Адам өмірінде өзгеге қол ұшын созып, қиын сәтте жанынан табылудың мәні ерекше. Біреуге көрсетілген кішкентай ғана қамқорлықтың өзі үлкен үмітке айналып, жүрекке жылулық ұялатуы мүмкін. Ал сол ізгілікті күнделікті міндетіне айналдырып, тағдырдың түрлі сынағына тап болған жандарға қолдау көрсетуді өмірлік ұстаным еткен мамандық иелерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Әсіресе қоғамның ерекше назарын қажет ететін балалар мен ересек азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету – кәсіби біліктілікпен қатар, сабырлықты, сезімталдықты, адам жанын түсіне білуді талап ететін жауапты қызмет. Әлеуметтік қызмет көрсету саласының кәсіби мерекесі қарсаңында біз осындай ізгі істің басы-қасында жүрген мамандардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың күнделікті еңбегінің қыр-сырына үңілдік.
Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына қарасты бөлімшенің жұмысымен танысу мақсатымен балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған №3 бөлімше меңгерушісі Шынар Алибаевамен тілдестік. Бөлімше мамандары мен әлеуметтік қызметкерлері мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын үйрету, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсету және қоғамға бейімдеу жұмыстарымен айналысады.
Қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – көмекке мұқтаж азаматтардың қаншалықты қолдау көріп отырғаны. Өйткені әрбір адамның өмірлік жағдайы, қажеттілігі мен мүмкіндігі әртүрлі. Бірі күнделікті тұрмыста жәрдемге мұқтаж болса, енді бірі әлеуметтік ортаға бейімделуді, өзіне деген сенімді нығайтуды қажет етеді. Осындай кезде әлеуметтік қызметкердің рөлі арта түседі. Ол – көмек көрсетуші маман ғана емес, кейде сыр- ласатын жан, кейде бағыт-бағдар беруші кеңесші, ал кей жағдайда адамның өміріне сенім ұялататын тірек.
– Бүгінде орталықта жалпы саны 640 қызмет алушыға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл – ауқымды жұмысты, жүйелі ұйымдастыруды және әрбір азаматтың қажеттілігіне сай қызмет көрсетуді талап ететін көрсеткіш. Орталық құрамында жеті бөлімше жұмыс істейді. Оның ішінде үшеуі – «Қарттар мен мүгедектерге үй жағдайында әлеу- меттік көмек көрсету» бөлімшелері. Ал қалған төртеуі – «Балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде көмек көрсету» бөлімшелері.
Әр бөлімшенің өзіне тән міндеттері мен жұмыс бағыттары болғанымен, олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – әлеуметтік қолдауды қажет ететін, азаматтардың өмір сапасын жақсарту, күнделікті тіршілігін жеңілдету және қоғамдағы орнын нығайтуға ықпал ету.
Біздің бөлімшеде 85 қызмет алушыға 14 әлеуметтік қызметкер бекітілген. Әр маманға орта есеппен алты бала жүктелген. Бір қарағанда бұл сандық көрсеткіштер ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда әр санның артында жеке тағдыр, өзіндік қажеттілік, отбасылық жағдай және маманның көмегіне деген үміт бар екенін ескерсек, атқарылып отырған жұмыстың салмағын тереңірек түсінуге болады.
Әлеуметтік қызметкердің жұмыс күні нақты жоспар мен белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылады. Мамандар таңғы сағат 9:00-ден 11:00-ге дейін ұжым болып бас қосып, күнделікті атқарылған жұмыстар туралы есеп береді, орындалған міндеттерді саралап, алдағы жұмыс барысын пысықтайды. Бұл уақыт – тек есеп беру кезеңі емес, сонымен қатар тәжірибе бөлісіп, өзара пікір алмасуға, жұмыс барысында кездескен мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін маңызды басқосу. Әріптестердің өзара қолдауы мен ортақ шешім қабылдауы әлеуметтік қызметтің сапасын арттыруда айрықша рөл атқарады.
Ал сағат 11:00-ден бастап мамандар қызмет алушылардың үйлеріне барып, өз міндеттерін тікелей жүзеге асырады. Бір әлеуметтік қызметкер бір күнде үш балаға барып, оларға қажетті көмекті көрсетеді. Үй жағдайында қызмет көрсету маманнан ерекше ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі қызмет алушының өз ортасында жұмыс істеу оның күнделікті тіршілігімен, отбасылық жағдайымен және жеке қажеттіліктерімен етене танысуға мүмкіндік береді. Мұндай қызметтің ерекшелігі де осында. Көмек адамның жағдайына қарай бейімделіп, әрбір жанның жеке ерекшелігі ескерілуі керек.
Әлеуметтік қызметкер үшін әрбір кездесудің өзіндік маңызы бар. Бір үйге барған кезде маман нақты тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектессе, келесі жағдайда қызмет алушының көңіл күйіне назар аударып, оған рухани демеу көрсетуі мүмкін. Сондықтан бұл саладағы жұмысты тек қызмет түрлерінің тізімімен немесе орындалған міндеттердің санымен бағалау жеткіліксіз. Оның шынайы нәтижесі адамның өзін қаншалықты қолдаулы сезінетінінен, күнделікті өмірінде қандай өзгерістер болғанынан және маманмен қарым-қатынасының сенімге негізделуінен көрінеді, – дейді Шынар Ерсайынқызы.
Балалармен жұмыс істеудің де өзіндік ерекшелігі бар. Әр баланың мінезі, қабылдауы, қызығушылығы мен қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, маман олардың әрқайсысына жеке көзқарас танытуға тиіс. Баланың сеніміне кіру, оның көңіл күйін түсіну, мүмкіндіктерін ескеру және қолайлы қарым-қатынас орнату – бір күнде қалыптаса салатын дағды емес. Мұның барлығы тәжірибе, төзім және үздіксіз ізденіс арқылы дамиды. 18 жастан асқан қызмет алушылармен жұмыс барысында да адамның дербестігін құрметтеу, жеке қажеттіліктерін ескеру және әлеуметтік қолдаудың тиімді жолдарын қарастыру маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік қызметкердің кәсіби шеберлігі оның атқарған жұмысының көлемімен ғана өлшенбейді. Маманның адамдармен тіл табыса білуі, күрделі жағдайларда сабыр сақтауы, қызмет алушының құқығы мен мүддесін ескеруі де маңыз- ды. Өйткені әлеуметтік салада әрбір шешімнің артында адамның көңілі мен тағдыры тұрады. Ал мұндай жауапкершілікті сезіну – кәсібіне адал маманға тән қасиет.
– Сапалы қызмет көрсетудің негізі – білікті маман. Сондықтан әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби білімін жетілдіру, құқықтық сауаттылығын арттыру және тәжірибесін толықтыру мәселесіне де ерекше мән беріледі. Бізде аптасына бір рет шығармашылық сағат өткізіледі. Мұндай кездесулер қызметкерлердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ой бөлісуіне, өзара қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік береді. Шығармашылық сағаттың тағы бір маңызы – күнделікті жауапты жұмыстың арасында мамандардың жаңа қырларын ашып, ұжымдық рухты қалыптастыруға ықпал етуінде.
Сонымен бірге қызметкерлер әлеуметтік кодекс пен әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарының талаптарын, белгіленген қағидаларды меңгеріп, кәсіби білімдерін үнемі толықтырып отырады. Әлеуметтік салада заңнамалық талаптарды білу – жай ғана теория- лық білім емес, күнделікті қызметтің маңызды бөлігі. Өйткені әрбір азаматқа көрсетілетін көмек оның құқықтары мен заңды мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылуы керек. Ал стандарттарды жетік меңгеру мамандарға өз міндеттерін дұрыс ұйымдастырып, қыз- мет көрсету сапасын бірізді ұстануға мүмкіндік береді.
Қазіргі қоғамда әлеуметтік қызмет көрсету саласының міндеттері де күрделене түсуде. Азаматтардың қажеттіліктері өзгеріп, әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері мен тиімді тетіктеріне сұраныс артып келеді. Мұндай жағдайда маманның бір ғана тәжірибеге сүйеніп қалмай, жаңашылдықтарға бейімделуі маңызды. Осы мақсатта бөлімшеде айына бір рет түрлі сала өкілдерімен тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдас- тырылады. Атап айтқанда, емхана мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен нотариустар шақырылып, өз салаларына қатысты мәселелер мен жаңалықтар жөнінде түсіндіру жұмыс- тарын жүргізеді.
Мұндай кездесулердің берері мол. Денсаулық сақтау мамандарымен байланыс әлеуметтік қызметкерлердің медициналық мәселелерге қатысты сауаттылығын арттыруға септігін тигізсе, құқық қорғау органдары өкілдерімен және нотариустармен жүздесу азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты мәселелерді тереңірек түсінуге жол ашады. Әлеуметтік қызметкер күнделікті жұмысында түрлі жағдайларға тап болатындықтан, өзге салалардың мамандарымен байланыс орнату оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар осындай тәжірибе алмасу кездесулері қызмет алушыларға қажетті бағыт-бағдар беріп, олардың мәселелерін шешудің тиімді жолдарын қарастыруға көмектеседі.
Шын мәнінде, әлеуметтік қызмет көрсету – бірнеше саланың тоғысқан тұсында жүзеге асатын жұмыс. Мұнда адамның денсаулығы, әлеуметтік жағдайы, құқықтық сауаттылығы мен қоғамға бейімделуі бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан мамандардың жан-жақты білімді болуы, ақпаратты дұрыс түсініп, оны қызмет алушының игілігіне жарата білуі аса маңызды. Үнемі үйрену мен тәжірибе жинақтау – саланың ажырамас бөлігі, – дейді бөлімше меңгерушісі Шынар Алибаева.
Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі туралы сөз қозғағанда олардың еңбек жағдайы мен материалдық қолдау мәселесін де айналып өту мүмкін емес. Өйткені қоғамға қызмет ететін мамандардың еңбегі лайықты бағалануы керек. Бөлімше меңгерушісі Шынар Ерсайынқызының мәліметінше, әлеуметтік салаға жаңадан келген маманның айлық жалақысы шамамен 180 мың теңгеден басталады. Ал еңбек өтілі мен біліктілік санаты бар қызметкерлердің жалақысы 280 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл көрсеткіштер маманның тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің еңбек жағдайындағы маңызын аңғартады. Сонымен қатар ай сайын жол жүру ақылары да төленеді екен.
– Әлеуметтік қызметкердің еңбегі оңай емес. Бір күнде бірнеше қызмет алушыға бару, әрқайсысының қажеттілігін ескеру, атқарылған жұмысты есепке алу, кәсіби білімді үнемі жетілдіру – мұның барлығы уақыт пен күшті талап етеді. Оның үстіне маманның жұмысы адамдармен тікелей қарым-қатынасқа негізделгендіктен, әрдайым сабыр- лы болып, түсіністік танытуы қажет. Осындай жауапкершілігі мол қызметте еңбек ететін мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау, еңбегін әділ бағалау және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – саланың тұрақты дамуы үшін маңызды.
Әлеуметтік қызметкер үшін адамның алғысы мен сенімі де еңбегінің маңызды нәтижелерінің бірі. Себебі көрсетілген көмектің шынайы мәні сол көмекті алған адамның өміріне тигізген оң әсерінен көрінеді. Мамандар өздерінің қызмет алушыларының жетістігін көрген кезде еңбектерінің зая кетпегенімен мақтанады. Бізде Стэлла Хаджаниди есімді қыз болды. Оны қызметкерлер бассейнге жазып, «Тараз-Арена» спорт кешеніне апарып жүрді. Сол қызымыз қазір әлемді аралап жүр. Барған елінен жүлдесіз қайтпайды. Жүзуден чемпион болып жүргені – біз үшін мақтаныш. Сол секілді 1,5 жасар қызмет алушы баланың 1-2 минут аяқта тұруы – біздің қызметкерлеріміз үшін үлкен жеңіс.
Бүгінде қоғамда әлеуметтік қызметкерлердің атқаратын рөлі артып келеді. Халықтың осал топтарына қолдау көрсету, әлеуметтік тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, көмекке мұқтаж азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы міндеттерді жүзеге асыруда тікелей халықпен жұмыс істейтін мамандардың орны ерекше. Олар әлеуметтік қолдаудың қағаз жүзіндегі міндет болып қалмай, адамның күнделікті өмірінде нақты сезілуіне үлес қосады, – дейді бөлімше меңгерушісі.
Әлеуметтік қызмет көрсету саласының кәсіби мерекесі – осы жауапты жолды таңдаған мамандардың еңбегіне құрмет білдіретін ерекше кезең. Бұл – күн сайын өзгенің жағдайын өз міндетінің өзегіне айналдырып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалайтын сәт. Олардың жұмысы қоғамға мейірімнің, өзара көмектің және адамға деген құрметтің қаншалықты қажет екенін ұғындырады.
Мейірімге негізделген мамандықты таңдаған жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені өзгенің өміріне жылылық сыйлау үшін кейде ерекше мүмкіндік емес, шынайы ықылас, сабыр мен адалдық қажет. Сол қасиет- терді күн сайынғы жұмысына арқау етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлер қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Олардың әрбір игі ісі – адамға деген құрметтің, кәсіби адалдықтың және жүрек жылуының көрінісі. Сондықтан әлеу- меттік қызметкердің еңбегін бағалау бір мамандық иесіне ғана құрмет көрсету емес, тұтас қоғамның адамгершілік құндылықтарына құрмет білдіру деп білу керек.
Арайлым ШАБДЕНОВА