Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!
Баршаңызды еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан тура 36 жыл бұрын еліміз Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды.
Содан бері еліміз қиын да күрделі кезеңнен өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекітіп, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Осынау салиқалы әрі сындарлы саясаттың арқасында байтақ Отанымыз – Қазақстан өзінің ұлттық мүддесіне берік, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты. Сондықтан да бүгінгі мерекенің әрқайсысымыз үшін тағылымы терең, маңызы бөлек.
Тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласы толайым табыстарға қол жеткізіп, кемел келешекке нық қадам басып келеді. Бүгінде көне шаһардың келбеті жаңарып, инф- рақұрылымы жақсарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы жетістіктердің барлығы туған жерін қадірлеп, ел ертеңіне сеніммен қараған, ортақ мақсат жолында біріккен халқымыздың қажырлы еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды елдіктің еңселі мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен құт-береке тілеймін! Егемен еліміздің тұғыры биік, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын!
Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі