Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Ең әуелі қала әкімі Республика күніне орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экология- лық акциясы аясында «Қызылабад» алабында өткен ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Бүгінде Жібек жолы ауданында өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, тарихи дәстүрді жаңғыртуға бағытталған «Жібек жібін өндіру» жобасы қолға алынған. Аталған бастаманы қолдаған қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы «Қызылабад» тұрғын алабына 10 мың түп тұт ағашын отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатпен белгіленген аумаққа 2 мың түп тұт ағашы егілді.
Бұл тұрғыда дәл тұт ағашының таңдалуы тегін емес. Себебі ол – жібек өндірісінің негізгі шикізаты саналатын жібек құртының қорегі. Осылайша ағаш отырғызу жұмыстары экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, алдағы уақытта жергілікті өндірісті дамытуға да негіз болмақ.
Жалпы, Тараз қаласында жасыл желек көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары шаһар аумағында 65 мың түп ағаш отырғызылды. Ал ағымдағы жылы «Қызылабад» алабына 10 мың түп түрлі ағаш көшеті егілді. Күзгі маусымда тағы 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.
Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» шағынау- данына аялдап, сенбілік жұмыстары жүргізілген аумақтарды аралады. Шаһар басшысы сенбілік барысында тазалықты сақтау тек коммуналдық мекемелердің ғана міндеті емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін жеткізді.
– Қала тазалығына атсалысу – баршамызға ортақ іс. Әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастауы керек. Сонда қаламыз да көркейе түседі. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындардың арасында әлі де тазалық мәдениеті қалыптаспай отыр. Сондықтан аудан әкімдері мен округ инспекторлары осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, тазалық шарасына 1 мыңға жуық адам қатысып, 14 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде аумақтан шамамен 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы Абай даңғылындағы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысының барысымен танысты. Шаһар аумағының кеңеюі, халық санының артуы және көлік құралдары ағымының көбеюі жол инфрақұрылымын дамытуға, көлік қатынасын тиімді ұйымдастыруға деген қажеттілікті арттырып отыр. Осыған байланысты шаһардағы көлік қозғалысын оңтайландыру, негізгі көшелердегі кептеліс пен жол жүктемесін азайту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Абай даңғылы бойындағы теміржол үстінен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл жоба – шаһардың көлік инф- рақұрылымын жаңғыртудағы маңызды бастамалардың бірі. Көпір пайдалануға берілгеннен кейін Абай даңғылы арқылы қатынайтын автокөліктердің қозғалысы жеңілдеп, теміржол өткеліне байланысты туындайтын көлік кідірістерінің алдын алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар қаланың әр бөлігін байланыстыратын көлік қатынасы жақсарып, тұрғындардың діттеген жеріне кедергісіз әрі қауіпсіз жетуіне жағдай жасалады. Жоба аясында қарастырылған жаяу жүргіншілер өткелі де азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құрылыс барысын көрген шаһар басшысы көпірдің қала үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Әсіресе құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын, жұмыс қарқынының бәсеңдемеуін және тұрғындардың күнделікті тіршілігіне барынша қолайлы жағдай жасалуын тапсырды.