Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Абаттандыру қағидаларының орындалуы бақылауда

0

2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға қатысты жаңа үлгілік қағидалар қолданысқа енгізілді. Құжатта тұрғындардан бастап, кәсіпкерлер мен құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдарға дейінгі барлық тараптың міндеттері айқындалған. Әулиеата ауданында да жаңа талаптардың орындалуы жіті назарға алынып, санитарлық тазалық пен абаттандыру ережелерін бұзу деректері бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Қаланың көркі, ең алдымен, оның тазалығынан, көшелерінің ұқыптылығынан, тұрғындар мен кәсіпкерлердің ортақ кеңістікке деген жауапкершілігінен көрінеді. Алайда қоғамдық орындарды таза ұстау – әрбір тұрғынның, кәсіпкердің және қала аумағында қызмет атқаратын ұйымның ортақ міндеті.
Осы бағыттағы талаптарды нақтылау мақсатымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларының» жаңа редакциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
– Жаңа талаптар елді мекендерде санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстауға, жасыл желектерді қорғауға және абаттандыру нысандарының сақталуына бағытталған. Құжатта жеке тұрғын үй иелерінің міндеттері, іргелес аумақтарды таза ұстау, құрылыс алаңдарын ретке келтіру және қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәселелеріне ерекше мән берілген. Атап айтқанда, жеке тұрғын үй иелері өздеріне тиесілі аумақты және белгіленген талаптарға сәйкес іргелес жерлерді таза ұстауға міндетті. Ортақ пайдаланылатын орындарға қоқыс тас- тауға, абаттандыру нысандарын бүлдіруге және көгалдарға көлік қоюға жол берілмейді. Қоқыс тастаған тұлға оны өз есебінен жинап, қажет болған жағдайда бүлінген нысанды қалпына келтіруге тиіс.
Бұл талаптар кәсіпкерлік нысандарға да қатысты. Сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарының айналасына пайдаланылған заттарды, құрылыс материалдарын немесе басқа да қалдықтарды ретсіз жинап қою қоғамдық кеңістіктің тазалығына кері әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлер өз нысандарының айналасын таза ұстап, белгіленген абаттандыру қағидаларын сақтауы қажет.
Құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдарға да бірқатар талап қойылады. Жұмыс алаңдары қоршалып, таза ұсталуы, құрылыс материалдары мен қалдықтары белгіленген тәртіппен орналастырылуы керек. Жұмыс барысында жол жабынына, арық жүйелеріне және өзге де абаттандыру элементтеріне зиян келтіруге жол берілмеуге тиіс.
Осыған дейін Әулиеата ауданында тұрғындар мен кәсіпкерлік нысан иелері арасында жаңа қағида талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта талаптардың орындалуын бақылау күшейтіліп, аудан аумағында анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдануда, – дейді №5 округтік бөлініс бойынша аудан әкімінің бас инспекторы Сағындық Үсіпбеков.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне 729-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 505-бабымен әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға жергілікті атқарушы органдарға да құқығы берілді. Осыған орай аудан әкімдігі аумақтық инспекторларға арнайы планшеттер алып берген.
Бас инспекторлар да абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға ескертулер беруде. Атап айтқанда, аудан аумағын округ инспекторларымен бірлесіп зерделеу барысында «Мыңбұлақ» шағынауданындағы №31 үйдің ауласында заңсыз сауда жасау фактісі анықталған. Осыған байланысты жеке тұлғаға Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 204-бабы бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салыныпты.
Сондай-ақ Ы.Сүлейменов көшесі, №85 және Е.Ниетқалиев көшесі, №102/1 мекенжайларында желімдеу- вулканизация нысанының айналасына пайдаланылған автокөлік дөңгелектерінің көше бойына жиналғаны анықталған. Аталған деректер бойынша жауапты тұлғаларға ескерту берілген. Бұдан бөлек, Б.Римова көшесі, №18 мекенжайында абаттандыру қағидаларын бұзу, арық жүйесін бүлдіру және асфальт бетін лайлау фактілері тіркелген. Осыған байланысты тиісті ескерту жасалды.
Абай даңғылы бойында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге де аумақта санитарлық тазалық талаптарын сақтамағаны үшін ескерту берілді. Аталған жағдайлар абаттандыру қағидаларының сақталуын тұрақты бақылаудың маңызын көрсетеді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.