Цифрлық дәуірдегі кітапхана: рухани мұра мен заманауи технология тоғысы

Қазіргі қоғамда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, білім мен мәдениет саласына жаңа мүмкіндіктер әкелуде. Бұл өзгерістер кітапхана қызметін де жаңа форматта ұйымдастыруға жол ашты. Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, оқырманға қажетті ақпарат ұсынып, рухани мұраны цифрлық форматта қолжетімді ететін заманауи білім орталығына айналып келеді.

Осы бағытта Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мекеме мамандары кітап қорын цифрландыру, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын электронды форматқа көшіру және өңір тарихына қатысты құнды деректерді сақтау бағытында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.

Солардың қатарында «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», «Жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын цифрландыру», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары бар.

Мәселен, «Шоқан асулары» жобасы аясында 47 кітап цифрландырылған. Сонымен қатар кітапхана жергілікті 86 ақын-жазушымен авторлық келісімшарт жасасып, олардың шығармаларын электронды форматқа көшірді. Нәтижесінде 220 кітаптың электронды нұсқасы кітапхананың ресми сайтына орналастырылды. Бұл оқырмандарға өңір қаламгерлерінің туындыларын кітапханаға арнайы бармай-ақ, қашықтан оқуға мүмкіндік береді.

Өлке тарихын жүйелеуге бағытталған жобалардың да маңызы зор. «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында газет беттерінде жарияланған түрлі тақырыптағы 1980 мақаланың электронды нұсқасы дерекқорға енгізілген. Ал «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы бойынша 22 017 газет нөмірінің электронды нұсқасы жинақталған. Бұл бастамалар өңірдің қоғамдық, мәдени және әлеуметтік өміріне қатысты ақпараттарды сақтауға, зерттеушілер мен оқырмандарға тарихи деректерді қолжетімді етуге бағытталған.

Кітапхана қызметін цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – «Aulieata library» («Әулиеата кітапханасы») мобильді қосымшасы. 2025 жылдың басынан бері оқырман игілігіне ұсынылған қосымша арқылы пайдаланушылар электронды кітаптарды смартфоннан оқи алады. Қазіргі таңда қосымшаға 382 кітаптың электронды нұсқасы енгізілген.

Қосымшада оқырманға ыңғайлы бірнеше функция қарастырылған. Атап айтқанда, «Менің кітапханам», «Тіл», «Көрсету режимі» және «Бөлісу» бөлімдері пайдаланушының қажеттілігіне қарай қызмет етеді. Бұдан бөлек, оқырмандар оқыған кітаптарына пікір қалдырып, бағалай алады. Осылайша мобильді қосымша кітап оқуды жеңілдетіп қана қоймай, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етеді.

Цифрлық технологиялардың дамуы кітапханашылардың жұмыс мазмұнын да өзгертті. Қазіргі маманның міндеті кітап берумен шектелмейді. Ол оқырманға қажетті ақпаратты іздеуге, сенімді дереккөздерді таңдауға және мәліметтерді тиімді пайдалануға көмектеседі. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы кітапхана жаңалықтары мен жаңа жобаларды таныстырып, оқырманмен байланысты нығайтуға үлес қосады.

Кітапханаларда дәстүрлі қызмет түрлерімен қатар, мәдени-ағартушылық іс-шараларға да ерекше мән берілуде. Кітап көрмелері, әдеби кештер, жазушылармен кездесулер, оқырман клубтары мен әдеби пікірталастар келушілердің қызығушылығын арттырады. Ал коворкинг және шығармашылық алаңдар жастардың білім алуына, өзара пікір алмасуына және жаңа идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Бүгінде кітапхана жұмысының жаңашылдығы тек заманауи технологияларды енгізумен өлшенбейді. Оның басты мақсаты – оқырман сұранысына бейімделіп, білім мен ақпаратты барынша қолжетімді ету. Құнды басылымдарды сақтау, тарихи деректерді цифрландыру, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын кеңінен насихаттау және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру – осы бағыттағы маңызды міндеттер.

Осылайша, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған кітапхана қоғамның рухани дамуына қызмет ететін маңызды орталық ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Ал цифрлық мүмкіндіктер құнды мұраны сақтап қана қоймай, оны келер ұрпаққа жаңа форматта жеткізуге жол ашады.

Comments (0)
Add Comment