Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңіне бағдар берді. Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауда елдің стратегиялық бағыттарын нақтылап, әр саладағы өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарын ашық әрі шынайы түрде атап өтті.
Құнды құжатта Президент орта бизнестің дамуына ерекше назар аударып, 2029 жылға қарай оның ішкі жалпы өнімдегі үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды. Елдегі шикізат экспортына тәуелділік, мұнай бағасына байланысты бюджеттік тұрақсыздық, инфляция мен валюта нарығындағы құбылмалылық – осының барлығы нақты шешімдерді қажет етеді. Мемлекет басшысы үкіметке салық реформасын жетілдіру, инвестициялық климатты жақсарту, заңсыз шығарылған капиталды қайтару секілді түйткілді мәселелерді жедел шешуді жүктеді.
Президенттің айтуынша, бүгінде мемлекет көмегіне шын мұқтаж емес, ауқатты отбасылар да жәрдемақы алып отыр. Осыған байланысты «Әлеуметтік әмиян» жүйесі іске қосылып, көмектер нақты табысы төмен отбасыларға бағытталатын болады. Сондай-ақ сәби күтіміне төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылып, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы төлемдер төлене бастады. Балаларға арналған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллионнан астам баланың шотына 300 млрд теңгеден астам қаржы аударылды.
Сонымен қатар Жолдауда демократиялық басқару жүйесін нығайту мақсатында қала және аудан әкімдерін тікелей сайлау туралы шешім де ерекше атап өтілді. Бұл – халықтың жергілікті билікке деген сенімін арттыруға бағытталған нақты қадам.
Сондай-ақ білім саласы да Жолдауда назардан тыс қалмады. Ұстаз – ұлттың тірегі. Президент бұл жолы да педагогтардың мәртебесіне ерекше мән беріп, ұстаздарды дайындау ісінде жоғары оқу орындарының сапасын арттыруды тапсырды. Сонымен бірге мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.
Сарапшылардың пікірінше, бұл Жолдау – өткен Жолдаулардың заңды жалғасы әрі қазіргі саяси-экономикалық ахуалға лайық бейімделген бағдарлама. Стратегиялық жоспарлар, инфрақұрылымды жаңғырту, шетелдік инвестиция тарту және өңірлік басқаруды демократияландыру – осының барлығы ел тұрақтылығы мен дамуына бағытталған.
Сонымен қатар Жолдауда айтылған аса маңызды аспектінің бірі – бизнесті қолдау. Мемлекеттің, әсіресе Ұлттық қордың ақшасы оңды-солды шашу жол емес. Инвестициядан бөлек елде іскерлік белсенділікке қан жүгірту ләзім. Осы мақсатта жазылып жатқан жаңа Салық кодексін қабылдауға ертерек. Барлық тараптың мүддесі ескерілуі шарт.
– Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн, – деген Президент шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілуі тілге тиек етті.
– Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқыққорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге құнды құжатта Мемлекет басшысы маңызды міндеттердің бірі есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрес екенін атап өтті.
– Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.
Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек.
Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес.
– Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі, – деді Президент.
Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді.
– Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек.
Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет.
Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар құнды құжатта еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті екеніне ерекше тоқталды.
– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптаймыз. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев жиын барысында одақтастарымыз бен серіктестерімізге алғысын білдірді.
– Астанада Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өтті. Бізге қолдау көрсеткені үшін одақтастарымыз бен серіктестерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент кезекті Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесіне тоқталып үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескеруді ерекше атап өтті.
– Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті. Енді Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек, – деп атап өтті Президент.
Сонымен бірге құнды құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылығы жауапты екенін нақтылады.
– Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты, – деді Президент.
Сондай-ақ ол жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырғанын айтты.
– Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет.
Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс, – деп баса айтты Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде және жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін оқыту енгізілетінін атап өтті.
– Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
– Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді, – деді Президент.
Сондай-ақ Жолдауында мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру туралы сөз болды. Президенттің пікірінше, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды.
– Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек.
Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін көріп жүрміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ.
Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс, – деп айтты Президент.
Жалпы әлеуметтік салада, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Ұлттық қордан балалар есепшотына қаржы аудару тетігі енгізілді, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жаза қатаңдатылды. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, инфляцияны төмендету, және халықаралық резервтерді арттыру жөніндегі жоспарлар да талқыланды. Елдегі құқықтық мәдениет пен қоғамдық сананың жоғарылауы, азаматтық құндылықтардың орнығуы реформалардың нәтижесі ретінде айтылды. Иә, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауындағы бастамалар елдегі маңызды әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік теңсіздікті азайту, экономиканы әртараптандыру, инфляцияны төмендету, және құқықтық мәдениетті нығайту сияқты қадамдар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен үлес қосады. Бұл шаралар Қазақстанның дамуында оң әсерін тигізіп, халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түседі.
Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы – стратегиялық жоспарлаудың жаңа кезеңіне аяқ басқан еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының келесі белесі. Мұнда қоғамның барлық тетігі қамтылып, кез келген саладағы өзгерістер тек халық мүддесіне сай болуға бағытталғаны көрініс тапты.
Басты назарда – қарапайым халықтың әл-ауқаты, әділдікке негізделген экономика құру, ұлттық байлықты ұрпақ игілігіне айналдыру, алдағы кезеңдерде мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенімді нығайту. Бұл жолда Жолдау – елдің жаңа тынысын ашатын, барлық салада нақты қадамдар жасалатын тарихи құжатқа айналып отыр.
Президенттің айтуынша, кез келген саясаттың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Осы орайда барлық реформалар мен бастамалар ел игілігі үшін жасалып отыр. Инвестиция тарту, салық жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды жаңарту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын ілгерілету – осының бәрі еліміздің жарқын келешегі үшін жасалатын маңызды істердің бастауы.
Сонымен қатар Жолдауда көтерілген әрбір мәселе – қоғаммен етене байланысты, өмірдің өзінен алынған өзекті тақырыптар. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік әділеттілікті орнату, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою, жас ұрпақтың білім алуына тең мүмкіндік беру – бұлар тек экономикалық шаралар ғана емес, ұлттық бірегейлік пен азаматтық келісімді сақтау жолындағы шешуші қадамдар.
Президент бір емес, бірнеше рет айтып өткендей, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты – жай ұран емес, нақты іс жүзінде жүзеге асырылуы тиіс ұстаным. Бұл ретте әкімдер мен министрлердің жұмысына да жоғары талап қойылуда. Себебі ел мүддесі – ең жоғары құндылық.
Жолдау – ел тағдырына бейжай қарамайтын, Қазақстанның әрбір азаматының жауапкершілігін арттыратын құжат. Онда қойылған мақсаттар мен міндеттер тек Үкіметке емес, бүкіл қоғамға, әрбір қазақстандыққа бағытталған үндеу іспетті.
Қорыта айтқанда, бұл Жолдау – еліміздің ертеңін қалыптастыратын жол картасы. Әділеттілік, теңдік, тиімділік және ашықтық – Президент Тоқаев белгілеген жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңа буынға сапалы білім беру – егемен еліміздің баянды болашағының кепілі.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ