Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өндіріс әлеуеті – ынтымақтастық арқауы

Ресейлік делегация мүшелері шаһардағы нысандарды аралады

0

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен Ресей Федерациясының Ленинград облысынан келген делегация мүшелері өңірдегі бірқатар өндіріс орынын аралады.

Ең әуелі қонақтар Байзақ ауданында орналасқан «Алель Агро» АҚ Жамбыл филиалының жем зауытына барды. Заманауи инновациялық технологиялармен жабдықталған зауыт түйіршіктелген құрама жем өндіруге маманданған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 98 мың тоннаны құрайды.
Бұдан кейін делегация мүшелері Тараздағы «Алель Агро» компаниясы ет өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Зауыттың өндірістік қуаты сағатына 17 тонна өнім өңдеуге мүмкіндік берсе, жылдық қуаттылығы 70 мың тонна құс етін өндіруге жетеді. Бүгінде кәсіпорында 400-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мәртебелі меймандардың сапары әрі қарай «Alit Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Бұл кәсіпорын құрылыс саласына қажетті гипс өнімдерін өндіреді. Зауытта қолданылу мақсаты мен фракциялық құрамына қарай гипстің екі түрі шығарылады. Атап айтқанда, ірі фракциялы гипс құрғақ құрылыс қоспаларын, газ блоктарын өндіруге және сылақ жұмыстарын жүргізуге қолданылады. Ал ұсақ фракциялы гипс негізінен құрғақ құрылыс қоспаларын дайындауға арналған. 2016 жылдың желтоқсанында жұмысын бастаған зауыт бүгінде 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 150 мың тоннаға тең. Өндіріс орнының қыз- меті құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамытуға және нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Келесі кезекте ресейлік қонақтар «Dalaglass» ЖШС-нің жұмысын көрді. Зауытта жоғары беріктігімен, қауіпсіздігімен және сапасымен ерекшеленетін шыңдалған шыны өндіріледі. Өндірісте заманауи инновациялық технологиялардың қолданылуы дайын өнімнің сенімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беруде. Бүгінде зауыт өнімдері көршілес Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне экспортталып жатыр. «Dalaglass» зауытының жылдық өндірістік қуаты 500 мың шаршы метр өнім шығаруға жетеді. Қазіргі таңда мұнда 30 адам еңбек етеді.
Өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен жіті танысқан қонақтар өңірдің өнеркәсіптік даму қарқынына қызығушылық танытып, кәсіпорындардың жетістіктеріне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар мұндай кездесулердің тәжірибе алмасуға, өңіраралық байланысты нығайтуға және екі тарап арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жол ашатынын атап өтті.
Келесі күні көршілес елден келген делегация мүшелері көне шаһардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Жамбыл жерінде қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Қарахан, Айша бибі кесенелері, «Көне Тараз» этномәдени кешені, №67 орта мектеп, «Ұлы дала» шағынауданының кітапханасы, №2 Халыққа қызмет көрсету орталығы және Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне ат басын бұрып, аталған нысандардың жұмысымен танысты.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.