«Әділет» партиясы Тараз қалалық филиалының кезектен тыс III конференциясы өтті. Алқалы жиында филиал басшысы Нариман Мәуленов партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасына ұсыныстар енгізу және сайлаушылардың аманаттарын жинақтау мәселелері бойынша баяндама жасады.
– Бүгінгі конференцияның күн тәртібіне шығарылған мәселе – Жамбыл облысы бойынша «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасына ұсыныстар енгізу үшін сайлаушылардың аманаттарын жинақтау. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Өйткені бүгінгі талқылаудың нәтижесі облыстық деңгейде әзірленетін сайлауалды бағдарламаның мазмұнын толықтыруға, қаладағы өзекті мәселелерді өңірлік деңгейде көтеруге және оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты аталған мәселелерді өңірлік бағдарлама жобасында қарастыру үшін тиісті ұсыныстар әзірлеу көзделіп отыр. Бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында жастарды жұмыспен қамту, олардың бастамаларына қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру мәселелері де қозғалды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де қала тұрғындары үшін маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл жағдай баспанаға деген сұранысты және оны кезең-кезеңімен қанағаттандырудың тиімді тетіктерін қарастыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейту, тұрғын үй құрылысын және қолжетімді баспана тетіктерін дамыту мәселелерін өңірлік бағдарлама жобасына енгізу ұсынылады, – деді Нариман Бөлдешұлы.
Жиында «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, конференция делегаты әрі мандат комиссиясының төрағасы Гүлжамал Саменова, Жібек жолы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асан Үсенбайұлы сөз сөйледі. Сонымен қатар конференция делегаты, партия қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Маржан Тынбаеваға «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылатын кандидаттарды таныстыру үшін сөз берілді.
Сондай-ақ басқосуда Жамбыл облысы бойынша «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасына ұсыныстар енгізу және сайлаушылардың аманаттарын жинақтау, партияның Тараз қалалық филиалы атынан бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидаттар ұсыну, сондай-ақ «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс III конференциясына делегаттар сайлау мәселелері конференция қатысушыларының қарауына ұсынылды.