Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Конституция – елдіктің берік негізі

0

Кез келген мемлекеттің қуаты мен тұрақтылығы оның құқықтық негізінің беріктігімен өлшенеді. Ал сол құқықтық жүйенің өзегінде елдің Ата Заңы – Конституция тұрады. Конституция мемлекеттің даму бағытын айқындап қана қоймай, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қызмет етеді. Сондықтан ол – барша қазақстандыққа ортақ құндылық әрі елдігіміздің берік тірегі.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – еліміздің конституциялық дамуындағы маңызды кезең. Жаңа Ата Заңда мемлекеттілікті нығайту, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету секілді негізгі қағидаттар айқындалды. Сонымен қатар білім, ғылым, инновация, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны сақтау құндылықтарына басымдық берілді.

Конституцияның басты өзегі – адам және оның қадір-қасиеті. Әр азаматтың өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге, өз пікірін білдіруге, жеке басының бостандығы мен қауіпсіздігіне құқығы бар. Бұл құқықтардың қорғалуы мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Құқықтық мемлекет құру үшін заң талаптарын білу жеткіліксіз, оны күнделікті өмірде құрметтеп, өзгелердің де құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау қажет.

Заң үстемдігі – әділетті қоғамның басты шарты. Заң алдында барлығы тең болғанда ғана азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады. Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметі де Конституция мен заң талаптарына сай жүргізілуге тиіс. Бұл қағида мемлекеттік басқарудың ашықтығын, шешім қабылдаудағы жауапкершілікті және халықпен тиімді байланысты қамтамасыз етуге бағытталған.

Ата Заңда бекітілген қағидаттардың өмірде жүзеге асуы әр азаматтың белсенді ұстанымына байланысты. Қоғамдық тәртіпті сақтау, адал еңбек ету, салықтар мен міндетті төлемдерді уақытылы төлеу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, қоғамдық мүлікті күтіп ұстау – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Әсіресе жас ұрпақтың бойына заңға құрмет, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңірудің маңызы зор.

Конституцияның құндылығы оның баптарымен ғана емес, күнделікті өмірдегі нақты нәтижесімен өлшенеді. Әрбір тұрғын өз құқығын біліп, міндетін адал орындаса, қоғамда өзара сенім мен сыйластық нығаяды. Ал мемлекеттік органдар халықтың сұранысына құлақ асып, қабылданған шешімдердің орындалуына жауапкершілікпен қараса, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс одан әрі беки түседі.

Ендеше, Конституцияны құрметтеу – ел болашағына құрмет көрсету. Ата Заңда айқындалған ортақ мақсаттар мен құндылықтарды басшылыққа алып, бірлік пен келісімді сақтап, заң талаптарын мүлтіксіз орындау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені мықты мемлекет құру тек заңмен шектелмейді, ол әр азаматтың саналы іс-әрекетінен, адал еңбегі мен ел алдындағы жауапкершілігінен басталады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.