Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сібір жарасы – қауіпті індет

0 996

Сібір жарасы (түйнеме) – жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы спора түзетін бактерия – Bacillus anthracis. Бұл – зоонозды инфекция (жануарлардан адамға берілетін ауру), әдетте шөпқоректі жануарларға әсер етеді. Бактериялар өлімнің жоғары пайызын тудыратын белгілерге жауап беретін өте күшті токсиндерді шығарады. Адамдар ауру жұқтырған жануарлардан немесе сол ауру жануарлардан алынатын өнімдерді тұтыну арқылы жұқтыруы мүмкін.

Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе,жылқы, шошқа). Адамға аурудың жұғу жолы көбінесе жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде), бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын пайдалануда және ластанған топырақты өңдеуде жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.
Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады.
Ауру көбінесе тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы – терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымданады.
Қоздырғыш енген жерде алдымен диаметрі – 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthax – көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды.
Лимфа түйіндері ұлғаяды. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықтанады. Карбункулдың ең көп орналасатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден 39-40ºС дейін көтеріледі.
Үрдістің сепсиске ұласуы қоздырғыштың тыныс алу, асқазан-ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.
Адамда ауру 90-95 пайызға дейін терілік формада болады. Терілік форма 80 пайыз жағдайда жеңіл түрде, 20 пайыз ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделген терілік түрде өлім 5 пайызға дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100 пайызға дейін жетеді.
Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіп, медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы жануарларға вакцина егу жұмыстарын толыққанды жүз пайыз қамту және үй жануарлары мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға екпе егу.
Бүгінгі күнде вакцина егу жұмыстары жануарларға жоспарлы түрде кезең-кезеңімен ветеринарлық мекемелер тарапынан тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарына вакцина салдырмауы дерттің кең тарауына себепші болып, мұның салдарынан адамдар Сібір жарасы ауруына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді.

«Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының

Тараз қаласының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.