Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жолаушыға жайлы жағдай

Жаңғырған Тараз теміржол вокзалы қайта ашылды

0

Республика күні мерекесіне орай қайта жаңғыртудан өткен Тараз қаласының теміржол вокзалы ел игілігіне берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, сала қызметкерлері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі жаңарған вокзалдың көлік инф- рақұрылымын дамытудағы маңызына тоқталып, қаланың іскерлік белсенділігі мен туристік тартымдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Ғасырдан астам уақыт бойы ел мен өңірлерді байланыстырып келе жатқан Тараз теміржол вокзалы жаңа кезеңге қадам басты. Бұл оқиғаның Республика күні қарсаңында өтуінің де мәні зор. Өйткені қуатты мемлекет сапалы жолдан, берік байланыстан, заманауи инфрақұрылымнан және азаматтарға жасалған қолайлы жағдайдан құралады.
Қазақстанның кең байтақ аумағын біртұтас экономикалық кеңістікке айналдыруда теміржол айрықша рөл атқарды. Тараздың тарихы да теміржолмен тығыз байланысты. 1920 жылғы қарашада «Арыс-Бішкек» теміржол желісі Әулиеатаға жетті. Бұл оқиға қаланың экономикалық тынысын ашып, сауда-саттық пен өндірістің дамуына серпін берді.
1930 жылы «Түркістан-Сібір» магис- тралінің іске қосылуы Тараздың көлік жүйесіндегі орнын одан әрі нығайтты. Қала ірі теміржол торабына айналып, өңірдің экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында Жамбыл облысындағы «Тараз», «Шу», «Түрксіб», «Отар» және «Боранды» станцияларындағы бес вокзалды жаңғырту көзделген. Жобалардың жалпы құны 14,1 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде Тараз теміржол вокзалын жаңартуға 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды.
Жоба аясында вокзал ғимараты, перрон, вокзал маңы алаңы және оған іргелес аумақ жаңартылды. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен еркін қозғалысына, сапалы қызмет алуына қолайлы жағдай жасалды.
Вокзалдың қазіргі негізгі ғимараты 1986 жылы пайдалануға берілген. Содан бері мұнда миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетілді. Қазіргі таңда вокзал қыс мезгілінде тәулігіне шамамен 2,5 мың, ал жазда 3 мың жолаушыны қабылдайды. Ғимараттың жалпы сыйымдылығы – 600 адам, ал күту залы 200 жолаушыға арналған. Сондай-ақ вокзал тәулігіне 30-ға жуық жолаушылар пойызына қызмет көрсетеді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.