Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Берекелі отбасы – берік қоғам

0

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Отбасының берекесі мен бірлігі өзара сыйластықтан, түсіністіктен, мейірім мен қамқорлықтан басталады. Осы асыл құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіріп, шаңырақтың қадір-қасиетін дәріптеу мақсатында Тараз қалалық Ардагерлер кеңесі мен «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының ұйымдас- тыруымен Республика күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде тағылымды кеш өтті.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев шараның маңыздылығына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін біз бір шаңырақтың үш кезеңін, үш буынның өнегелі өмір жолын көріп отырмыз. Бірі – жарты ғасырлық ғұмырды бірге өткеріп, «Алтын тойға» жеткен ақ жаулықты әже мен ақсақалды ата болса, енді бірі – ширек ғасыр бойы бір-біріне сүйеу болып, шаңырақтың шаттығын бірге бөліскен «Күміс той» иелері. Ал жас жұбайлар ақ бата мен ізгі тілектің арқасында отбасылық өмірге қадам басып отыр. Мұның бәрі – ұрпаққа үлгі, кейінгі буынға өнеге. Халқымызда «Бір жас- тықта қартайыңдар» деген әдемі тілек бар. Ендеше, бүгінгі кешке қатысып отырған баршаңызға отбасыларыңыз берекенің бесігінде тербеліп, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын дегім келеді.
Осындай тағылымды кештердің берері мол. Өйткені мұнда тек мерейтой иелерінің қуанышы ғана емес, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, үлкеннің өнегесін көрсету, жастарға өмірлік сабақ беру сынды маңызды мән жатыр. Қуаныш пен қиындықты бірге өткерген жандардың өмір жолы – жас отбасылар үшін үлкен мектеп, – деді Еркінбек Бейсенбекұлы.
Шара барысында «Алтын той» иелері Аманқұл Ысқақов пен Күлзиба Ысқақова бірге өткізген жарты ғасырлық ғұмырларынан сыр шертіп, отбасылық өмірдің өнегелі жолымен бөлісті. Ал «Күміс той» иелері Саят Төлепбергенов пен Ботагөз Сейдалиева ширек ғасыр бойы бірге еңсерген өмір белестері туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ АХАТ бөлімінің бас маманы Раушан Рахишова «Жас отау» иелері Бақдәулет Қожатаев пен Айткүл Қызайбекованың некесін тіркеп, жас жұбайларға некелерін растайтын алғашқы құжаттарын табыстады.
Шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.