Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлікті қолдау – өндірісті өркендетудің кепілі

0

Бүгінде елімізде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингіне қарасты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржылық қолдауының арқасында кәсібін өрістетіп, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп отырған кәсіпорындар аз емес. Осы орайда қордың өңірлік филиалының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.

Баспасөз турына қатысушылар әуелі «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын 1999 жылдан бері былғары бұйымдары мен түрлі тұтынушыларға арналған аяқ киім өндірумен айналысады. Оның ішінде әскер мен күштік құрылымдарға арналған арнайы аяқ киім де бар.

Бүгінде кәсіпорын шығаратын өнім түрлерінің саны 70-тен асады. Ал өндірістік қуаты жылына 500 мың жұп аяқ киім шығаруға қауқарлы. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған өндіріс орнында білікті мамандар еңбек етеді. Өткен жылы компания «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы аясында жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру алған.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері 2013 жылдан бері кешенді қауіпсіздік жүйелері саласында жұмыс істеп келе жатқан «Новые Технологии Тараз» ЖШС-нің қызметімен танысты. Кәсіпорын осы жылдар ішінде жабдық жеткізуші әрі жүйелік интегратордан «NTOUCH» брендімен өз өнімдерін шығаратын өндірушіге айналған. Ал 2022 жылдан бастап компания Тараз қаласында жеке өндірісін дамытып келеді.

Аумағы 1 300 шаршы метрді құрайтын өндірістік цехта толық өндірістік цикл жүзеге асырылады. Мұнда металды өңдеу, дәнекерлеу және бояу жұмыстарынан бастап, жабдықтарды құрастыру, электрондық компоненттерді орнату, өнімдерді сынақтан өткізу және сапасын бақылау кезеңдеріне дейінгі жұмыстар атқарылады.

«NTOUCH» брендімен IP-бейнебақылау камералары, желілік бейнетіркегіштер, PoE-коммутаторлары, серверлік шкафтар және турникеттер шығарылады. Өнімдердің жергілікті қамту үлесі 60 пайызға дейін жетеді. Қазіргі таңда компания өндірістік қуаттарды, инженерлік мүмкіндіктерді, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, монтаждау және техникалық қызмет көрсету бағыттарын бір арнаға тоғыстырған. Мұнда 150-ден астам маман жұмыс істейді. Компанияның өкілдіктері Тараз, Алматы және Астана қалаларында орналасқан. Жүзеге асырылып жатқан жобалар білім беру және медициналық мекемелерді, банктерді, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдарды қамтиды.

Баспасөз турының соңғы аялдамасы өңірдегі шыны өндірісінің дамуына серпін беріп отырған «JS Glass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Табақ шыныны қалыптау және өңдеуге маманданған кәсіпорын биыл «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау алған. Бөлінген қаражат өндірістің ағымдағы қажеттіліктерін, соның ішінде қажетті материалдарды сатып алуды қаржыландыруға бағытталған.

Жалпы, баспасөз туры өңірдегі кәсіпкерліктің әртүрлі бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Мұндай қолдау отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, кәсіпкерліктің өркендеуіне және өңір экономикасының нығаюына негіз болады.

 Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.