Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Конституция – ел дамуының берік негізі

0

Конституция – мемлекеттің құқықтық жүйесінің өзегі, елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің басты кепілі. Ол мемлекеттің даму бағытын айқындап қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғам алдындағы жауапкершілікті нығайтуға негіз болады. Сондықтан Ата Заңға құрмет – елге, оның тәуелсіздігі мен болашағына деген құрмет.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, еліміздің конституциялық дамуында маңызды кезең басталды. Жаңа Ата Заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл қадам мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың ел өміріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Конституцияның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Заң үстемдігі орныққан қоғамда әр азаматтың құқығы қорғалып, әрбір мемлекеттік орган өз өкілеттігі шегінде жауапкершілікпен әрекет етуі тиіс. Әділдік пен заңдылық – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын негізгі қағидаттар. Ал бұл сенім елдің тұрақты дамуына және азаматтардың болашаққа деген сенімінің артуына жол ашады.

Жаңа Конституцияда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау, ұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды дамыту, еңбекқорлық пен жауапты отаншылдық құндылықтарын орнықтыруға ерекше мән берілген. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және қоғамдық диалогты дамыту секілді бағыттар да ел болашағы үшін маңызды. Бұл қағидаттар Қазақстанның заманауи талаптарға сай дамуына және келер ұрпаққа жарқын болашақ қалыптастыруына негіз болады.

Конституцияның талаптарын орындау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың да ортақ жауапкершілігі. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығына нұқсан келтірмеу, қоғам игілігіне үлес қосу – құқықтық мәдениеттің көрінісі. Азаматтық жауапкершілік күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады. Өз міндетін адал атқаратын, ел игілігі үшін еңбек ететін, қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қоя білетін азаматтар мемлекеттің нығаюына үлес қосады.

Мемлекеттік қызметшілер үшін Конституция қағидаттарын басшылыққа алу – кәсіби қызметтің басты талабы. Халықтың өтінішіне мұқият қарау, азаматтардың заңды құқықтарын қорғау, шешім қабылдауда ашықтық пен әділдікті сақтау – халыққа қызмет етудің негізгі өлшемдері. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың мәселелерін уақытылы шешу және әрбір азаматтың пікіріне құрметпен қарау арқылы ғана халық сеніміне ие болуға болады.

Елдің ертеңі – бүгінгі ортақ ісіміздің нәтижесі. Конституцияда бекітілген құндылықтар қағаз жүзінде ғана қалмай, күнделікті өмірде нақты жүзеге асқанда ғана өзінің шынайы маңызын көрсетеді. Заңға құрмет, бірлік, жауапкершілік пен отаншылдық қатар өрілген қоғамның болашағы да берік болмақ.

Конституция – тәуелсіздігіміздің тірегі, бірлігіміздің негізі және жарқын болашаққа бастайтын ортақ бағдарымыз. Ата Заңды құрметтеу – әр азаматтың парызы, ал оның қағидаттарын өмірде жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.