Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бостандыққа бағыт берген бас құжат

0

Азаттық – ата-бабамыздың ғасыр- лар бойы аңсаған асыл арманы, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен қасиетті мұрат. Талай қилы кезеңді бастан өткеріп, небір зұлмат пен зобалаңды көрген халқымыз бостандықтың бағасын терең түсінді. Қаншама боздақтың қаны төгіліп, қаншама ананың көз жасы мен ұлттың үміті тоғысқан сол ұзақ жолдың түпкі мақсаты – ұрпағының азат елде өмір сүріп, көк байрағын көкке көтеруі еді.

Еліміз егемендікке қол жеткізбей тұрып оның іргетасын қалаған ұлт зия- лылары мен ұлт көсемдері еді. Олар «Оян, қазақ!» деп ұрандап, халқын оятуға ұмтылды. Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы бастаған ұлт қайраткерлері елдің азаттығы мен жер тұтастығы үшін басын бәйгеге тікті.
Кеңес дәуірінде де ұлт рухы өшкен жоқ. 1950-1980 жылдар аралығында ұлттың тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап қалу жолындағы күрес идеологиялық қысыммен қатар жүрді. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының азаттыққа деген аңсарының нақты көрінісі болды. Сол күндері алаңға шыққан жастар бүгінгі тәуелсіздіктің шырақшыларына айналды. Осылайша 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб- ликасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды.
Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқы мен басқа да ұлт өкілдерінің мәдениеті, дәстүрі мен тіліне қайта жаңғыру беріліп, ұлттық болмысты қалыптастыру және нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы құжаттың арқасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал Президент елдің басшысына айналды.
«Декларация» сөзі «жариялау» деген мағынаны білдіреді. Бұл – заң емес, бірақ саяси маңызы зор құжат. Оның басты мақсаты – барша әлемге, халықаралық қауымдастық пен одақтас мемлекеттерге Кеңес Одағынан шығуға шешім қабылданғанын жариялау еді. Демек, декларация тәуелсіздікке бастар жолдың алғашқы қадамы болды, егемендіктің саяси-құқықтық негізін қалады.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1920 жылы Қазақ автономиясының құрылуы қандай тарихи оқиға болса, араға 70 жыл салып қабылданған бұл декларация да сондай ұлы сәт болды. Онда ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, ұлттық мәдениет пен тілдің қайта түлеп дамуы, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сонымен қатар саяси, экономикалық және әлеу- меттік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды.
Тәуелсіз ел тарихына көз жүгіртсек, Республика күні мемлекеттік мереке ретінде алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланды. Кейін 2009 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз – Конституция күні ретінде ұлттық мереке болып жарияланып, Республика күні мерекелер тізімінен алынып тас- талды.
Дегенмен, ел үшін ұлық күнге айналған бұл мереке араға 13 жыл салып, халықпен қайта қауышты. 2022 жылы 16 шілдеде Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып: «1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи шешімінің символы болуы керек», – деген болатын.
Нәтижесінде Қазақстан Респуб- ликасының сол кездегі Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, Республика күніне ұлттық мәртебе берді.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көптеген елде дәл осындай декларация қабылданған күн ұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Мысалы, АҚШ-та тәуелсіздік туралы декларация 1776 жылы 4 маусымда қабылданған және сол күн – басты мемлекеттік мереке. Ресей де 1990 жылы 12 маусымда «Мемлекеттік егемендік туралы дек- ларацияны» қабылдап, кейін бұл күн «Ресей күні» болып аталды.
Кейде жұрт арасында «Неліктен тәуелсіздікті кеш алдық?» деген сұрақ туады. Себебі белгілі. Кеңес Одағын ұстап тұрған негізгі үш күш – Коммунистік партия, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және армия еді. Тоталитарлық жүйе осы үш тірекке сүйенді. 1985 жылы Михаил Горбачев билікке келіп, елді демократияландыруды бастаған соң ғана бұл жүйе әлсіреп, одақтас республикалар өз партияларын, қозғалыстарын құрып, азаттық жолындағы күреске шықты.
Тарихшылардың айтуынша, Қазақстан егемендігін заң мен ақылға сүйене отырып, бейбіт жолмен алған санаулы елдердің бірі. Бұл – ұлттың саяси мәдениетінің жоғары екенінің айғағы. Егемендік декларациясын қабылдауда зор еңбек сіңірген ұлт қайраткерлері – Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Манаш Қозыбаев, Мұрат Әуезов, Қадыр Мырза Әлі сынды тұлғалардың есімі – мәңгі ел жадында.
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық күресінің заңды өтеуі, Жаратқанның әділдігі. Осы ұлан-ғайыр жердің бүгінгі ұрпаққа аман жетуі – сол ерлердің ерлігі. Бүгінде елімізде Тәуелсіздік есімді – 1, Егемен есімді – 21, ал Қазақстан есімді 31 азамат бар екен.
Егемендікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдар еліміздің еңсесін тіктеп, әлемге өз болмысын таныту кезеңіне айналды. 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, халықаралық қауымдастықтың толыққанды қатысушысына айналды. Сол жылы мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың алғашқы нұсқалары бекітіліп, тәуелсіз мемлекеттің рәміздері айқындалды. 1993 жылғы 15 қарашада төл теңгеміз айналымға енгізілді. Бұл – ұлттық экономиканы дербес басқаруға бастайтын маңызды қадам еді. Ал 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Конституция қабылданып, мемлекеттің құқықтық негіздері нығайтылды.
Азаттықтың қадірін бейбітшілік жолындағы батыл шешімдерден де тануға болады. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстанның ядролық қарусыздану жолын таңдағанын айғақтады. Кезінде ядролық сынақтардың зардабын тартқан халық үшін бұл шешімнің маңызы айрықша еді. Өйткені бейбіт өмір мен келер ұрпақтың амандығынан асқан байлық жоқ. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы халықаралық деңгейде де ел беделінің қалыптасуына ықпал етті.
Егеменді ел ретінде еліміздің келбеті де түбегейлі өзгерді. Елордамыздың жаңа орталыққа көшіріліп, заманауи қала ретінде қалыптасуы – соның бір көрінісі. Бүгінде Астана – тәуелсіз Қазақстанның саяси және әкімшілік орталығы, елдің жаңаруын бейнелейтін шаһар. 2017 жылы елордада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Қазақстанды әлемге танытқан маңызды оқиғалардың біріне айналды. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы көрме жаңартылатын энергия көздеріне деген қызығушылықты арттырып, халықаралық ынтымақтастыққа жол ашты.
Егемендіктің игілігін ел экономикасынан да көреміз. Қазақстан мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларды дамытуға мүмкіндік алды. Жаңа кәсіпорындар ашылып, жолдар салынып, қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы жаңарды. Спортшыларымыздың халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, көк байрағымызды биікке көтеруі де халықтың мерейін өсіреді. Қазақ өнерпаздарының әлемдік сахналарда өнер көрсетуі, отандық әдебиет пен мәдениеттің шетелдерде насихатталуы ұлттық рухты асқақтатады.
Дегенмен, егемендіктің ең үлкен жетістігі тек зәулім ғимараттармен, экономикалық көрсеткіштермен немесе халықаралық марапаттармен өлшенбейді. Оның басты өлшемі – ел ішіндегі тыныштық, халықтың бірлігі, азаматтардың ертеңге деген сенімі. Өз жеріңде еркін өмір сүріп, ана тіліңде сөйлеп, ұлттық құндылықтарыңды ұлықтап, балаңа жарқын болашақ тілеу – тәуелсіздіктің күнделікті тіршілігіміздегі ең қымбат көрінісі.
Республика күні – осынау тарихи жолды саралап, өткенге тағзым ететін, бүгінге шүкіршілік айтып, келешекке көз тігетін қастерлі мереке. Бұл күн бізге ата-бабаның арманын ұмытпауды, елдіктің қадірін білуді, азаттықты көздің қарашығындай сақтауды еске салады.
Бүгінгі ұрпақтың міндеті – бабалар аманатына адал болып, елдің іргесін бекемдеу, бірлікті сақтау, адал еңбекпен мемлекетіміздің дамуына үлес қосу. Бостандыққа бағыт берген бас құжаттың тарихи мәні де осында. Ол халқымыздың егемендікке деген ұмтылысын айқындап, тәуелсіздікке бастар жолды нұсқады. Ендеше, бабалар аңсаған азаттықтың ақ туы әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанның тұғыры берік, болашағы жарқын болсын! Еліміздің еңсесі биік, халқымыздың мерейі үстем болғай!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.