Күні кеше Астана қаласында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасының Жамбыл және Ресей Федерациясының Ленинград облыстары арасында әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылып, өзара уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Осы келісімдерді жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатымен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһарға арнайы келген Ленинград облысының делегациясымен кездесті.
Жиын аясында Тараз қаласы мен Ленинград облысының Сосновоборск қалалық округі арасындағы достық қарым-қатынас орнату туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.
Басқосу барысында шаһар басшысы осы кездесудің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызына тоқталды.
– Тараз – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ол бай тарихымен, бірегей мәдени мұрасымен және зор экономикалық әлеуетімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Ресей Федерация- сын көпжылдық тату көршілік қарым-қатынастар, берік тарихи және мәдени байланыстар, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық салалардағы сындарлы ынтымақтастық біріктіреді. Бұл байланыстарды нығайтуда өңіраралық және қалалар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Осы арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және тікелей іскерлік байланыстар орнатуға нақты мүмкіндіктер қалыптасады. Біз өңірлеріміз арасындағы әріптестік қатынастарды дамытудың келешегі зор екеніне сенімдіміз. Бүгінгі кездесу – достық қарым-қатынастарды нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ мүддеміздің айқын көрінісі, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Өз кезегінде Ленинград облысы губернаторының орынбасары Александр Кялин өзара тиімді серіктестік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
– Екі жақты әріптестікті дамытуға бағытталған бүгінгі бастамалар достық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Әсіресе қалалар арасындағы тікелей ынтымақтастықты жолға қою, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды. Тараз қаласы мен Сосновоборск қалалық округі арасындағы қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі Жол картасы нақты нәтижелерге қол жеткізуге негіз болары сөзсіз. Біздің мұндағы мақсатымыз – өзара тиімді байланыстарды кеңейтіп, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, – деді А.Кялин.
Айта кетейік, қабылданған Жол картасында ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде білім беру саласындағы байланыстарды нығайту, мәдени және турис- тік алмасуларды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, спорт саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне айрықша назар аударылған.
Осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі Жол картасына да қол қойылды. Маңызды құжат шеңберінде бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау көзделіп отыр.
Басқосу соңында мәртебелі меймандар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу инс- титутының жұмысымен танысты.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ