Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың рухани дамуы мен өскелең ұрпақтың білімін арттыруда кітап оқудың маңызы зор екенін үнемі айтып келеді. Осы орайда елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынған болатын.
Аталған бастама аясында Тараз қаласындағы №69 мектепте шаһардағы білім мекемелері арасында оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, әдеби шығармалар арқылы ой-өрісін кеңейтіп, білімге құштарлығын қалыптастыру мақсатымен «12 ай – 12 кітап» атты интеллектуалдық сайыс өтті.
Сайыс барысында оқушылар бір ай бойы оқыған шығармалары бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беріп, өзара білімдерін сынады. Атап айтқанда, Төкен Оразовтың «Қаныштың жастық шағы», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер: Алмас қылыш» тарихи романы, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі, Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Малала Юсуфзайдың «Мен – Малаламын», Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», Оралхан Бөкейдің «Мұзтау», Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаттары», Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» және Дж.Р.Толкиннің «Сақиналар әміршісі: Сақина бауырластығы» шығармалары бойынша сұрақтар қойылды.
Шара соңында ойынға қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың ізденісі мен білімге деген құштарлығына қолдау көрсетілді.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ