Тараз қаласында қоғамдық және ұлтаралық келісімді сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда шаһар аумағында 53 этнос пен этникалық топтың өкілдері бар. Статистикалық мәліметке сәйкес, 490 мыңнан астам қала тұрғынының 30 пайызы немесе 150 мыңға жуығы – өзге этнос өкілдері. Сонымен қатар көне шаһарда 26 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Жоғарыда атап өткендей, елдегі тату-тәтті тіршіліктің негізі ұлттар мен ұлыстар арасындағы түсіністікке тікелей байланысты. Осыған орай облыс орталығында этносаралық қатынастар саласында қалалық ақпараттық-түсіндіру топтарының, этносаралық ахуалдың тұрақтылығына ықпал ете алатын қоғамдық пікір көшбасшыларының құрамы бекітіліп, оның ішіне 24 этномәдени бірлестіктің өкілдері енгізілген.
Биыл қала аумағында этнос- аралық келісім мен бірлікті, өңірдегі тұрақтылықты сақтауға және этносаралық қақтығыстардың алдын алуға бағытталған 103 шара ұйымдастырылып, оған 8 мыңға жуық адам қамтылды. Айталық, 28 сәуір күні қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалды тұрақтандыру мақсатымен қала әкімдігі мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған «Тұрақты қоғам қалыптастыру: көзқарастар мен шешімдер» тақырыбында семинар өткізіліп, оған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-спикерлері қатысты.
Сондай-ақ шетелдік азаматтар жұмысқа тартылған мекеме өкілдерінің қатысуымен құқықбұзушылық фактілерінің алдын алу бойынша жиналыс өткізіліп, қалалық прокуратура, Жамбыл облысы көші-қон қызметі басқармасының өкілдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының талаптары түсіндірілді. Дәл осындай жиын шетел азаматтары білім алатын жоғары және арнаулы оқу орындары басшыларының қатысуымен де ұйымдастырылды.
Ал 29 қыркүйек күні Ш.Мұртаза атындағы №30 гимназияда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұ.Сламбекованың төрағалығымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған жиын өтті. Басқосуға мектеп, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Өткен жылы қала аумағына Жамбыл және Байзақ аудандарынан 14 елді мекен қосылған болатын. Олардың 7-еуінде этнос өкілдері тығыз орналасқан.
Осыған орай, бекітілген жоспарға сәйкес, «Жалпақтөбе», «Сұлутөр» және «Ақбұлым» алаптарында этнос өкілдері және белсенді ақсақалдардың қатысуымен этносаралық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған 11 іс-шара ұйымдас- тырылып, оған 5 мыңға жуық адам қамтылды.
Сонымен қатар «Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» жобасы бойынша «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі жұмыс жүргізуде. Жоспар бойынша 17 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып, бүгінгі күні 10 іс-шара өткізілді. Олардың қатарында «Қала тарихын бірге ашайық» Kahoot платформасындағы интерактивті зияткерлік ойын, «Достық дастарханы» ұлттық тағамдар конкурсы, «Дәстүрлер үндестігі» отбасылық фестивалі, «Dastur IQ» интеллектуалды квизі, «Жыр алыбы – Жамбыл» атты поэзия кеші, «Этношеру» мәдени-шығармашылық шарасы, «Acoustic Unity» жанды әуен кеші, «Ертегі әлеміне саяхат» шарасы, «Kino Time» қазақ тіліндегі кино арқылы мәдени диалог орнату шарасы мен «Qazaqsha VIBE» қазақ тіліндегі үстел ойындары бар.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Осыған орай «Jambyl», «77ТВ», «Taraz24» телеарналарында 21 сюжет көрсетіліп, әлеуметтік желілерде 67 пост, ақпарат агенттіктерінде 18 материал жарияланды. Сонымен қатар «Jambyl-Taraz», «Aq jol», «Знамя труда», «ARAI» газеттерінде 29 мақала жарық көріп, қаланың орталық көшелеріне 6х3 метр өлшемдегі 10 баннер орналастырылды.
Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы