жолда төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы ерекше мәнге ие. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес материалдық-техникалық базаны жаңғырту, қызмет сапасын арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін күшейту – біздің күнделікті жұмысымыздың негізі.
Бүгін табысталып отырған жаңа техникалар құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың жедел әрекет ету қабілетін арттырады. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға, азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Салаға серпін беретін осындай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Әрине, төтенше жағдайлар қызметінің беделі оның техникасымен емес, ең алдымен, рухы биік мамандарымен өлшенеді. Себебі бұл салада қызмет ету – тек кәсіби міндет емес, үлкен жауапкершілік әрі ерлікпен тең. Біз үшін ең басты міндет – халықтың амандығы, елдің тыныштығы, – деген министр төтеншеліктерге арнайы техникалардың кілттерін тапсырды.
Келесі кезекте аймақ басшысы құтқарушылар қызметінің қоғамдағы маңызына кеңінен тоқталды.
– Бұл шара – тек материалдық базаны жаңарту ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздік саласына, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға басымдық беріп отырғанының айқын дәлелі.
Жамбыл облысы құтқарушыларын әрдайым ерекше құрметпен бағалайды. Сіздер – төтенше жағдайларда бірінші болып қолұшын созатын ержүрек жауынгерлерсіздер. Батылдық пен кәсібилікті ту етіп, адам өмірін қорғау жолында тоқтаусыз еңбек етіп, шексіз жанқиярлық пен жауапкершілік үлгісін көрсетіп келесіздер.
Сіздердің әрбір қадамыңыз – халық қауіпсіздігінің берік тірегі! Бүгін сіздерге табысталатын жаңа техника мен арнайы жабдықтар – қызмет сапасын арттырып, өздеріңізге жүктелген міндеттерді сенімді әрі тиімді орындауға мүмкіндік беретініне сенемін.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген даналық сөзге сай бірлесе атқарылатын жұмыстар аймағымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жалпы осы күні құтқарушыларға 13 бірлік заманауи техника және «Қазақстан құтқарушылары қоры» тарапынан 94 жиынтық формалық киім табысталды.