Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Шабытты шумақ» облыстық жас ақындар сайысы өтті

0

Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен  жас таланттарды анықтау, поэзия өнерін насихаттау және жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау мақсатында «Шабытты шумақ» облыстық жас ақындар сайысы өтті.

Шығармашылық сайысқа 12–15 жас аралығындағы Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласынан келген жас ақындар қатысып, өзара бақ сынады.

Сайыс   «Жыр жауһары», «Ойдан өлеңге», «Өлең сөздің жалғасы» үш кезең бойынша өтті. Қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін бағалау үшін Ақын, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және  тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Абылай Ғалия Архатқызы, Ш. Мұртаза атындағы Руханият орталығының бөлім меңгерушісі Қожамар  Назым Тоқтасынқызы, облыстық айтыскер ақындар , жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Апбасов Дидар Оңғарбекұлы төрелік етті.

Сайыс барысында әнші Құралай Изтаева, «TUMAR» art studio орталығының «Кербез» би тобы және домбырашылар триосы өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды. Әсем әуен мен ұлттық өнер тоғысқан тағылымды кеш қатысушылар мен көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталды. Атап айтқанда, Бас жүлдені Жамбыл ауданының үміткері Досым Абай иеленсе, І орынды Талас ауданының үміткері Сәттұрсын Алдияр қанжығасына байлады. ІІ орынға Жамбыл ауданының үміткері Жамалбек Мирас пен Шу ауданының үміткері Төкен Арайлым лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды Мойынқұм ауданының үміткері Жарылқасын Жанасыл мен Тараз қаласының үміткері Шырынхан Шерхан иеленді. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге де үміткерлер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, арнайы алғыс хаттарға ие болды.

«Шабытты шумақ» сайысы жас таланттардың шығармашылық әлеуетін танытып, өлең өлкесіндегі алғашқы қадамдарына серпін берген мазмұнды шара болды. Поэзияны ұлықтаған байқау жас ақындарға шабыт сыйлап, сөз өнеріне деген құрметті арттыра түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.