Адам өмірін арашалау, тілсіз жаумен арпалысу, табиғи апаттар мен түрлі төтенше жағдайлар кезінде көмекке ұмтылу – жүректілік пен батылдықты, кәсіби біліктілік пен темірдей тәртіпті талап ететін жауапты міндет. Қауіптің қайдан келерін ешкім болжай алмайды. Өрт тұтанып, су тасып, аяқ астынан оқыс оқиға болғанда өзгелердің амандығы үшін өз өмірін қатерге тігіп, көмекке асығатын жандар бар. Олар – құтқарушылар.
Елімізде жыл сайын 19 қазан – Құтқарушылар күні аталып өтеді. Кәсіби мерекеге орай биыл да салтанатты шара ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарын құттықтаған болатын. Өз сөзінде Президент төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлығын атап өтіп, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға.
Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы, ең алдымен, елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды.
Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
Ел үшін аянбай еңбек етіп, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген төтеншеліктер Тараз қаласында да аз емес. Олардың арасында талай жыл бойы осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, кәсіби міндетін адал атқарып келе жатқан азаматтар бар. Солардың бірі – Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Еркебұлан Шарипбаев.
Еркебұлан Мұхитұлы 1990 жылдың 1 қыркүйегінде көне шаһар Тараз қаласында дүниеге келген. Білім күні өмірге келген болашақ маман 1997 жылы дәл өзінің туған күнінде шаһардағы Тұрар Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің табалдырығын аттайды. Мектеп қабырғасында оқуға деген құштарлығымен көзге түсіп, ұстаздарының алғысына бөленген Еркебұлан сыныптастарының арасында да үлгі бола білді.
2009-2010 жылдары шекара қызметінде әскери борышын өтеген ол Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып, туған қаласы Таразға оралады. Елге оралған жас азамат білімін жалғастыруға бел буып, 2010-2014 жылдар аралығында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алады.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып бастайды. Әрине, өрт сөндіруші үшін әрбір шақырту адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Қауіп-қатерге қарамастан оқиға орнына асығу, жалынмен арпалысу, адамдарды ажал аузынан арашалау – маманның біліктілігі мен қайсарлығын сынға салатын сәттер. Бөлімше командирі ретінде қызмет атқарған Еркебұлан осы саланың қыр-сырын меңгеріп, әріптестерімен бірлесе жұмыс істеудің және ортақ міндетті абыроймен орындаудың маңызын терең түсінеді. Ал 2023 жылдан бері ол Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасында қызмет етіп келеді. Бүгінде ол өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында еңбек етуде.
– Әр адам бала күнінен жүрегіне жақын бір мамандықты армандап өседі. Мен де кішкентай кезімнен құтқарушы болуды армандадым. Әскер қатарында жүрген кезімде құтқару жұмыстарына бірнеше рет қатысып, арнайы жаттығулардан өттім. Сол сәттерде төтенше жағдайлар қызметінің қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін тереңірек түсіндім.
Өз ісіңнің шебері болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді жетілдіріп отыруың керек. Осы мақсатпен 2019-2022 жылдар аралығында Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алдым. Академия қабырғасында кәсіби білімімді тереңдетіп, тәжірибемді толықтыруға мүмкіндік туды. Алған білімім мен жинақтаған тәжірибем бүгінгі қызметімде үлкен көмегін тигізіп келеді.
Қазіргі таңда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасында еңбек етіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өрттің алдын алуға және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге өз үлесімді қосып келемін. Мен үшін туған қаламның тыныштығы мен тұрғындардың амандығы жолында еңбек ету – үлкен мәртебе. Әрине, бұл қызметтің өзіндік қиындығы да, жауапкершілігі де аз емес. Дегенмен, бала күнгі арманымның орындалып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүргеніме қуанамын, – дейді Еркебұлан Мұхитұлы.
Ол қызмет еткен жылдары талай мәрте қызыл жалынмен бетпе-бет келіп, тілсіз жаумен арпалысты. Өрттің ортасында қалған адамдарды ажал аузынан арашалау, баспананы жалыннан қорғау, материалдық шығынның алдын алу – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Талас ауданының Қаратау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің шатыры өртенген кезде Еркебұлан Тараз қаласынан көмекке барған төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге өртті ауыздықтау жұмыстарына қатысты. Сонымен бірге шаһардағы «Мыңбұлақ» (9) шағынауданында орналасқан базар аумағында өрттің алдын алу жұмыстарына да белсене атсалысқан.
Төтенше жағдайдың шекарасы болмайды. Қай өңірде қауіп төнсе де адам өмірін құтқару – ортақ міндет. Осы ұстанымды басшылыққа алған Еркебұлан Солтүстік Қазақстан облысының аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарына да қатысты. Сонымен бірге 2020 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жолында ерен ерлік көрсетті. Ал Еркебұланның еңбек жолындағы ең күрделі әрі жауапкершілігі жоғары оқиғалардың бірі – 2021 жылы Байзақ ауданының Қайнар ауылындағы әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған өрт пен жарылыстың салдарын жою жұмыстарына қатысуы. Бұл жұмыстарға қатысқан мамандар үшін адам өмірін қорғау, қауіпті жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу және оқиға орнындағы жұмыстарды үйлесімді жүргізу бірінші кезекте тұрады. Еркебұлан да осындай сын сағатта қызметтік міндетін орындап, төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына өз үлесін қосты.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, көп жылдық қызметінде осындай жауапты міндеттерді атқарып, талай сыннан өткен Еркебұланның еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Жылдар бойғы адал қызметі мен табандылығының арқасында тиісті министрліктің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Әрине, өрт сөндірушінің ерлігін тек марапатпен өлшеу мүмкін емес. Өйткені жалын ортасынан аман алып шыққан бір адамның өмірі, қауіптен құтқарылған бір отбасының қуанышы, күлге айналудан сақталған бір нысанның өзі – өлшеусіз еңбектің нәтижесі. Кейде олардың жасаған ерлігі көпшілікке жария бола бермеуі мүмкін. Бірақ адам өмірін сақтап қалуға бағытталған әрбір әрекеттің артында үлкен жүрек, қайсар мінез бен кәсіби жауапкершілік тұрады.
Ел тыныштығын күзетіп, жұрттың амандығы үшін тәуекелге баратын мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Өйткені олардың қызметінің мәні – қауіптің бетін қайтару ғана емес, адамдардың ертеңге деген сенімін сақтау. Қызыл жалынмен бетпе-бет келген сәтте қаймықпай алға ұмтылатын Еркебұлан секілді азаматтардың қажырлы еңбегі төтенше жағдай қызметінің абыройын асқақтатып, өскелең ұрпаққа отаншылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді.
Жұматай КӨКСУБАЙ