Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Тиісті шешім комиссияның алғашқы отырысында қабылданды. Кезектен тыс сайлау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 қазанда қол қойған «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылады.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну мен өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша – тыныштық күні.
Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиялары тиісті әкімнің, учаскелік сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудің басталу және аяқталу уақытын өзгеше белгілеуге құқылы. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары бес күндік мерзімде жарияланады.
Осы ретте мәслихат депутаттарының сайлауы аралас сайлау жүйесі негізінде өтеді. Бұл жүйеге сәйкес сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады. Осыған байланысты кандидаттар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну тәртібімен де ұсыныла алады.
«JT»-ақпарат